Байланысты: Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеудің теор. негіздері ДОКТ-лекция
Қазақ баспасөзі ХХ ғасыр басындағы толқулар (1905-1907) оқиғалар қазақ даласында түрліше бағыттағы газет-журналдардың шығуына, сол негізде қоғамдық ойдың жетілуіне біршама жол ашты. Бұл кезге дейін қазақ тілінде шығып тұрған "Дала уалаятының газеті" (Омбы, 1888-1902) ғана болса, 1907 жылы "Қазақ" (Троицк), 1911 жылы "Қазақстан" (Орда) газеттері шығып, ұзамай қайта жабылып қалды. Осылардың ішіндегі Троицкідегі демократиялық бағытта болған "Айқап" журналының шығуы (1911-1915) Қазақстандағы қоғамдық-саяси ой-сананың күрт өзгергендігінің жарқын белгісі болды. Онын редакторы - М.Сералин (1872-1929) еді. Журналдың ағартушылық бағытына 1909 жылы Петербургте басылып шыққан Абай өлеңдерінің әсері тиген еді. "Айқап" журналы сияқты ой-санаға өлшеусіз қызмет еткен "Қазақ газеті" болды (1913-1918). Газеттің редакторы - А.Байтұрсынов болды. Бұл басылымдар өзара тартыста көрінсе де қазақ халқына көрсеткен тарихи қызметі аз болған жоқ.
1917 жылы "Сарыарқа" (Семей), "Үш жүз" (Петропавл), "Бірлік туы" (Ташкент) газеттері шығады. Бірақ олардың ғұмыры ұзақ болмады. Осы мәдени өрлеудің нәтижесінде қазақ халқының арасынан да газет-журнал оқушылар саны арта түсті. Бағыттары әр түрлі болса да, бұл баспасөз құралдарының жұртшылық пікірін оятуға тигізген әсері зор. Мысалы "Айқап" журналы өз маңына прогресшіл-демократиялық бағыттағы жазушыларды топтастырса, "Қазақ" Газетінің төңірегінде де қазақ оқығандары аз болған жоқ. Бұл екі бағытт та Абайдан соңғы кезеңдегі әдебиетіміздің өсіп жетілуіне өзгеше үлес қосты. Сонымен қатар жазба әдебиетке бейімделген Мәшһүр Жүсіп Көпеев "Хал-ахуал" (Қазан, 1907ж.), М.Сералин "Топ жарған" (1900), "Гүлхашима" (1903), Ш.Құдайбердиев "Қалқаман-Мамыр" (Семей, 1912) т.б. қаламгердің жинақтары жарық көрді. Жәдит рухындағы мектептерге арналған тарих оқулығының алғашқы үлгілері де осы кезде басылып тұрды (Тұрғанбаев М. "Пайғамбар заманы" бастырушы Қалжан Қоңыратбаев. Орынбор, 1915ж.). Бұл шығармаларда феодализм мен капиталистік қоғамның саяси тәртібіне сыны, сарыны да бар еді.
Сөйтіп, ХХ ғасыр басындағы сыншыл-реалисттік бағыттағы әдебиет қазақ халқының сана-сезімін жетілдіріп ғана қоймай, оны 1916 жылғы ұлт бостандығы күресін әкелген еді. Қазақ халқына орасан зор рухани күш берген баспасөз ілгері даму үстінде болды. ХІХ ғасырда қазақ тілінде бір ғана газет болса, аталған кезеңде алты газет, бір журнал болды. Сондай-ақ қазақ тілінде ол ғасырда небәрі 70-шақты кітап басылып шықса, ХХ ғасырдың бас кезінде (1907-1917) екі жүзден астам кітап шықты.Солардың ішінде 70-ке жуығы қазақтың сол кездегі ақын, жазушыларының күнделікті тақырыпқа сол заман тақырыбына жазған шығармалары, өлең жинақтары, дастан поэмалары, әңгіме, романдары, оригиналдық шығармалары, бұл әдебиеттің қай жағынан болсын өскенін көрсетеді.
Ең алдымен ғасыр басында қазақтың ақын-жазушылары көбейді. Олар жазба әдебиет стилінде тыңнан, оригиналдық шығармалар жазатын, өзіндік стилі бар ақын көбейді. Бұрын тек өлең-жыр болып келетін, жалаң поэзиялық әдебиет болса, енді жаңа әдебиет жанрлары, яғни прозалық (повестер, роман), драмалық шығармалар көрінді, кәсіби әдебиетке айнала бастады.