Аш ішек Аш ішек - қарын мен тоқ ішекті жалғастыратын түтік пішінді бұлшықетті мүше. Оның ұзындығы ересек адамдарда 5,5-6 метрдей. Аш ішектің қарыннан басталған 25—30 сантиметрдей бөлімі - ұлтабар (он екі елі ішек) деп аталады. Ұлтабарға бауырдан келетін өт қабының өзегі және ұйқыбездің де өзегі ашылады. Аш ішек ирелеңдеп орналасқан. Оның ішкі қабырғасында көптеген сақина пішінді қатпарлар бар. Сонымен бірге ашішектің сілемейлі қабықшасында тұйық өскін түріндегі бүрлер өте көп. Мұндай бүрлер тек аш ішекке ғана тән. Бұл бүрлер ішектің ішкі сіңіру бетін ұлғайтады. Аш ішектің бұлшықет қабықшасындағы ішкі бұлшықет талшықтары сақина тәрізді, сыртқысы ұзына бойы орналасқан. Аш ішек қабырғасындағы бұлшықет талшықтары, оқтын-оқтын толқын тәрізді жиырылып-босаңсып тұрады. Осының нәтижесінде жеген тамақ ішектің ішімен алға қарай жылжып отырады.
Тоқ ішек
Тоқ ішектің ұзындығы 1,5-2 метрдей, аш ішектен екі еседей жуан. Тоқ ішектің аш ішектен басталған жері бүйен деп аталады. Ол оң жақтағы мықын тұсында орналасқан. Бүйеннің төменгі шетінде ұзындығы 7-8 см-дей құрт пішінді тұйық өскін соқырішек (аппендикс) болады. Оны аппендикс (лат.«арреndіх» - қосалқы) деп атайды. Ол лимфа жүйесіне жататын мүше. Оның қабынуынан болатын ауру - сокырішек (аппендицит) деп аталады. Тоқ ішектің соңғы бөлімі - тік ішек. Тоқ ішектің сыртында май қабаты қалың болады, оның сілемейлі қабыкшасында жарты ай пішінді ірі әрі жалпақ қатпарлар көптеп кездеседі. Тоқ ішекте су қайтадан денеге сіңіріледі де, нәжіс калыптасады. Тоқ ішекте өте көп бактериялар (өсіресе ішек таяқшалары) болады, олар ағзаға пайдалы. Бұл бактериялар өсімдік жасунықтарын (клетчатка) ыдыратады, кейбір витаминдерді синтездейді. Зиянды микробтардан қорғап, тамақтың дұрыс қорытылуын қамтамасыз етеді. Дәріні қалай болса солай пайдалану ішектегі пайдалы бактерияларға зиянды өсер етуі мүмкін. Сондықтан да дәрі-дәрмектерді (антибиотиктерді) тек дәрігердің кеңесі бойынша пайдалану керек.[1]