Тамырдың алғашқы құрылысы. Тамырдың ұлпалары сору зонасында дифференциацияланады. Шығу тегі жағынан бұл алғашқы ұлпалар, өйткені олар өсу зонасының алғашқы меристемасынан пайда болады. Сондықтанда сору зонасындағы тамырдың анатомиялық құрылысы алғашқы болып саналады. Осы кезеңде тамыр орталық цилиндрге және алғашқы қабыққа бөлінеді, оның сыртын тамыр түктері бар бір қатар клеткалар-эпиблема жауып тұрады.
Алғашқы қабықтың сырты - экзодерма тығыз орналасқан көп бұрышты клеткалардан тұрады, олардың қабықшалары келешегінде тозға (пробка) айналып қорғаныш қызметін атқарады. Экзодерманың астында негізгі паренхима орналасады, ол алғашқы қабықтың негізгі бөлігін түзеді. Алғашқы қабықтың ішкі қабаты - эндодерма бір қатар клеткалардан тұрады. Бұл клеткалардың радиальды және ішкі қабықшалары қалың болып келеді. Эндодерманың клеткаларының қабықшалары азды көпті пробкаға (тозға) айналады, ал кейбір өсімдіктерде олар тіпті сүріктенеді (ағаштанады). Осындай қабықша-лары қалың клеткалардың арасын-да қабықшалары жұқа болып келетін тірі клеткалар кездеседі, оларды өткізгіш клеткалар деп атайды, өйткені су орталық цилиндрге солар арқылы өтеді.
Өткізгіш клеткалары ксилеманың ұсақ түтіктерінің қарама- қарсысында орналасады. Сонымен эндодерма судың ксилемаға өтуін реттеп отырады. Орталық цилиндрдің сыртын перицикл қаптап тұрады, ол бір қатар тірі паренхималық клеткалардан тұрады. Перициклден жанама тамырлармен қосалқы бүршіктер пайда болады. Орталық цилиндрдің ортасын радиальды өткізгіш шоғы алып жатады. Әдетте мұндай шоқта ксилема ортасында орналасады және бірнеше сәуле тәрізді үшкір тармақтар түзеді. Олардың сырт жағында ұсақ түктері орналасады. Ксилеманың тармақтарының арасында флоэманың участоктері орналасады. Олар ксилемадан қабықшалары жұқа болып келетін паренхималардың аздаған қабаттарымен бөлініп тұрады.
Дара жарнақты өсімдіктерде тамырдың алғашқы құрылысы өткізгіш зонасында сақталып отырады. Бұл жерде тек эпиблема болмайды, ал қорғаныш қызметін экзодерма атқарады.
Тамырдың соңғы құрылысы. Қосжарнақты және жалаңаштұқымды өсімдіктердің тамырының орталық цилиндрінде алғашқы кездерден бастап-ақ камбий түзіледі. Оның белсенділігінің нәтижесінде тамыр екінші рет өзгеріске ұшырап жуандайды. Камбий флоэма мен ксилеманың арасында паренхималық клеткалардан пайда болады. Ол тамырдың ортасына (өзегіне) қарай соңғы ксилеманың элеметтерін беретін клеткаларды бөліп шығарады. Алғашқы ксилеманың түтіктерінің перициклмен шектесетін жерлеріндегі участоктерде, перициклдің клеткалары да камбийге айналады. Бірақ ол тек паренхималық клеткаларды ғана береді, олардан радиалды сәулелер пайда болады. Алғашқы кездерде камбийдің қабаттары иректеу формалы болып келеді, содан соң біртіндеп дөңгелектеніп, орталықтан шетке қарай ығыстырылады. Соңғы ксилема мен соңғы флоэма тамырдың кіндігінен шетіне қарай ығыстырылады. Перициклдің клеткаларынан тоздық (пробкалық) камбий түзіледі, ол сыртқа қарай тоз (пробка) қабатын түзеді. Соған байланысты алғашқы қабық орталық цилиндрден біртіндеп бөлектенеді де өледі, содан соң түсіп қалып отырады. Тек тоз қабатымен қапталған орталық цилиндр ғана қалады.
Сонымен тамырдың соңғы құрылысында алғашқы ксилема ортасында орналасады. Оның сәулелерінен радиалды сәулелер басталады - қабықшалары жұқа тірі паренхималық клеткалардың участоктері. Радиальды сәулелер мен соңғы ксилемның үлкен түтіктері бар жалпақ участоктері және ұсақ сүректік паренхиманың клеткалары алмасып келіп отырады. Олар параллель радиальды қатарлар түзіп орналасқан, ұсақ әдетте қабықшалары жұқа клеткалардан тұратын камбий зонасымен қоршалған. Камбий зонасын сыртқа қарай соңғы ксилеманың әрбір участогінің қарсысында, соңғы флоэма орналасады. Радиальды сәулелердің паренхимасын беретін камбий нашар байқалады. Сыртқа қарай ол сонымен бірге негізгі паренхималарды бөліп шығарады. Камбийден сыртқа қарай орналасқан ұлпалар (флоэма, негізгі паренхима, феллодерма және тоздық камбий), екінші реттік қабық деп аталынады.
Тамырдың өзгерген (метаморфозға ұшыраған) түрлері. Олардың ішіндегі ең көп таралғандары мыналар:
Қорлық тамырлар. Тамырдың өзгерген түрлері сүректік және тіндік (лубтық) паренхималарға артық қор заттарының жиналуына байланысты пайда болады. Шығу тегіне және құрылысына қарай қорлық тамырлардың екі типі болады - тамыр жемістер және тамырдың түйнектері.