Дәріс №7 Дәріс тақырыбы: XX ғасырдың бас кезіндегі балалар әдебиеті. Дәріс жоспары: А.Байтұрсынов – балалар әдебиеті тарихындағы ірі тұлға, аса көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, ақын, аудармашы. («Қырық мысал», «Маса»)
М.Жұмабаев – лирик ақын. Мағжанның табиғат лирикасы.
Ж.Аймауытов – дарынды жазушы, аудармашы.
Мәнерлеп оқу тәртібі.
1. Ахмет Байтұрсынұлы (1873-1938) XX ғасырдың басында қазақ халқы аса ірі қоғамдық-саяси өзгерістермен қатар ауқымды рухани жаңғыруларды да бастан кешті. Ұлттық мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның туын көтерген, жұртшылықтың санасына демократиялық ойлар сіңіріп, алға жетелеуге ұмтылған зиялы топ қалыптасты. Халықтың зердесіне сәуле түсіріп, санасын оятқан осы топтың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы еді. Қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы, ұлы түрлендіруші-реформаторы атанған ол өзінің алдындағы Шоқан, ЬІбырай, Абайлардың ағартушылық, демократтық бағыттарын жалғастыра отырып, өз заманындағы тұтас бір зиялы қауымның төлбасы болды. Өмір жолы. Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы 18 қаңтарда қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге келеді. Әкесі Байтұрсын Шошақұлы намысқой, сергек, еті тірі адам болады. Сол себепті де Байтұрсын мен оның ағайындары патша өкіметінің өкілі – уезд бастығын соққыға жығып, түрмеге қамалады. Бұл оқиға он жасар бала Ахметтің санасына қатты әсер етеді. Мәселенің түп негізін толық ұқпағанымен, ол өмірдегі әділетсіздік пен зорлық-зомбылықты, әлеуметтік теңсіздікті көзімен көріп, көңіліне ой ұялатады. Табиғатынан зерек әрі талапты бала Ахмет 1882-1884 жылдары көзі ашық ауыл адамдарынан сауатын ашып, хат таниды да, кейін жақын маңдағы ауыл мектебінде оқиды. 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша-қазақша училищеде, 1891-1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте білім алады. Бұл жылдары ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің үлгісінде жұмыс істейтін, игі дәстүрлері мол жаңаша мектептер саны көбейген болатын. Міне, осы тәрізді оқу орындарында оқып, сапалы білім алып шыққан Ахмет Байтұрсынұлы 1895 жылдын 1 шілдесінен өзінің мұғалімдік, ұстаздық қызметін бастайды. 1895-1897 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінде ауылдық, болыстық мектептерде, екі сыныптық училищелерде сабақ береді. Мұғалім бола жүріп ол қоғамдағы болып жатқан құбылыстарға, әлеуметтік өмірге үңіледі. Халыққа білім берудің жолдарын, қазақ тілі мен әдебиетінің мәселелерін зерттеу мүмкіндіктерін қарастырады. Көп кітаптар оқиды, өз бетімен ізденеді. Әдебиетпен айналысады, өлең-жырларын жазады, ауыз әдебиетінің үлгілерін жинайды, оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлейді. Өзінің білімімен, ақыл-парасатымен ел аузына іліге бастайды. Бостандық аңсаған, күреске үндеген өлеңдер жазады. Соның салдарынан 1910 жылы Қазақстанда тұру құқығынан айырылып, Орынбор қаласына келеді. 1913-1918 жылдары өзі ұйымдастырған "Қазақ" газетінің редакторы бола жүріп, кең ауқымды әлеуметтік істер атқарады. Газет бетінде халық өмірінің аса күрделі мәселелерін көтереді. Елді оқу-білімге, ілгері ұмтылуға шақырады. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін қоғамдық өмірге белсене араласқан Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жұртының тәуелсіз мемлекетін құруды мақсат еткен Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі болады. Кейінірек Қазақстанның тұңғыш халық ағарту министрі, Қазақстан академиялық орталығының жетекшісі, Алматыдағы, Ташкенттегі жоғары оқу орындарының профессоры қызметтерін атқарады. Кеңес өкіметі тұсындағы коммунистік идеология аласапыранының салдарынан 1929 жылы жазықсыз ұсталып, ұзақ уақыт түрме мен лагерь азабын тартқан Ахмет, 1936 жылы елге қайтып оралғанымен, 1937 жылы қайта тұтқындалып, 1938 жылы атылады. Алаш қозғалысының көсемі ретінде "халық жауы" деп атылған А.