Құюдың арнайы түрлері Металды қалып қоспасынан жасаған қалыптарға қайта құю арқылы құйма алу жолының көптеген кемшіліктері бар. Олар мыналар: қалып бір рет пайдаланғаннан кейін бұзылады, құйылған құйманың сапасы төмендеп, бүйір бетінің тазалығы нашарлайды, сондықтан механикалық өңдеу үшін көптеген запас қалдыру керек болады. Осы кемшіліктерді азайту және жою мақсатымен құю өндірісінде соңғы кезде құюдың мына төмендегідей ерекше әдістері қолданылып жүр:
металл қалыпқа құю (кокильді құю),
қысыммен құю,
центрден тепкіш машинамен құю,
балқығыш үлгілер бойынша құю,
қабықты қалыптарға құю т.б.
Металл қалыпқа құю. Құю өндірісінің бұл әдісінде балқытылған металл ішкі кеңістігінің түрі құйылатын құйманың сыртқы бетінің түріне ұқсас, кокиль деп аталатын, металдан жасалған қалыпқа құйылады (4.1-сурет). Металл қалып шойын, болат немесе түсті металдар мен олардың құймаларынан жасалуы мүмкін. Металл қалыптар оның материалының түріне байланысты 20-дан 500 ретке дейін құйма құюға жарайды. Бұл қалыптарға құйылған құйма үлкен жылдамдықпен суынатын болғандықтан, құйманың структурасы майдаланып, механикалық қасиеттері артады.
Кокильді құю әдісінің мынадай артықшылықтары бар:
еңбек өнімділігінің жоғары болуы;
құйма өлшемдерінің дәлдігі жоғары болғандықтан, механикалық өңдеуге қалдыратын запасы мөлшерінің аз болуы;
құйманың суыну жылдамдығы жоғары болғандықтан, оның сапасының артық болуы;
құю жүйесіне жұмсалатын металл шығынының аз болуы;
қалып, өзекше қоспалары мен оларды дайындайтын машиналарды керек етпейтіндігі;
қалыптың құйманың бетіне күйіп жабысуы, құйманың металл емес заттармен былғануы азаятындығы;
құйылған құйманың өзіндік құнының арзан болуы;
құю өндірісінің тазалығын арттыруға мүмкіндік беретіндігі.
Металл қалыптарға құю әдісінің негізгі кемшілігі- қалыптың бағасының қымбаттығы мен шойыннан құйылған құйманың ағарып кететіндігі.
7.1-сурет. Металл қалып: 1-орталық өзек, 2-итергіш.