Қазіргі білім берудің негізгі мақсаты – білім алушыға тек академиялық білім беріп, білік пен дағдыларды қалыптастыру емес, сонымен қатар жеке тұлғаның бойында әлеуметтік құнды іс-әрекеттерге қатыса алуы үшін өзіне де, қоғамға да қажетті қабілеттерін дамыту.
Білім беру үрдісі негізінде адам ғылыми-техникалық, жаратылыстану, әлеуметтік-гуманитарлық білімдер жүйесін меңгереді және мәдениет кеңістігінде өмір сүруге қажетті ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырады.
Білім беру мәселесімен тек педагогика ғылымы ғана айналыспайды. Білім беру үдерісін философия, әлеуметтану, психология, экономика, мәдениеттану, саясаттану, т.б. басқа әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар өз тұрғысынан зерттеп қарастырады.
«Білім беру» ұғымы ХҮІІІ-ХІХ ғасырлардан бастап ғылыми айналымға еніп (Д.Локк, И.Г.Песталоцци), бүгінде педагогиканың жетекші категорияларының бірі болып отыр.
Қазіргі қоғам дамуындағы саяси, әлеуметтік, мәдени өзгерістер білім беру саласына тікелей әсерін тигізіп, оның маңыздылығын арттыра түсті.«Білім беру» ұғымы мазмұны жағынан да өзгерістерге ұшырап, жан-жақты кеңейе түсті. Педагогика ғылымында білім берудің бірнеше анықтамалары кездеседі. Солардың көп тараған анықтамаларына тоқталып өтсек:
Кең мағынадағы білім беру - жеке тұлғаның өз өмірлік жолын құзырлы таңдау мүмкіншіліктерін кеңейтуге және өзін-өзі дамытуға бағытталған үдеріс (А.Г.Асмолов).
Білім беру - жеке тұлғаның әлеуметтік жетілуі мен жеке өсуі қамтылатын, оның қабілеттері мен мінез-құлқын жетілдіру үдерісі және нәтижесі (ЮНЕСКО) .
Білім беру - жеке тұлға мен қоғам мүддесі үшін жүргізілетін педагогикалық тұрғыдан ұйымдастырылған әлеуметтендіру үдерісі. (Педагогикалық энциклопедия).
Білім беру - адам, қоғам, мемлекет мүддесіне, мақсатына бағытталған тәрбие және оқыту үдерісі (В.А.Сластенин).
Төрт ғасыр бойы айтарлықтай өзгерістерге ұшырамай сақталып келе жатқан оқытудың сынып-сабақтық жүйесі қазіргі кезде дәстүрлі оқыту жүйесі ретінде қалыптасып, бүгінгі мәдени-әлеуметтік өзгерістерге, қоғамдық қатынастардың талаптарына сай оның тиімділігін арттыру қажеттілігі айқын байқалуда.