Сақтандыру шаралары. Іріңді процестер қоса қабат келетін аурулардың алдын алады. Урологиялық шараларды қолданған кезде, әсіресе қуыққа катетер жібергенде және қуықтың ішін цистокоппен қарағанда, сол сияқты малды қолдан ұрықтандырғанда антисептикалық ережелерді қатаң орындау қажет.
Пиелит
Бүйрек астауының қабынуы, ол көбіне жылқыда, шошқада, итте кездеседі.
Себебі. Бұл ауру бүйрек астауының кілегей қабығын несеп тасының, несеп ыдырауы нәтижесінде түзілген өнімдердің, паразиттердің тітіркенуінен болады. Кейде пиелит азықтан уланудан, бүйректегі қабыну процесінің бүйрек астауынан ауысуынан сол сияқты кейбір індетті ауру салдарынан жылқының сақауы, шошқа тілмесі және т.б), микроорганизмдердің бүйрек астауына енуі салдарынан пайда болады.
Белгілері. Ауру мал несепті жиі шығарады, бүйректі сырттан сынап қарағанда мал бел түсын ауырсынады, бүйрек астауы ұлғаяды, тік ішек арқылы бүйректі сипағанда мал оны ауырсынады, несепте сілекей, ірің, кейде эритроцит болады.
Барысы және болжау. Аурудың жеңіл түрінде мал пиелиттен айығады. Іріңді пиелитке көбіне іріңді нефрит ұштасады, және несеп жолы бітеліп қалады, осының салдарынан малдың айықпауы да мүмкін.
Ауруды анықтау. Пиелиттер клиникалық белгілеріне және несепте бүйрек астауының эпителийі болуына қарай анықталады, бірақ, бұл жағдайда қуық қабынуын ажырату керек.
Емі. Ауру малға тыныштық жағдай туғызады, рационнан тітіркендіргіш азық түрлері және тұз шығарылып тасталады. Бүйрек астауын дезинфекциялау үшін сульфазол, уротропин немесе салолол, әдеттегі мөлшерде, күніне 2 рет беріледі. Несеп айдағыш дәрі есебінде ересек малға 20-50 г ұсақ малға 1-3 г толокнянка берген жақсы. Сол сияқты сульфаниламид препараттар және антибиотиктер — пенициллин, стрептомицин және басқалар қолданылады.
Нефроздар
Нефроздарға бүйрек өзгерістері мен түйіндерінде дистрофиялық процестердің дамуымен сипатталатын бүйрек аурулары жатқызылады.
Аурудың себептері. Ауру көбінесе организмде улану-жұғу процестерінің , улы заттармен уланудың негізінде асқына түседі.
Белгілері. Ауру жіті өткенде малдың әуке, құрсақ, аяқтары маңының және басқа жерлерінің ісінгені айқын білініп тұрады. Қан қысымы бірқалыпты. Несептен көптеген белок, эпителий, эпителийлік және түйіршікті цилиндрлер табылады. Гемолиз уымен уланудан пайда болған нефроз несепте гемоглобин бар екені білінеді, гемоглобинурия дамиды. Қандағы протейннің мөлшері азаяды, сөйтіп гипопротейнемия пайда болады. Сәл ғана білінетін шел астындағы ісік, құрсақ және көкірек қуысына судың толып кетуі созылмалы нефрозбен қоса қабат келеді. Несептің қоюлығы едәуір кеміп кетеді. Несепте белоктың, эпителий клеткалары, гиалиндік, түйіршік және балауыздық көпіршіктері өте көбейгені байқалады. Малдың қоңы төмендейді.
Аурудың барысы. Нефроздар жіті де, созылмалы түрде өтуі мүмкін. Олардың бірінші түрінде ирек өзектердің өлі еттенуімен, екінші түрінде -амилодтық азғындаумен ұштасады.
Емі. Улану себептерін жояды. Белок алмасуын қалыпқа келтіру үшін ауру малға берілетін азықтың құнды белогы мол болуы қажет. Метионинді сиырға 25-30 г, бұзауға, ұсақ қараға және шошқаға 0,5-2,5 г, ігтке 0,3-1 г, қозыға және торайға 0,05-0,2 г күніне 2-3 реттен жемшөпке қосып береді. Сонымен бірге метиониннің 5 проценттік жылы ерітіндісін бұлшық етке енгізу, А, Е, Д, В1, В6, В12 витаминдерін қолдану тиімді келеді. Соңғы кезде нефроздарды емдеу үшін стеройдты гармондары пайдаланылып жүр. Ауру жұғу арқылы асқынғанда кейбір жағдайда антибиотиктерді де қолданған жөн.
Достарыңызбен бөлісу: |