Байтұрсыновтың есімі де, шығармалары да көпке дейін жұртшылық үшін жабық болды. Тек тәуелсіз Қазақстан жағдайында ғана ақынның шығармалары жарық көрді, мұралары зерттеле бастады. 1988 жылы ақталғаннан кейін А.Байтұрсынұлы шығармаларының жинағы (1989), "Ақ жол" кітабы (1991) жарық көрді. Шығармашылық мұрасы. Ірі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының артында аса мол әдеби, ғылыми еңбектер қалды. Ол өз заманында әрі ақын, әрі аудармашы, әрі ғалым ретінде танылды. Ахметтің 1909 жылы Петербург қаласында "Қырық мысал" деген атпен жарық көрген алғашқы кітабына негізінен орыс мысалшысы И.Крыловтан аударған аударма мысалдар жинақталды. Бұрын мысал арқылы тұспалдап айтылған ойларын Ахмет 1911 жылы Орынбор қаласында шыққан "Маса" атты өлеңдер жинағында өз сөзімен ашықтан-ашық жария етті. Бұл жылдары ол қазақ тілі мен әдебиетінің әр түрлі мәселелеріне арнап көптеген мақалалар жазып, баспа беттерінде жариялады. Әсіресе 1913 жылы жазылып, "Қазақ" газетінде жарияланған "Қазақтың бас ақыны" атты мақаласы Ахметті білікті әдебиеттанушы ғалым ретінде танытты. Бұл мақала ұлы Абайдың ұлттық әдебиеттің тарихынан алатын орнын айқындауға, ақын шығармашылығына баға беруге арналған тұңғыш ғылыми зерттеу еңбегі еді. Әдебиетші Ахмет Байтұрсынов мұрасының маңызды бір саласы – оның ел аузынан жинап, жүйелеп, баспа бетінде жариялаған ауыз әдебиеті нұсқалары. Атап айтқанда, Ахмет жинаған фольклорлық үлгілер негізінде Мәскеу қаласында 1923 жылы "Ер Сайын" жыры, 1926 жылы "23 жоқтау" кітаптары жарық көрді. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің ұлы түрлендіруші-реформаторы, теоретигі әрі қазақ тілі білімі саласына орасан зор еңбек сіңірген көрнекті ғалым болды. Ол араб әріптерінің негізінде төте жазу үлгісін, яғни қазақтың төл әліпбиін жасады. Өзінің "Оқу құралы" (1912), "Тіл құралы" (1914), "Әліпби" (1924), "Жаңа әліпби" (1926) тәрізді кітаптарында қазақ тілінің ғылыми, теориялық және әдістемелік мәселелерін кеңінен талдап берді. Ол — қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор. Байтұрсынов әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Ол Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде (Орынбор, 1924), Түркітанушылардың бүкілодақтық 1-құрылтайында (Баку, 1926) араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін, құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдеген ғыл. баяндама жасады. Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады (қ. Әліпби). Байтұрсынов халыққа ғылым-білімнің қажеттілігін түсіндірумен ғана шектелмей, білім беру ісін жолға қоюға күш салды. Орыс, татар мектептерінен оқып шыққан ұлт мамандарының өз тілін қолданудағы кемшіліктерін көріп: “Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады. Біздің жасынан не орысша, не ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды не жазса да қиындықпен жазады, себебі жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық” деп жазды. Байтұрсыновтың “Оқу құралы” (1912) — қазақша жазылған тұңғыш әліппелердің бірі. Бұл әліппе оқытудың жаңа әдістері тұрғысынан өңделіп, 1925 жылға дейін бірнеше рет қайта басылды. “Оқу құралы” қазіргі әдістеме тұрғысынан әлі күнге дейін маңызды оқулық ретінде бағаланады; (қ. Әліппе). Байтұрсынов қазақ тілінің тазалығын сақтау үшін қам қылды. Өзі жазған “Өмірбаянында” (1929): “...Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым” деген. Байтұрсынов қазақ мектептерінің мұқтаждығын өтеу мақсатында қазақ тілін пән ретінде үйрететін тұңғыш оқулықтар жазды. Оның үш бөлімнен тұратын “Тіл — құрал” атты оқулығының фонетикаға арналған бөлімі 1915 ж., морфологияға арналған бөлімі 1914 ж., синтаксис бөлімі 1916 жылдан бастап жарық көрді. “Тіл — құрал” — қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Оқулық қазіргі қазақ тілі оқулықтарының негізі болып қаланды. “Тіл — құрал” — қазақ тіл білімінің тарау-тарау салаларының құрылымын жүйелеп, ғыл. негізін салған зерттеу. Оның тілдік ұғымдарға берген анықтамаларының ғыл. тереңдігі, дәлдігі қазіргі ғылым үшін өте маңызды. Ол тұңғыш төл граммат. терминдерді қалыптастырды. Мыс., зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз, т.б. жүздеген ұлттық терминдерді түзді. Сондай-ақ Байтұрсынов практикалық құрал ретінде “Тіл жұмсар”, мұғалімдерге арналған “Баяншы” деген әдістемелік кітаптар жазды. Ол — қазақ тілін оқыту әдістемесінің іргетасын қалаған ғалым-ағартушы. Б. оқулығындағы тілдік категорияларды ұғындыру мақсатында енгізген “сынау”, “дағдыландыру” деген арнайы бөлімдер қазіргі заманғы әдістеме ғылымы үшін де өз маңызын жойған жоқ. Байтұрсыновтың ақын, аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегі өз дәуірінде зор бағаға ие болды. 1923 ж. Б-тың 50 жасқа толғаны Орынбор, Ташкент қ-ларында салтанатты түрде аталды. С. Сәдуақасов, С. Сейфуллин, М. Әуезов, Дулатов, Е. Омаров сияқты замандастары баспасөзде мақалалар жариялап, Б-тың қазақ халқына сіңірген еңбегін өте жоғары бағалады. Өмірі мен қызметіне, шығармашылығына ғыл. пікір-тұжырымдар айтылды. Әуезов Б. туралы “Ақаңның елу жылдық тойы” деген мақаласында “...Кешегі күндерге дейін бәріміз жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиеті, үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы хүкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға салған пікірі ... әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді” деп жазды. 1929 ж. шыққан “Әдебиет энциклопедиясында” (Мәскеу) Б. тұлғасына “аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогі. Ол қазақ тілі емлесінің реформаторы және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы” деген ғыл. әділ баға берілді. 1933 ж. шыққан М. Баталов пен М. Сильченконың “Қазақ фольклоры мен қазақ әдебиетінің очерктері” деген кітапшасында: “оның негізгі бағыты қазақ халқының қоғамдық-мәдени оянуына ықпал ету болды” деп Б-тың қоғамдық қызметін қорытындылады. Кейінгі коммунистік идеология Б. есімін ауызға алуға көп жылдар бойы тыйым салып, ол туралы сыңаржақ пікірлер айтылды. Саяси қысымның қаупіне қарамастан белгілі түркітанушы, акад. А.Н. Кононов “Отандық түркітанушылардың биобиблиографиялық сөздігі” деген еңбегінде (1974) Б-тың толық өмірбаянын беріп, әлеум.-қоғамдық қызметін, басты еңбектерін нақты айтты. Оның қазақ әліппесінің авторы екендігі, қазақ тілінің фонетикасы, синтаксисі, этимологиясы, әдебиет теориясы мен мәдениет тарихы оқулықтарын жазғандығы көрсетілді. 1988 жылдан кейін Қазақстандағы көптеген көше, мектептерге Б. есімі берілді. Тіл білімі ин-ты, Қостанай ун-ті Б. есімімен аталды. 1998 ж. оның туғанына 125 жыл толған мерейтойы салтанатпен атап өтіліп Алматы қ-нда респ. ғыл. конференция өткізілді, Байтұрсыновтың мұражай-үйі мен ескерткіші ашылды. 2.Тұтас буынның төл басы болған Байтұрсыновтың алғашқы кітабы — “Қырық мысал” 1909 ж. жарық көрді. Ол бұл еңбегінде Ресей отаршыларының зорлық-зомбылығын, елдің тұралаған халін жұмбақтап, тұспалдап жеткізді. Б. мысал жанрының қызықты формасы, ұғымды идеясы, уытты тілі арқылы әлеум.