балалар жеке емес, бірге оқығанда жетістіктерге жетеді;
мұғалім балалардың пайдасына бағдарламаға өзгерістер енгізе алады;
жұмыстың нәтижесі – бала меңгерген оқу материалы.
Мүмкіндігі шектеулі балалармен жүргізілетін жұмыста баланың әлеуметтік–психологиялық жайлылығын қамтитын технологияны қолдану арқылы оның эмоционалдық күйін, үйде, сыныпта, балабақшада үлкендер және құрдастарымен қарым-қатынасында өз-өзін психологиялық тұрғыдан жақсы сезінуін қамтуға болады.
Инклюзивті білім беруде оқу процесін ұйымдастыруда мұғалімнің қолындағы оқулықтар маңызды әдістемелік құрал болып табылады. Бейімделген оқулықтар келесі міндеттерді атқарады:
альтернативті форматты, бірақ бірдей мазмұнды немесе оқуға оңай, оқулықтармен қамту;
оқушылар бір сәтте мәтінді тыңдап, оқуға болатын аудио-оқулықтармен қамту;
оқулықтардың тарауларының қысқаша мазмұнын ұсыну;
жоғары деңгейде оқуға қызықты материалдармен қамту;
маңызды мәліметті белгілеу үшін маркерлер қолдану;
мектептік және үй тапсырмаларын орындауға арналған кітаптардың екі топтамасымен қамту;
маңызды тақырыптарды жазуға арналған есеп-карточкаларын қолдану;
дұрыс жауаптарды табу үшін парақтардың нөмірлерін көрсету;
көрмейтіндерге (соқырларға) арналған Брайль әліппесімен немесе нашар көретін балаларға арнап үлкен шрифтпен басылған альтернативті оқулықтармен және оқу материалдарымен қамту.
Инклюзивті білім беру жағдайында оқыту әдістерін де балалардың білім алу қажеттіліктеріне сай бейімдеу керек. Мұғалімдер балалардың психофизиологиялық және тілдік даму ерекшеліктерін ескеріп, жұмыстарында келесі тәсілдерді қолданулары тиіс:
жаттығуларды орындауға берілетін тапсырмалардың ауызша және жазбаша түрлерін қолдану;
оқу жүктемесіне сай және тапсырмалардың күрделілігіне байланысты оқу тапсырмаларын кезеңдеп түсіндіру;
тапсырмаларды кезеңдеп орындау;
оқытудың аудио-бейнелік техникалық және көмекші құралдарымен қамту;
орындалған тапсырманы көрсету (мысалы, шешілген математикалық есеп);
тапсырманы түсіндіру және орындау кезінде балаларға жақын болу;
құбылыстар арасындағы байланыстарды көрсетуге арналған белгілерді пайдалану (тақтада, жаттығу парақтарында).
Инклюзивті мектепті дамыту үшін жалпыға білім беру мектебін өзгертуде келесі іс-әрекеттер қарастырылады:
ерекше қажеттіліктері бар балаларға қосымша қызмет және қолдау көрсетуді қарастыратын оқу жоспарын, құрастыру;
теориялық білімдер жалғыз ғана мақсат болып табылмайды, оқу мазмұны баланың тәжірибесі, түрткілері мен оның өзіндік дамуына қосылуына негізделуі керек;
күнделікті оқу процесінде пайда болатын қиындықтарды анықтап, оларды жеңуде балаға қолдау көрсету, әрбір нақты жағдай үшін қарастырылған бағалау процедуралары арқылы баланың жеке даму ерекшеліктеріне жетекшілік жасау;
оқу процесінде мұғалім адекватты және қажетті технологияларды қолдануы керек;
физикалық кедергілерді жою және баланың мобильділігін, оқуы мен қарым-қатынасқа түсуін қамту үшін техникалық және компенсаторлық көмекші құралдарды қолдану.
Бұл бағытта басты роль және жауапкершілік білім беру ұйымдары мен мектептер басшыларына жүктеледі. Олар басқару процедураларын дамытып, бағдарламаларды, оқытудың түрлі қалыптарын және білім мен дағдыларын бағалау әдістерін, балалардың бір-біріне көмек беруін мобилизациялауды, кедергілерді жоюды, мектеп пен қоғамның, ата-аналардың арасында өзара тығыз байланыстарды қамтуға арналған нұсқау-әдістемелік материалдарды қайта қарастырулары қажет. Жергілікті орындау ұйымдары жалпыға білім беру мектептерінде инклюзия процестерінің дамуына жауапкершілікпен қарап, белсенділік танытып, инклюзия тәртібінде жұмыс жасайтын мектептерге қолдау көрсетулері міндетті.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың білім беру бағдарламаларын меңгеру мәселесін нәтижеге бағытталған білім беру модельдерін енгізу арқылы шешуге болады. Білім берудің жаңа парадигмасының бейнесі ретінде нәтижеге бағытталған, білім беру моделінің мақсаттары мен мазмұны компетенциялар түрінде ұсынылған, күтілетін нәтижелерге негізделеді. Даму бұзылыстары бар балаларға жоғары деңгейлі оқу жетістіктеріне қол жеткізуге түрлі деңгейлерде оқытуды енгізу, білімдерді бағалауда жаңа бағыттарды іске асыру мүмкіндік береді.
Батыс Еуропа мемлекеттерінің, АҚШ және басқалардың жағымды тәжірибесі дәлелдеді: оқу процесінің мұндай қайта қарастырылуы (бейімдеу мен модификация) әр баланың жекетұлғалық, әлеуметтік және интеллектуалдық өсуін қадағалап, оқу бағдарламасын меңгерудегі қиындықтарын уақытылы анықтап, жетістіктер деңгейін нақтылауға көмек береді (Р.А.Сулейменова, А.Т.Баймұратова).
Пысықтау сұрақтары
1. Инклюзивті білім берудегі қиындықтар дегенді қалай түсінесіз?
2. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпыға білім беру мектебіне қосу түрлерін атаңыз.
3. Психикалық дамуы тежелген, есту, көру, қимыл-қозғалыс аппаратында, интеллект, сөйлеу тілінде бұзылыстары бар, аутист балаларды жалпыға білім беру мектебінде оқыту шарттарын атаңыз. Бұл топтардағы денсаулық мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік бейімделудің қай түрі қажет?
4. «Оқу процесін бейімдеу» мен «модификациялау» түсініктеріне анықтама беріп, міндеттерін анықтаңыз.
5. Түрлі категориялы даму мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру материалдарын бейімдеу стратегияларына мінездеме беріңіз.
6. Даму мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты сыныптарға қосуда мұғалімнің ролін талдаңыз.
7. Оқулықтарды, оқу бағдарламаларын, білім беру бағдарламаларын бейімдеу жұмысы қалай іске асырылады?
8. Жеке оқу жоспары мен жеке білім беру бағдарламасына мінездеме беріңіз, олардың ерекшеліктері мен айырмашылықтарын талдаңыз.
9. Жеке білім беру бағдарламасының құрылымын сипаттаңыз.