Сақтандыру шаралары. Бүйректе нәрдің жетіспеуіне апарып ұрындыратын заттардың мал организміне еніп кету мүмкіншіліктеріне жол берілмейді.
Цистит
Цистит- қуықтың қабынуы. Бұл ауруға көбіне ірі қара мен ит шалдығады.
Аурудың себептері. Осы ауру қуықтың сілекей қабығын несеп тасы, несептегі улы заттардың тітіркендіруі, қуыққа түтік енгізгенде қуықтың зақымдануы, қуыққа сөл не қан арқылы қуық жолымен (әбден тазартылмаған түтік қолданғанда) стрептококк, стафилакокк, іріңдеткіш таяқша, ішек — қарын таяқшасы және басқа микроорганизмдер енуі салдарынан пайда болады. Аурудың дамуына қуықта несептің іркіліп қалуы себеп болады.
Аурудың барысы. Ауру жіті және созылмалы түрде өтеді. Циститтің жеңіл түрі болса, мал айығып кетеді. Уытты жара пайда болып, кілегей қабық өлі еттеніп кетсе, цистит ауыр өтеді, ол пиелитпен, пиелонефритпен, перитонитпен асқынады.
Аурудың белгілері. Несептің жиі және әрең шығуы, қолмен сипағанда ауырсыну қуықтың жіті қабынуына тән жағдай. Ауру мал несепті жиі шығарады, несеп шыққанда ауырсынады, қиналады. Несеп лайсаң болады, онда белок және ірің көп. Несепті микроскоп арқылы зерттегенде кілегей, лейкоцит, эритроцит, қуық эпителийлерінің көп екені анықталады. Несеп аммиякты ашу процесінде трипельфосфат кристалдары, ал ет қоректілерде -несеп қышқыл аммониі көп болады. Ауру созылмалы түрде өткенде, оның белгілері айқын біліне қоймайды.
Емі. Ауру малға тыныштық жағдай жасалады, жиі суарылады, тітіркендіргіш азықтар беру тоқтатылады. Сонымен қатар антибиотиктер, уротропин, салол сульфаниламид препараттар қолданылады, жылы клизма жасалады. Ауру малға тез қорытылатын жемшөп беріледі. Қуық жіті қабынғанда несеп айдағыштар; қайың бүршігінен әзірленген шай, аюқұлақтардың, дала қырықбуынының қайнатпасы т.б беріледі. Новокаинның 2 проценттік жылы ерітіндісімен шағын ғана клизма жасау жақсы нәтиже береді. Қуық жіті қабынғанда оның ішін жуып тазартуға болмайды. Аурудың созылмалы түрі кезінде, қуық жіті түрде қабынғанда қолданылатын емнің жоғарыда көрсетілген тәсілдерінен басқа, қуықты жуып тазарту керек, онан соң оған антибиотиктер, азот қышқылды күміс (0,1 процент), риванол (1:1000), 0,25-0,5 проценттік ляпаис ерітіндісін, 1-3 проценттік каллоргал ерітіндісін енгізу қажет. Микрофлораны құрту үшін қуық ішіне дезинфекциялағыш заттар жіберу белгіленеді. Сонымен қатар негізгі ауру емделеді.
Достарыңызбен бөлісу: |