сананың оянуына ықпал етті. “Қырық мысал” діттеген жеріне тиіп, надандық, тәкаппарлық, күншілдік, аңқаулық, залымдық, т.б. теріс қылықтарды әшкереледі. Әлемдік сөз өнеріндегі ортақ сюжеттердің қолданылу дәстүрі — мысалдың жанрлық табиғатының ерекшелігі. Б. “Қырық мысалда” Эзоп, Лафонтен, Крылов, Абайдың мысалда пайдаланған дәстүрлі сюжеттерді негізге алып, ақындық қуат күштілігімен өзгеше төл туындылар жасады. Қазақ әдебиетінде Абайдан басталған жаңа арна — мысал жанры Б-тың “Қырық мысалымен” орнығып, ұлттық сипат алды. Оның мысалдары әлеум.-қоғамдық жағдайды меңзейтін оқиғалардың, адамдар психологиясынан хабардар ететін ғибратты тұжырымдардың молдығымен ерекшеленеді. Ақынның азаматтық арман-мақсаты, ой-толғамдары кестеленген өлеңдері “Маса” деген атпен жеке кітап болып жарық көрді (1911). “Масаның” негізгі идеялық қазығы — жұртшылықты оқуға, өнер-білімге шақыру, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу. Ақын халықты қараңғылық, енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерден арылуға шақырды. “Қазағым елім, Қайқайып белің, Сынуға тұр таянып, Талауда малың, Қамауда жаның, Аш көзіңді оянып, Қанған жоқ па әлі ұйқың, Ұйықтайтын бар не сиқың?!”, — дейді ақын. Қазақ халқы үшін ең ауыр қасірет — отаршылық езгісі Байтұрсынов поэзиясының басты идеясына айналды. Ел тәуелсіздігі үшін күресте ол сөз бен істің жігін айыра білуді міндет етіп қойды. Ел намысын ойлаған ер қасиетін іздеп, зорлық-зомбылыққа мойымауға, бостандық, еркіндік жолында күресуге қайрады. Бодандық қамытын киген жұртының қалыптасып отырған әлеум.-саяси жағдай туралы өзіндік көзқарасын қалыптастыруға ұмтылды. Халық басына төнген қатер, елдің тұманды болашағы туралы Байтұрсынов айқын да ащы айтты: “Ұйқышыл жұртты, Түксиген мұртты, Обыр орып, сорып тұр. Түн етіп күнін, Көрсетпей мінін, Оятқызбай қорып тұр. Обыр болса қамқорың, Қайнағаны сол сорың!”. Қалың қазақ жұртының алғашқы естіген төңкеріс рухындағы сөзі, қазақ оқушысына естілген елшілік ұраны “Қырық мысал” мен “Маса” еді. 20 ғ. басындағы қазақ оқығандарының тәуелсіздік жолындағы күрескерлері мен зиялылары осы кітаптардан демеу алды. Халық енжар күйінен арылып, қазақ рухы көтерілер ме екен деген ұлы мақсат өз қызметін атқарды. Абайдың ағартушылық, сыншылдық дәстүрін жаңарта отырып, Б. 20 ғ. басындағы қазақ әдебиетін төңкерісшіл-демократтық дәрежеге көтерді. Сондай-ақ, Б. Пушкин (“Балықшы мен балық”, “Алтын әтеш”, т.б.), Лермонтов (“Мцыри”), Вольтер, Надсон өлеңдерін аударды. Бұл аудармалар — тың тақырыпты, идеялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылар.
2. Қазақ әдебиетінің ақтаңдық беттерінің қаралы жолдарындағы тізімін М.Жұмабаев есімі толықтырады. Ақын қаламынан балалар мен жасөспірімдер ұғымына сай келетін сандаған туындылар туды.
М.Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңі 1920 жылдары жазылып, 1922 жылы жарық көреді. Өлең «М.Жұмабаевтың өлеңдері» жинағына енген болатын. Жинақты құрастырып, алғы сөзін жазған Б. Күлеев еді.
Ақын «Бөбектің тілегі», «Мен жастарға сенемін», «Ата, бата», «Өнер-білім қайтсе табылар», «Балапан қанат қақты» атты шығармалары арқылы халық ағарту ісінде жастардың сауаттану мәселесін көтереді, адамгершіліктің биік парызын өтеуді, адамдар арасындағы бір-біріне қамқорлық көрсету, мейірім таныту секілді асыл сезімдердің жоғалмауына, жоғарылауына бар ықыласын қояды. Әлпештеп баққан аяулы анасына деген сағынышты «Анама» өлеңінде тек Мағжанның өз анасы ғана емес, әлемнің барлық баласы мен анасының мейірім, махаббаты сыйып кеткендей.
