ҚР-ның министрлігі тиісті мемлекеттік басқару саласына басшылықты, заңдармен көзделген шекте салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Республиканың орталық атқарушы органы болып табылады. Қазіргі кезеңде Қазақстанда он алты министрлік бар. Олар: Индустрия және сауда; Энергетика және минералдық ресурстар; Көлік және коммуникация; Ауыл шаруашылығы; Қоршаған ортаны қорғау; Экономика және бюджеттік жоспарлау; Қаржы; Білім және ғылым; Денсаулық сақтау; Мәдениет және ақпарат; Туризм және спорт; Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау; Қорғаныс; Сыртқы істер; Ішкі істер; Әділет министрлігі; Министрлік және оның органдары мен ведомстволық бағыныстағы кәсіпорындары, мекемелері және өзге де ұйымдары министрліктің бірыңғай жүйесін құрайды. Министрлікті ҚР-сы Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Министр басқарады. Министрдің оның ұсынуы бойынша ҚР-ның Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасарлары болады. Министр Министрліктің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, министрлікке жүктелген міндеттердің орындалуы және оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшін дербес жауап береді. Министрліктің күрделі проблемалық мәселелерін қарау мақсатында оларда ғылыми техникалық кеңестер құрылуы мүмкін.
ҚР-ның агенттіктері.Республика Премьер-министрінің ұсынысы бойынша ҚР-сы Президенті құратын ҚР-ның агенттігі Үкіметтің құрамына кірмейтін орталық атқарушы орган болып табылады. Агенттік тиісті мемлекеттік басқару саласында басшылықты, сондай ақ заңдарда белгіленген шектерде салааралық үйлестіруді және өзге де арнайы атқару және рұқсат беру міндеттерін жүзеге асырады. Бұлардың министрліктерден басты айырмашылығы, біріншіден, олардың Үкіметтің құрамына кірмейтіндігі және, екіншіден, олардың арнайы атқару және рұқсат беру міндеттерін жүзеге асыру болып табылады. Агенттік мемлекеттік мекеменің ұйымдастырушылық құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның өз атауы, мемлекеттік тілде жазылған мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері болады. Агенттікті ҚР-сы Үкіметі қызмеьке тағайындайтын және қызметтен босататын Төраға басқарады.