Көпірдің ішкі құрылысы. Көлденең кесіндісінде үлкен алдыңғы (вентралды) және кішілеу дорсалды бөліктерден тұрады. Алдыңғы бөліктің құрамында бойлық және көлденең талшықтар бар, олардың арасында сұр заттың меншікті ядролары шашырап жатады. Бойлық талшықтар пирамидалық жолдарға жатады, олар көпірдің меншікті ядроларымен байланысқан, ол ядролардан мишық қыртысына баратын көлденең талшықтар басталады. Өткізгіш жолдардың бүкіл бұл жүйесі көпір арқылы үлкен ми сыңарларын мишық қыртысымен байланыстырады, сондықтан көпір адамда күшті дамыған. Дорсалды бөлімінде торлы құрылым жатады, ал торлы құрылым үстінде ромб тәрізді шұңқырдың түбі жатады, ол жерде VIII-V жұп бассүйек нервтерінің ядролары жатады.