Дара жарнақты жабық тұқымдылардың сабағының құрылысы. Тамырлары секілді сабақтарының да құрылысы тек алғашқы болып келеді. Құрылысының типі шоқты. Сосуд - талшық шоқтары жабық. Сабақтың көлденең кесіндісінде олар, негізгі паренхиманың барлық жерінде ретсіз шашылып жатады. Алғашқы қабық қабатымен орталық цилиндрдің арасында көп жағдайда айқын байқалатын шекара жоқ. Сабақтардың механикалық мықтылығын қамтамасыз ету үшін, склеренхималық шоқтармен бірге, эпидерма мен паренхималық клеткалардың қалыңдаған және сүректенген қабықшаларының да қатысы болады. Дара жарнақтыларда камбий түзілмегенімен, олардың кейбіреулерінде (негізінен ағашты лалагүлділерде) перициклден меристемалардың пайда болуына байланысты, екінші реттік жуандау байқалады.
Қарабидайдың сабағының эпидермисінің астында, механикалық ұлпаның қабаты орналасады, оны хлорофилл түзетін паренхиманың участкелері бөліп тұрады. Оның үстінен, эпидермисте устьица аппараттарын көруге болады. Сабақтың алғашқы пайда болған (ескі) участкелерінде, хлорофилл түзетін паренхиманың клеткаларының қабықшалары, эпидермистің клеткаларының қабықшалары секілді сүректенеді. Механикалық ұлпаларда, негізгі паренхималардың шекарасына жақын жерде, кішілеу өткізгіш шоқтары орналасады. Негізгі паренхималарда, біршама үлкен, жабық коллатеральды өткізгіш шоқтары, шахмат тектес екі, сиректеу үш қатар түзіп орналасады. Алғашқы қабық байқалмайды. Сабақтың ортасында өзек сақталмайды. Сабақтың жуандауының, клеткалардың өсуінің нәтижесінде өзек жыртылады да, оның орнына астық тұқымдастылардың көпшілігіне тән қуыс пайда болады. Мұндай сабақты сабан (соломина) деп атайды.
Жүгерінің сабағының қуысы болмайды. Ол түгелімен негізгі паренхимамен жабылады және оның барлық жерінде өткізгіш шоқтары орналасады. Эпидермистің астында механикалық ұлпаның жұқа қабаты орналасады. Қара бидайдікі секілді алғашқы қабығы болмайды. Өткізгіш шоқтары жабық коллатеральды. Флоэмасында тіндік паренхимасы болмайды, електік түтіктері және серіктік клеткалары көлденең кесіндісінен тор тәрізді болып көрінеді. Ксилемасы 3-5 түтіктен тұрады, оның екеуі үлкен болып келеді. Түтіктердің астында қуысы болады. Ксилемасы флоэманы жартылай қоршап тұрады. Шоқ склеренхиманың қабатымен қоршалған болады.
Жапырақ Жапырақ дегеніміз - өсуі шектелген бүйірлік орган. Ол қыстырмалы меристеманың белсендігінің нәтижесінде түп жағымен немесе барлық жағымен ұлғайып өседі. Ағаштар мен бұталарда бұл уақытша орган.
Жапырақтың атқаратын қызметтері: фотосинтез, газдың ал-масуын және судың булануын реттеу болып табылады. Сонымен бірге жапырақтарда артық қор заттары жиналады, жекелеген жағдайларда жапырақ вегетативтік көбею қызметін де атқарады.
Бір жылдық өсімдіктердің жапырағының өмірінің ұзақтығы, сабақтың өмірінің ұзақтығымен бірдей, ал көпжылдық өсімдіктерде ол көп қысқа. Өсімдіктердің көпшілігінің жапырағы 1-11/2 жыл, кейбір жағдайда оданда аз өмір сүреді. Мәңгі жасыл өсімдіктердің жапырағы 1 жылдан 5 жылға дейін, ал кейбіреулерінде- 10-15 жыл өмір сүреді (шырша, араукария). Тек африка шөлінде өсетін вельвичияның жапырағы ғана, өсімдіктің тұрақты органы болып келеді және ол 90-100 жыл өмір сүреді.
Жапырақтың түсуі. Дара жарнақты және қос жарнақты шөптесін өсімдіктердің жапырақтары өледі және олар сабақта қала отырып, біртіндеп бұзылады. Қос жарнақты ағаштардың сағағының түп жағында бөліп тұрушы қабат пайда болады, оның клеткалары табиғи жолмен мацерицияланады. Бұл жағдайда жапырақтың түсуіне аздаған механикалық күштің әсерінің өзі жеткілікті болады (жел, жаңбыр). Жапырақ түскеннен кейін, оның сабақта қалған ізі тоз қабатымен жабылады. Оны жапырақ дағы (тыртығы) деп атайды.
Мәңгі жасыл өсімдіктердің жапырақтары бір уақытта түспейді. Жапырақтың түсуі физикалық (жазда) немесе физиологиялық (қыста) құрғақшылық кездерінде, өсімдіктерді судың булануынан сақтайтын биологиялық бейімдеушілік болып табылады. Жапырақтарымен бірге өсімдік бойында жиналып қалған экскреттік заттардан тазарады.
Жапырақтың морфологиялық құрылысы. Жапырақтың мөлшері (көлемі) қатты өзгеріп отырады. Көп жағдайда тіптен бір өсімдіктің өзінде мөлшері жағынан әртүрлі жапырақтар кездеседі. Біздің флорада бірқатар түрлердің жапырақтары ұзындығы 1-1,5 мм.-ден аспайтын, өте ұсақ болып келеді. Тропикалық және субтропикалық зоналардың өсімдіктерінің жапырақтарының ұзындығы 20-22 м. дейін жетеді (пальмалар).