«Ата-баба» өлеңінде қазақ халқының ұлттық дәстүрі – бата беру, баланың үлкендерден бата сұрауы айтылған. Бұл өлең алғаш рет 1927 жылы жарыққа шыққан «Балаларға тарту» атты жинаққа енген. Өлеңде мектептен оралған Мәрияш есімді оқушы қыздың атасынан бата сұрауы, оған жүрегін қуаныш кернеген қарияның ақ жүрегімен немересіне оң жол тілеп:
Бата десең, қарт атаң,
Айналсын сендей ботасын
Оқы, құлыным, ғалым бол
Атаң берді батасын
деген тілегі баяндалады. Ақын қозғап, ұсынып отырған ой «оқу-білім, парасат, ақыл, ғылым» атты адамзатты биіктерге алып шығатын қастерлі ұғымдарды Марияштың атасының аузымен айтқызып, бүкіл жас ұрпаққа сара жол нұсқайды. Шағын ғана өлеңге сонша тәрбиелік мағына, ақыл-өсиет сыйғыза білген. Біріншіден, үлкенді қадірлеу, оның ақылымен санасу, екіншіден, қарияға бата бергізу ақылы ұлтымыздың ұлылығын, сөз төркінін бағалайтын қасиетін көрсету, (шындығында Мағжан батасыз іс бастамаған елдің ұрпағы екендігін ұрпақ санасына сіңдіру мақсатын көздеген), үшіншіден, өнер-білімге ұмтылған жастың қадамына тек сәттілік тілек айтылғандығын жеткізе білген. Яғни, барлық балаға оқу-білім, өнердің жолына түссең ғана, болашағың нұрлы, жолың даңғыл болады деген идия жатыр.
М.Жұмабаевтың «Балапан қанат қақты» атты қара сөзбен жазылған өлеңі 1916 жылы жазылған болатын. Бұл шығарманың жазылу тарихы: Омбы қаласында мұғалімдер семинариясында оқып жүрген Мағжан 1916 жылы өзі редакторлық етіп «Балапан» атты қолжазба журналын ұйымдастырады. Осы кезеңде ақын қаламнан өзіне пана алмай қиыншылық көріп не амал қыларын білмей сандалған, жан-жағынан жәрдем күткен әлсіз де нәзік балапанның мүшкіл халін әсерлі де әдемі тілмен баяндалған жазылған «Балапан қанат қақты» атты қара сөзбен жазылған өлеңі дүниеге келді. Қаламгер аштық пен суыққа ұшыраған балапанның жайы арқылы қазақ жастарының рухани шөлін көрсеткен.
Ақын шығармашылығында жастарды өнер мен білім алуды табаны, талантты болуға шақырып, оларға зор сенім артып, үлкен үмітпен қарады.
3. Жүсіпбек Аймауытов – жазушы, ақын, аудармашы, ғалым, ұстаз, сыншы, әнші, сазгер.
Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Қызылтау болысының бірінші ауылында туған. Жүсіпбектің 15 жасқа дейінгі өмірі өз ауылында өтеді. Ол ауыл молдасынан оқып сауат ашады.
1911 жылы Керекуге келіп, екі класты орыс-қазақ мектебіне орналасады. Әуелі сол мектепте, кейін сол интернатта білім алып, 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына түседі, оны 1919 жылы бітіреді. Жүсіпбектің алашордашылардың істеріне араласатыны да осы кез. Семейде ол “Абай” журналын шығарысады.
1919 жылы Жүсіпбек алашордадан бөлініп, Совет өкіметі жағына шығады. Коммунистік партияның қатарына кіреді. Семейде, Павлодарда партия, совет жұмыстарын атқарады. 1920 жылы Қазақстан Советтерінің Құрылтай съезіне делегат болып қатысады. Содан кейін, Қазақ АССР Халық ағарту комиссариатында басшылық қызметте қалады. 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі болып ауысады. Кейін “Қазақ тілі” газетінің редакторы болып істейді. 1922-1924 жылдары Қарқаралыда мектеп мұғалімі болып, 1924-1926 жылдары Ташкентте шығатын “Ақ жол” газетінің редакциясында қызметтер атқарады. 1926-1929 жылдары Шымкент педагогикалық техникумының директоры болады. Ара-тұра сол кездегі саяси науқандарға араласады. Торғай уезінің ашыққан халқына жәрдем ұйымдастырып, жиналған малды “өзі пайдаланып кетті” деген жаламен жауапқа тартылып, артынан ақталады. Содан 1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйымымен байланысы бар деген сылтаумен қайта тұтқынға алынады.
