Дәріс-9. Мал ауруларын физикалық күштермен емдеу әдістерінің техникасы
Жоспары:
Физикалық емдеу туралы түсінік
Сумен емдеудің негізі, техникасы
Жылытқыштар, қыздырғыштар, вапоризация
Шипалы балшықтармен, шымтезекпен және саз балшықтармен емдеу техникасы
Парафинмен, озокеритпен емдеу техникасы.
Жарық сәулелерімен емдеу техникасы.
Физиотерапия Физиотерапия – (гр. physis – табиғат; therapeia – емдеу) организмге сыртқы ортаның кейбір табиғи күштерінің немесе қолдан жасалған физикалық факторлардың әсерлерін ауруларды емдеу және олардан сақтандыру үшін қолдану әдістерін оқытатын ілім.
Табиғи физикалық факторларды ем ретінде қолдану өте ерте кезде қолға алына бастаған. Бірақ ол кезде емдеу әдістеріне ғылыми негіз қаланбаған. Ол факторлардың негізін түсініп, ғылыми тұрғыдан дәлелдеп қолдану біздің эрамыздың XVII ғасырынан басталады. Ал физиотерапия жеке пән болып оқу орындарында XX ғасырдан бастап оқытыла бастады.
Мадәрігерлік тәжірибеде физикалық факторларды мал ауруларын емдеу және олардан сақтандыру шаралары ретінде қолдану туралы деректер XX ғасырдың 30-шы жылдарында жарыққа шықты.
Физикалық факторларды пайдаланудың негізі:
физикалық факторлар мал организміне терінің және кілегей қабықтардың рецепторлары арқылы әсер етеді;
кез келген физикалық факторларда энергияның қоры болады, ол мал организміне беріледі;
энергия организмге сіңірілгенде тітіркену пайда болып, рефлекс құбылысы іске қосылады.
Физикалық емдеу әдісін таңдап алу аурудың жағдайына байланысты жүргізіледі. Малдәрігерлік тәжірибеде жиі қолданылатын әдістер:
ыстықтық-суықтықпен емдеу;
сумен, шипалы балшықпен, шымтезекпен, парафинмен, озокеритпен, құммен және басқа да механикалық әдістермен емдеу;
электр тоғымен емдеу;
жарық сәулесімен емдеу.
Ауруларды емдеуде ыстықтық пен суықтықты пайдалану өте көп тараған, ертеден келе жатқан әдістердің қатарына жатады. Бұл әдістің негізгі мақсаты – мал организмінде олар ауырған кезде болатын ауытқуларды қалпына келтіру.
Ыстықтық-суықтық ең бірінші кезекте терінің рецепторларына әсер етеді де, ол әсер шартты және шартсыз рефлекстер арқылы барлық организмге тарайды. Мал организмінің сыртқы ортаның ерекшеліктеріне бейімделуіне жағдай туғызады.
Емдік ретінде су мен жылулықтың табиғи және жасанды түрлерін пайдаланады. Суды пар, мұз, қар ретінде де қолдануға болады. Міне сондықтан да, сумен емдеу әртүрлі температурадағы суды емдік ретінде пайдалану әдісі. Кей кезде бұл әдіс механикалық және химиялық тітіркендіру әдістерімен қабаттаса жүргізілгенде жоғарғы нәтиже алуға болады.
Сумен емдеу оның төмендегідей физикалық және химиялық қасиеттерінің ерекшеліктеріне сүйене отырып жүргізіледі:
су – тітіркендіргіш (бұл жерде оның температуралық факторының әсерінің рөлі зор);
су – еріткіш және температураны жеткізуші;
судың жылу сиымдылығы жоғары (1 грамм затты 1 градусқа жылытуға кететін жылудың мөлшері, грамм/каллория);
Судың жылу өткізгіштігі жоғары (1 º температурада көлдененң кесінің көлемі 1 см² заттан 1 секундта өтетін жылулық - каллория).
Сумен емдеудің жалпы және жергілікті процедуралары бар.
Сумен және жылулықпен емдеудің биологиялық негізі:
жылулықты рефлекс арылы реттеу;
терінің рецепторларына және тері астына жиналатын экссудат, транссудаттардың таралуына оң әсер ету арқылы ісікті болдырмау;
жүрек-қан тамырлары жүйесінің қызметтеріне оң әсер ету: суықтықты жүрек тұсына басқанда жүрек сирек және күштірек соғады, ал жылулық керісінше әсер етеді;
жүйке жұмысына оң әсер етеді: аз уақыт әсер еткенде оны қоздырады; көбірек әсер еткенде, керісінше, әлсіретеді. Судың жергілікті жансыздандыру әсері осыған байланысты;
бұлшық еттерге әсері: аз уақыт әсер еткенде бұлшық еттердің жирылуы күшейеді, көбірек әсер еткенде әлсірейді. Невралгиялық шаншуларда ыстықтық пен суықтықты қолданғанда судың осы әсеріне сүйенеді;
қанның құрамына әсері: қан элементерінің саны иен гемоглобиннің мөлшері көбейеді; жылулықтың әсерінен қарсы денелер жақсы түзіледі, ал суықтық оны әлсіретеді;
тыныс алу жолдарына әсері: суықтық аз уақыт әсер еткенде дем алу сирек және толық болады. Ал жылулықпен әсер еткенде дем алу жиі және үстіртін болады;
зат алмасу процесіне әсері: суықтықпен қалыпты жағдайда әсер еткенде организмде химиялық энергияның түзілуі жақсарады, ал жылулықта - әлсірейді;
тер мен зәр шығаруға әсері: тер су ваннасында 40º, су буында одан жоғарырақта, жарықта 50-60º, құрғақ ауада 60-70º болғанда жақсы шығады. Температура бұл көрсеткіштерден жоғары болғанда тердің шығуы азаяды. Ыстықтық пен суықтықтың әсерлерінен зәр шығару уақытша молаяды.
Ыстықтық пен суықтықты төмендегідей жағдайларда қолдануға болады.
Суықтық процедураларын:
әртүрлі қабыну процестерінде: жіті және іріңді түрлерінен басқа;
бұлшық еттердің жирылуын күшейту үшін;
зат алмасуын жақсарту үшін;
қан тамырларының өзегін тарылту үшін;
капиллярлардан аққан қанды тоқтату үшін.
Жылулық процедураларын:
қабыну процесінде түзілетін зиянды, токсикалық заттарды таратып, сіңіру үшін;
іріңді процестердің жетілуін жылдамдату үшін;
жарақаттанған тіндердің жазылу процесін жақсарту үшін;
тер шығару үшін;
бүйректердің жұмысын реттеу үшін;
жергілікті қан мен лимфаның айналысын жылдамдату үшін.
Жылулық және суықтық процедураларын төмендегідей жағдайларда қолдануға болмайды.
Суықтықты:
жедел іріңді процестерде;
өлі тіндер пайда бола бастағанда;
қан азайғанда.
Жылулықты:
қатерлі ісіктерде;
қан аққан кезде; аневризмдерде;
жүректің орны толтырылмайтын жеткіліксіздіктерінде.
Сумен байланысты процедураларды тері жарақаттарында (ылғалды экзема, гангрена) қолдануға болмайды. Мысықтар су процедурасына шыдамсыз келетінін ескеру керек.