Педагогикалық тәжірибені зерттеу әдісі – білім беру процесін ұйымдастыруда жинақталатын тәжірибені зерттеу тәсілдері. Онда бақылау, әңгіме, сауалнама (анкеталау), интервью – оқушылардың жазба графикалық және шығармашылық жұмыстарын, педагогикалық құжаттарды зерттеу әдістері енеді.
Теориялық әдістер – талдау, синтез, жалпылау, жіктеу, салыстыру, ұғымдармен амалдар жасау, модельдеу, ойша эксперимент. Теориялық талдау – педагогикалық құбылыстардың жекелеген жақтарын, белгілерін, ерекшеліктерін, қасиеттерін бөліп көрсету және қарастыру. Жекелеген фактілерді талдай, топтай және жүйелей отырып, олардағы жалпы және ерекшені анықтап, жалпы тұжырым немесе ережені анықтауға болады. Демек, синтез талдаумен қатар жүре отырып педагогикалық құбылыстар мәнін тереңдете ашуға мүмкіндік береді. Теориялық талдауда жалпылаудың логикалық әдістеріне жататын индуктивтік және дедуктивтік әдістері де бар. Индуктивтік әдіс ойдың жеке пікірлерден жалпы тұжырымдарға, ал дедуктивтік – жалпы тұжырымнан жеке пікірлерге қарай бағытталуы болып табылады. Теориялық әдістер мәселені анықтау, болжамды тұжырымдау және жинақталған фактілерді бағалау үшін қажетті.
Әдебиеттермен жұмыс әдістері: Библиография құру; Рефераттау; Конспектілеу; Аннотациялау; Цитаталау.
Математикалық әдістер – педагогикада зерттеу нәтижесінде алынған мәліметтерді өңдеу, сандық көрсеткіштерін белгілеу қажет. Кең таралған түрлері: ранжирлеу, тіркеу, шкалалау. Математикалық әдістер – педагогикада математикалық әдістер сауалнама және эксперимент әдістерімен алынған мәліметтерді өңдеу үшін сонымен бірге зерттелетін құбылыстар арасындағы мөлшер тәуелділігін орнату үшін қолданылады. Яғни, педагогикада қолданылатын математикалық әдістер сұрау және эксперимент әдістері көмегімен алынған мәліметтерді өңдеу үшін, сол сияқты зерттелетін құбылыстар арасындағы сандық байланыстарды анықтау үшін қолданылады. Бұл әдістерді қолдану эксперимент нәтижелерін бағалау, жасалған тұжырымдар сенімділігін арттыру мүмкіндігін бере отырып, теориялық жалпылаулар жасауға негіз бола алады. Материалды жаппай өңдеуде алынған көрсеткіштердің орташа шамасын, орта арифметикалық мәнін, медиананы – қатар ортасы көрсеткіші, дисперсияны (орташа квадраттық ауытқуды, вариация коэффициенті және т.б.) қолдануға болады.
Математикалық әдістерді қолдана отырып сандық байланыстарды графиктер, диаграммалар, кестелер түрінде беруге болады.
Педагогикада сандық әдістерді қолданудың екі бағыты бар. Бірі – бақылаулар мен эксперимент нәтижесін өңдеу үшін, екіншісі – оқу-тәрбие үрдісін модельдеу, диагностикалау, алдын-ала болжам жасау, компьютерлдендіру. Бірінші бағыттағы математикалық әдістер регистрация (тіркеу), ранжирлеу (рангке бөлу), шкалалау. Регистрация – қарастырылып отырған құбылыстардағы белгілі бір қасиеттің болуын анықтап, ол қасиеттердің байқалу және байқалмау санын анықтау. Ранжирлеу – жинақталған мәліметтерді белгілі бір ретпен орналастыру (белгіленген көрсеткіштердің кемуі немесе артуы), белгіленген қатардағы зерттелетін объектінің орнын анықтау. Шкалалау – зерттелетін сипаттамаларды балл немесе басқа да сандық көрсеткіштер арқылы көрсету. Өлшемдік шкалалардың бірнеше градациясы белгілі: атаулар (номиналдық) шкалалары, реттік (рангтық) шкала.
Педагогикалық зерттеулерде түрлендіруші құрал ретінде модельдеу қолданылады. Ғылыми модель – бұл зерттелетін объектіні сәйкес ойша бейнелейтін немесе материалды іске асырылған жүйе және ол зерттеу пәнін алмастыра алады және оны зерттеу объектісі жайлы жаңа ақпараттар алуға кӛмектеседі. Модельдеу – модельдер жасау және оны зерттеу әдісі. Модельдеудің басты артықшылығы ақпараттарды тұтастай бейнелеп көрсету мүмкіндігін береді. Модельдеуді үш мақсатта қолдану пайдалы: эвристикалық – жаңа заңдар, жаңа теориялар тауып, белгілеп жіктеу және алған мәліметтерді интерпретациялау үшін; есептеу – модель көмегімен есептеу мәселелерін шешу үшін; экспериментальдық – қандай да бір модельдерді қолдана отырып, болжамды эмпирикалық түрде тексеру үшін. Педагогикалық зерттеу ұстанымдары. Әрбір ғылымның нақты ғылыми әдіснамасы және оның практикасы салыстырмалы түрде өзара ерекшеленетін ұстанымдарда және зерттеу әрекетіне қойылатын талаптарда көрініс табады. Олар теорияны мен практиканы біріктіреді, практикада қажетті ғылыми негізделген бағыттар ұсынады.
Ұстаным және талаптың айырмашылығы мынада: ұстаным терең және жан-жақты ғылыми негізделген (объективті заңдылықтарды есепке алу негізінде әлеуметтік мәнді мақсаттарға жету тәсілдерін белгілейді) және жалпылама сипатқа ие (осы салада кездесетін барлық ситуациялардағы зерттеулерде қолданылады). Ұстанымды міндетті түрде орындау қажет. Талап теориялық жағынан терең және жан-жақты зерттелмеуі мүмкін, педагогикалық ситуацияның тек бір бөлігіне қатысты қолданылады. Нақты талаптар белгілі бір ұстанымнан туындайды, бірақ оларды қолдану ситуация ерекшелігінен шығады.