Жүсіпбек Аймауытов — ақын, прозашы, драмашы, сыншы, публицист, аудармашы. Әдебиеттің әр алуан жанрларында белсенді қызмет ете отырып, Жүсіпбек революциядан кейін туған жаңа кеңестік әдебиеттің негізін салушылырдың алғы легінде болды. Көптеген ірі шығармаларымен жаңа жанрлардағы ізденістерді орнықтырды.
Ж.Аймауытовтан қалған мұра аса бай. Оның ішінде “Қартқожа”, “Ақбілек” романдары, “Күнікейдің жазығы” повесі мен көптеген әңгімелер, “Рабиға”, “Мансапқорлар”, “Ел қорғаны”, “Қанапия мен Шәрбану, “Шернияз” атты пьесалар, өлеңдер мен “Нұр күйі” поэмасы, балаларға арналған ертегі кітапшалар, сын мақалалар мен көптеген аударма кітаптар оқулықтар бар. Өз кезіндегі газет-журналдар бетінде Жүсіпбек жазған мақалалар да бірсыпыра. Оларды толық жинап бастыру, зерттеу- алдағы күннің міндеті.
Жүсіпбектің “Қартқожа” романы тұңғыш рет 1926 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап болып басылып шықты. Бұл — қазақ кедейінің өмірін, оның әлеуметтік арпалыстар кезіндегі күрделі тағдырын эпикалық үлгіде көркем бейнелеуге арналған қазақ әдебиетінің алғашқы елеулі шығармасы. Онда қазақ ауылының революция алдындағы және әлеуметтік қақтығыстар кезіндегі тіршілігі, азаттық жолындағы күрестен кейінгі жаңа ұмтылысы шыншылдықпен бейнеленеді. Әсіресе, жазушы осы тартыстар талқысында қазақ кедейінің қоғамдық теңсіздік сырларын түсінуге жетіп, әлеуметтік әділетсіздіктің себептеріне ой жіберуін нанымды суреттейді. Шығарманың негізгі кейпкерін де Жүсіпбек осы тұрғыдан көрсетеді. Бұл — автордың таптық позициясының өткірлігін және ұстамдылығын танытады. Шығарма тарихтың осындай бір кезеңді, шытырман оқиғаларға толы тұстарындағы қазақ ауыл өмірінің жалпы шындығын жұмсартпай, шынайы, кең тұрғыда суреттей алуымен де бағалы. 1916 жылы ұлт- азаттық қозғалысының басталуы мен оның 1917 жылы ақпан революциясына ұласуы, қазақтардың ел ішіндегі әлеуметтік күрестерге араласуы. “Алашорданың” құрылуы мен ақ әскерлерінің большевиктерге қарсы күресі. Қазан революциясы мен азамат соғысының жеңісті оқиғалары роман сюжетіне негізгі желі боп кіреді. Шығарма қаһарманы Қартқожа да, оның елі, жұрты да осы оқиғалар фонындағы тартыста есейіп, есін жинап, ілгері басады, болашаққа қарайды.
“Ақбілек”- жеке кітап болып басылып үлгермеген шығарма. Ол кезінде “Әйел теңдігі” журналының 1927,1928 жылдар ішіндегі бірнеше санында жарияланған.
“Ақбілек” тақырыбы жағынан “Қартқожа” романымен үндес. Егер “Қартқожада” жазушы ескі қоғамдық құрылыс жағдайында теңсіздікте күн кешкен қазақ кедейінің Социалистік революциядан соң құлдықтан құтылып, азаттық күрес жолына шыққанын суреттесе, “Ақбілекте” де осы идеяны жалғастырады. Мұнда феодалдық- рушылдық ортада жікшілдік тартыстардан қорлық көрген қазақ қызының жаңа заман шындығын пайдаланып, өз бақытын табуы, тең праволы азамат болуы бейнеленеді. Романның басты кейіпкері — Ақбілек әкесіне өшіккен Мұқаш деген жігіттің көмегімен қашқан ақ әскерлерінің қолына түсіп, бірқатар қорлық көреді. Одан кейінгі өз ауылында әйелді қолжаулық көрген ортаның азабын шегеді, атастырған күйеуінен айырылады. Ақыры жаңа заман туып, Ақбілек ағасының көмегімен қалаға кетіп, оқу оқып, бақытын табады. Жалпы алғанда, “Ақбілек”- бір қыздың тағдыры негізінде әлеуметтік революциялар дәуіріндегі қазақ аулының жаңаруын суреттейтін алғашқы қазақ романының бірі.
