Протопластың өнімдері. Протопластың тіршілік әрекетінің өнімдерінің көпшілігі вакуольдің және цитоплазманың құрамына кіреді. Кейбіреулері, мысалы клетка қабықшасы, протопластан тыс жиналады және ол клетканың қаңқасының негізін түзеді. Эргастатикалық заттарды жоғарыда айтылғандай былайша бөледі: физиологиялық активті заттарға, қорлық заттарға, экскреторлық заттарға және клетка қабықшасының құрамына кіретін заттарға.
Вакуоль. Бұл клетка шырынына толы қуыс, ол цитоплазмадан тонопласт арқылы бөлініп тұрады. Вакуоль эндоплазматикалық ритикулумның локальдық кеңістігінен пайда болады, онда клетка шырыны жиналады. Бұл кеңістіктер ретикулумнен бөлініп дөңгелектенеді, ал ритикулумның мембранасы тонопластқа айналады. Вакуольдің түзілуіне шамасы Гольджи аппаратының элементтеріде қатыса алады. Өте жас клеткалардың өзінде де кішілеу вакуольдер болады. Жас клеткалардың өсуінің нәтижесінде вакуольдердің көлемі де ұлғаяды. Жақсы жетілген клеткалардың көпшілігінде, оның ортаңғы бөлігін алып жататын бір үлкен вакуоль және цитоплазманың клетка қабықшасына жақын жататын бөлігінде шашыраңқы орналасқан көптеген ұсақ вакуольдер болады. Егер ядро клетканың ортасында орналасса, онда оны қоршаған цитоплазма клетканың қабықшаға жақын жатқан қабаты мен жіпшелері (тяждары) арқылы байланысады. Бұл жіпшілер (тяждар) орталық вакуольді бірнеше ұсақ вакуольдерге бөледі. Клетка шырыны дегеніміз, протопластан бөлініп шығатын әртүрлі органикалық және органикалық емес байланыстардың судағы ерітіндісі. Өсімдіктердің әртүрлі түрлерінде, тіптен бір өсімдіктің әртүрлі органдарында клетка шырынының химиялық құрамы бірдей болмайды. Клетка шырынының реакциясының әдетте қышқылдығы төмен, немесе бейтарап, сиректеу сілтілі болып келеді.
Клетка шырынының химиялық құрамы. Органикалық заттар: азотты заттар: белоктар (протеиндер, претидтер), амин қышқылдары (аспарагин, триозин, лейцин және басқалар), алкалоидтар (хинин, морфин, никотин, колхицин, кофеин және басқалар); азотсыз заттар: моносахаридтер- глюкоза, фруктоза; дисахаридтер- сахароза, мальтоза; полисахаридтер- инулин, глюкозидтер (амигдалин, сапонин, соланин, пигменттер-антоциан, антохлор және басқалар), илік заттар (танидтер), органикалық қышқылдар (қымыздық, алма, вино, лимон және басқалар), кристалдар (қымыздық және басқа қышқылдардың тұздары), эфир майы және басқалар.
Органикалық емес заттар: нитраттар, хлоридтер, фосфаттар.
Бұл заттардың біреулері, мысалы көмірсулар, қорлық, екіншілері - экскреторлық, яғни зат алмасудың соңғы өнімдері болып табылады.
Клетка шырының ресми тіркелген компоненттерінің біріне қымыздық қышқылы кальцийдің кристалдары жатады (Ca C2O4). Қымыздық қышқылы клетканың тіршілік- әрекетінің зиянды өнімдерінің бірі болып табылады. Одан өсімдік кальцийдің иондарының көмегімен құтылады. Қымыздық қышқылы кальций өсімдіктің, негізінен қартайған, яғни тіршілігін тоқтатуға жақын клеткаларында, формасы әртүрлі болып келетін жекелеген кристалдар түрінде, друз деп аталынатын біріккен кристалдар түрінде, пачкаға жиналған рафид түрінде және басқалар түрінде жиналады. Қымыздық қышқылы кальцийдің кристалдары әсіресе өсімдіктің оқтын-оқтын түсіп отыратын органдарында- ағаштардың қабықтарында, жапырақтарында, пияздың баданаларының құрғақ қабықшаларында және басқаларда аса көп жиналады. Әдетте друздар қосжарнақты өсімдіктерде, ал рафидтер даражарнақты өсімдіктерде болады.
Артық қор заттары. Артық қор заттары деп уақытынша метоболизмнен шығарылып тасталған заттарды айтады. Олар өсімдіктің вегетативтік денесін түзуге немесе энергетикалық материал түрінде әртүрлі тіршілік процестеріне жұмсалады. Олар вакуольде немесе цитоплазмада жиналады. Вакуольдерде қор заттары ерітінділер түрінде, ал цитоплазмада- ресми тіркелген қосымша заттар түрінде болады: алейрон дәндері, крахмал дәндері, май тамшылары.
Алейрон дәндері. Бұл қорлық белоктың түйіршіктері, олар әдетте пісіп жетілген дәндердің қорлық ұлпаларының клеткаларында пайда болады. Дәндер пісіп жетілген кездерде ұсақ вакуольдерде белок жиналады. Дәндер піскен кезде вакуольдер суын жоғалтады да алейрон дәндеріне айналады. Бұл бастапқы қалпына келетін процесс: дән жерге түскен соң оның бойына су өтеді де ісініп өнеді, осы кезде алейрон дәндері қайтадан вакуольге айналады.
Алейрон дәндері дөңгелек формалы болып келеді, олардың диаметрі 0,2-ден 20 мкм-дің арасында ауытқып отырады. Сыртынан олар мембранамен қапталған. Қарапайым алейрон дәндерінде белок аморфтық масса түрінде болады (бұршақ тұқымдастарында, жүгеріде, күріште), ал күрделі алейрон дән дерінде аморфты массаға бір, сиректеу 2-3 белоктік кристалл және құрамында қорлық фосфор болатын кішілеу дөңгелек денешік- глабоид кіреді.
Белоктік денешіктер клетканың басқада бөліктерінде: мысалы, ядросында, пластидтерінде, митохондрияларында, эндоплазматикалық ритикулымында түзіле алады.