Ұсынылатын әдебиеттер:
Сейітов З.С., Бейсебеков М.Қ. Физикалық және коллоидтық химия. –Алматы, 1993.
Болдырев А.И. Физическая и коллоидная химия.–М.:«Высшая школа», 1983.
Қайырханов Қ.К. Жануарлар биохимиясы. –Алматы:«Ана тілі», 1993.
Сеитов З.С. Биохимия.– Алматы: «Қазақ университеті», 2001
Дәріс 13
Организмдегі метаболизмнің реттелуі
Метаболизмге кіріспе
Тірі организм дегеніміз - белгілі құрылымы бар биологиялық жүйе. Тірі организмде үзіліссіз зат алмасу жүріп жатады. Зат алмасу - организмде жүріп жататын барлық химиялық процестердің жиынтығы. Организмге қоректі заттардың енуі, ас қорыту ферменттерінің әсерінен олардың қарапайым заттарға ыдырауы, түзілген қосылыстардың қанға сіңуі, қанмен ұлпаларға, мүшелерге тасымалдануы, олардан клетка компоненттерінің және биомолекулалардың синтезделінуі, тотығып энергия бөлінуі және организмнен соңғы өнімдердің сыртқа шығуы.
Организмдегі зат алмасу тіршіліктің негізгі белгісі болып табылады. Тірі организм зат алмасудың нәтижесінде пайда болып жарыққа шығады, тіршілік етеді, өсіп жетіледі және өледі.
Организмдегі зат алмасу (метаболизм) өзара тығыз байланысты екі процестен - катаболизм мен анаболизмнен құралады.
Катаболизм (гректің каtа - төмен, ballen - тастау деген сөздерінен шыққан) дегеніміз күрделі органикалық қосылыстардың ыдырап, қарапайым молекулаларға айналуы. Азық-түлік, жем-шөп арқылы организмге енген және ұлпалар мен мүшелерге барған белоктар, липидтер, көмірсулар бірқатар катаболиздік реакциялар нәтижесінде ыдырап, ақырғы өнімдерге (СО2, Н2О, NН3) айналады да, сыртқа бөлініп шығады. Катаболиздік реакциялар кезінде органикалық молекулалардан бос энергия бөлініп шығады және бұлар АТФ молекуласында, басқа да нуклеотидтерде жиналады. Жиналған осы энергия тірі организмнің тіршілік әрекетін іске асыру үшін жұмсалады.
Достарыңызбен бөлісу: |