“Күнікейдің жазығы” повесі 1928 жылы “Жаңа әдебиет” журналында жарияланған. Мұның тақырыбы- әйел теңдігі тақырыбы.
4. Мәнерлеп оқуға қатысты негізгі ой-тұжырымдарды бүгінгі заман талаптарымен үндестіріп және сөз мәдениетін арнайы сала ретінде тұжырымдап берген іргелі еңбектер Н.Уәлидің “Сөз мәдениеті” және “Сөз мәдениетінің ғылыми-теориялық негіздері” атты зерттеулері болды. Бұл еңбектерде сөз мәдениетінің категориялары, сөз мәдениетінің ғылым саласы ретіндегі маңызы, мәнерлеп оқуды теориялық тұрғыда дәйектелген.
Сөз мәдениетін оқу пәні ретінде қарастыру үшін “тіл мәдениеті” мен “сөз мәдениеті” деген терминдердің аражігін, олардың қарастыратын нысандарын анықтап алу қажет болды. Ғалымдар арасында пікірталас тудырған бұл терминдер туралы Т.Қордабаев: “Өмірде мәдениетті тіл, мәдениетсіз тіл деген болмайды, мәдениеттілік те, мәдениетсіздік те тілді қолдануда, сөйлеу (жазу) процесінде болады. Тіл мен сөйлеу бір-бірімен айырылмастық бірлікте болатындарына қарамастан, бұл екеуінің бірлігі – тепе-теңдік бірлік емес, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар диалектикалық бірлік. Тіл дегеніміз – сөйлеуге қажетті материалдардың жиынтығы. Ал сөйлеу – сол жансыз материалдардың өзара қарым-қатынасқа келуі, тілдің қимыл үстіндегі күйі. Тілге жақсы, жаман, мәдениетті, мәдениетсіз деген сын жүрмейді. Осы себептен “тіл мәдениеті” дегеннен гөрі “сөйлеу мәдениеті” деу өз мазмұнына сай келеді”,- деп көрсетті.
Ғалым Р.Сыздықова: “Сөз мәдениеті” дегенді “сөйлеу”, яғни “тіл жұмсау” тәртібі (мәдениеті) деп танимыз. Демек, бұл жердегі “сөз” – орысша “речь” дегеннің баламасы. Соңғы термин “тілдің қолданыстағы көрінісі” дегенді білдіретіні мәлім. Бізде ғылымның бұл саласын атауда “тіл мәдениеті” деген тіркес жиірек қолданылып жүр. Бірақ мазмұнға сай дәлірегі, дұрысы – “сөз мәдениеті”. Сөз мәдениеті тек тілдің нормаларын бұлжытпай (“сықитып”) дәлме-дәл сақтау ғана емес, айтпақ ойды тыңдаушыға жүрекке жылы тиетін, “айналасы теп-тегіс жұмыр келген”, әсерлі етіп жеткізу жайын да қатар қамтуы тиіс”,- деді. [1] Ғалым Н.Уәли “тіл мәдениетінің” әдеби тілдің нормасы туралы білім саласы ретінде пайда болғанын, оның жалпы “сөйлеуде, жазуда тіл амалдарын дұрыс қолдана білу” деген ұғымды танытатынын атап көрсетті. Зерттеуші “сөз мәдениетінің қарым-қатынас құралын қалай игеріп, өмірде қалай пайдаланып жүрміз, оның әр қилы амал-тәсілдерін дұрыс, дәл, тиімді қолданып, мазмұнды, әсерлі етіп жұмсай алдық па дегенге саятынын” айтады. Ол сөз мәдениетінің екі сатысын айқындап берді. Ғалым З.Бейсенбайқызы: “Тіл мәдениеті” ұғымы көбіне-көп қарым-қатынас құралы болып табылатын тілді жетілдіре беруге, негізгі нормаларын қалыптастыра түсуге тікелей жәрдемі тиетін грамматикалар, сөздіктер, түрлі анықтама құралын жасау бағытында іс-әрекеттерді қамтиды”,- деп тұжырымдады.