Өсімдіктер клеткасының құрылысының негізгі ерекшеліктері. Ұлпалар. Цитология (клетка туралы ғылым). Цитология - клетканың микроскопиялық және субмикрос-копиялық структурасы және тіршілік әрекеті жөніндегі ғылым.
Цитологияның тарихы жөніндегі қысқаша деректер. Алғашқы рет клетканы бузинаның жабындық ұлпасын тозды зерттеу барысында ағылшын жаратылыс зерттеушісі Р. Гук көрген. Ол 1609 ж. Г. Галилей ойлап тапқан микроскопты жетілдіріп, оны өсімдіктердің органдарының жұқа кесінділерін зерттеуге пайдаланған. Өзінің зерттеулерінің нәтижесін Р.Гук 1965 ж. жарық көрген “Микрография” деген шығармасында толық баяндаған және осы еңбегінде ол алғашқы рет “клетка” деген ұғымды қолданған. Тоз қабаты тек қабықшалары ғана болатын, өлі клеткалардан тұратын болғандықтан, клетканың тіршілік-әрекеті негізінен оның қабықшасына байланысты болады деген қате пікір қалыптасқан. Ол кезде клетка ішілік заттарға онша көп көңіл бөлінбеген. Оларды “қоректік шырын” немесе “өсімдік кілегейлері” деп қараған.
Тек XІX ғасырда ғана клетка ішілік заттарға зерттеушілер көңіл аудара бастады. Бұл кезге дейін крахмал дәндері, кристалдар, хлоропластар, клетканың тағы басқа бөліктері белгілі болған еді.
Біртіндеп микроскопиялық техника жетіле түсті, жаңа эксперименттік материалдар жинақтала бастады.
1831 жылы ағылшын ботанигі Р. Броун ядроны, ал 1839 ж. Чехия физиологі Я.Пуркинье - цитоплазманы ашты. Клетканың осы компоненттеріне атау беру мүмкіндігіне де сол кісілер ие болды.
Өсімдіктер мен жануарлардың клеткалық құрылысы туралы зерттеушілер жинақтаған көптеген фактілер неміс ғалымдары ботаник М.Шлейден мен зоолог Т.Шванға - 1838-1839ж.ж. клеткалық теорияны ашуға мүмкіндік берді. Бұл теорияның мәні мынада, клетка барлық тірі организмдердің - өсімдіктердің де жануарлардың да негізгі қарапайым структуралық бірлігі болып табылады. Клеткалық теория өсімдіктер мен жануарлардың шығу тегінің, құрылысының және эволюциясының бір екендігін дәлелдеп берді. Ф.Энгельс клеткалық теорияны энергияның сақталу заңымен және Ч.Дарвиннің эволюциялық теориясымен қатар XІX ғасырдағы жаратылыстану саласындағы үш үлкен жаңалықтың біріне жатқызған. XІX ғасырдың екінші жартысында жаңа ғылыми жаңалық ашылды. Олар клеткалық теорияны байыта түсті. Аса жоғарғы дәлдікпен жүргізілген эксперименттік зерттеулердің негізінде клетканың бөлінетіндігі анықталды (И.Д.Чистякованың, Э.Страстбургердің және басқалардың жұмыстары), сөйтіп клетканың клеткасыз заттардан өздігінен пайда болады деген көзқарасты түгелдей жоққа шығарды. Клеткалардың цитоплазмалық мембраналар арқылы бір-бірімен байланыста болатындығы айқындалғаннан кейін (Э. Руссовтың, И.Н. Горожанкиннің және т.б. жұмыстары) барып организмнің тұтастығы дәлелденді.
XІX ғасырдың аяғында цитология жеке ғылым ретінде түпкілікті қалыптасты. Оптикалық микроскоптың базасында клетканың негізгі компоненттерінің барлығы зерттелді. Олардың атқаратын қызметтері жөнінде көптеген мәліметтер жинақталды. Цитологияның одан арғы дамуы электронды микроскопты ойлап табумен тікелей байланысты. Биологияда электронды микроскопты ХХ ғасырдың ортасында пайдалана бастады. Электронды микроскоптың көмегімен клетканың белгілі компоненттерінің структурасының бөліктерін көріп қана қоймай, сонымен бірге олардың бұрын белгісіз болып келген жақтарын да ашудың мүмкіндігі туды.
Қазіргі уақытта цитология биологияның ең жақсы жетіліп келе жатқан саласының бірі. Оның алдында клетканың компоненттерінің структурасының детальдарын, тұқымқуалаушылық қасиеттерін, қорғаныштық бейімделушілігін (иммунитетін) сыртқы ортаның факторларының әсеріне байланысты болатын өзгерістерді және т.б. зерттеу міндеттері тұр. Цитологияның жаңа салаларының (физиологияның, биохимияның, клетканың компоненттерінің физико-химиясының) дамуы табиғаттың тағы бір құпия сырын, тіршіліктің өзінің мәнін ашуға мүмкіндік берді.
Клетканы зерттеудің тәсілдері. Клетканы зерттеуде қолданылып жүрген тәсілдер алуан түрлі. Олардың негізгілерінің бірі микроскопиялық тәсіл. Бұл тәсілмен жұмыс істеуде оптикалық микроскоп үлкен роль атқарып келеді, оның қазіргі кездегі модельдері объектіні 2 мың есеге дейін үлкейтіп көрсетеді. Оптикалық микроскоптардың көмегімен жұқа кесінділерді, олар арқылы тік өтетін немесе айнаға шағылысқан жарықтың сәулелерін пайдалана отырып зерттейді. Физикалық контрастық жабдықтарды пайдалана отырып, жарықтың сәулесін бірдей сындыратын, бірақ тығыздықтары әртүрлі болып келетін, тірі клеткалардың компоненттерінің құрылысын зерттейді. Бірақта жарықтың табиғатына байланысты оптикалық микроскоптың мүмкіндігі шектеулі болады. Мұндай микроскоп арқылы 0,2 мкм-ден ұсақ бөлшектерді көру мүмкін емес.
Электронды микроскоп объектіні 200-300 мың есе, тіптен оданда көп етіп үлкейтіп көрсете алады. Мұнда жарықтың сәулесінің орнына, үлкен жылдамдықпен келе жатқан электрондардың ағыны пайдаланылады. Зерттелетін кесінділердің қалыңдығы 0,05 мкм-ден аспау керек және арнайы бояулармен боялған болуы шарт. Электрондардың тасқыны кесінді арқылы өтіп, электронды магниттік линзалардың көмегімен шашырап жайылады, содан кейін барып электрондардың соққысынан жарық беретін экранда, немесе фотопластинкада оның кескіні (проекциясы) түседі. Электронды микроскоп арқылы мөлшері 1,5 нм-дай болатын құрылымды көруге болады.
Өсімдікті ұлпадан немесе клеткадан өсіру тәсілі (культура клеток).Бұл тәсіл арқылы тірі клеткалардың құрылысын және тіршілік жағдайын организмнен тыс жерде зерттейді.