Дәріс тақырыбы және тезистер Сағат көлемі 1-дәріс «Қазіргі замандағы білім беру және оның даму тенденциялары»


Білім беру - үрдіс және іс-әрекет ретінде



бет3/40
Дата21.12.2022
өлшемі149,69 Kb.
#58604
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   40
Байланысты:
крат содер лекции 2

Білім беру - үрдіс және іс-әрекет ретінде. Білім берудің мәні – мақсаттан нәтижеге қарай жылжу үрдісі. Үрдіс деген сөздің өзі латын тілінен аударғанда (processus – қозғалу, жылжу) – бір нәрсенің дамуындағы құбылыстардың, жағдайлардың біртіндеп өзгеруі; қандай болмасын нәтижеге қол жеткізудегі іс-қимылдар жиынтығы деген мағынаны білдіреді.
Білім беру – педагог пен оқушы, студент арасындағы қарым-қатынас үрдісі. Бұл үрдіс барысында оқушы немесе студент оқу, тәрбие, даму үрдістеріне жан-жақты белсенді қатысып педагогикалық қарым-қатынастың субъектісіне айналады. Білім беру барысында педагог пен оқушы арасында ғана емес, оқушылардың, студенттердің өзара біріккен әрекеттері де нығая түседі. Аталып отырған педагогикалық үрдіс көптеген білім беру құралдары (оқу, әдістемелік мәтіндер, көрнекілік құралдар, компьютерлер, аудио-видеоқұралдар, қашықтықтан оқыту аппараттары т.б.) арқылы арнайы ұйымдастырылған (жеке, топтық, ұжымдық) түрде жүргізіледі.
Білім беру үрдісі үнемі мақсатқа және күтілетін нәтижелерге бағытталған. Осы тұрғыдан білім беру үрдісін технологияландырылған үрдіс деп те сипаттауға болады, себебі педагогикалық технологияларда өзара сабақтасқан шағын және жалпы мақсаттарға жетудің нақты қадамдары, кезеңдері, сатылары анықталады.
Білім беру үрдісі – мұғалімнен, оқытушыдан балаға, студентке оқу ақпараттарын жеткізу арнасы. Сондықтан қазіргі кезде білім беру саласында ақпараттық технологиялар да өте кең таралуда.
Білім беру үрдісіндегі көптеген мәселелердің шешімдердің табыстылығы педагогтың іс-әрекетіне тікелей тәуелді. Тіпті әрбір сабақтың өтілуі де мұғалімнің кәсіби-шығармашылық деңгейіне, талпынысына, әдістемелік шеберлігіне байланысты түрлі нәтиже көрсетеді.
Білім беру нәтиже ретінде: сауаттылық – білімділік - кәсіби кұзыреттілік - мәдениет - діл (менталитет). Білім беруді сапалық жағынан қарайтын болсақ ол тек құндылық, жүйе, үрдіс немесе іс-әрекет емес. Білім беруді нәтиже ретінде де қарастыра алу маңызды. Оқу-танымдық үрдіс барысында әр адам білімнің бір сапалық деңгейіне жетеді, ол оның нақты бір көлемдегі білімді игеруінің нәтижесі. Мысалы, бастауыш білім алу барысында адам сауаттылыққа ие болады.
Білім беру саласының әрбір даму кезеңдеріне тән заманауи үлгі, модель ретінде қабылданатын өзіндік теориялық, әдіснамалық ерекшеліктері болады. Бұл жалпы педагогикалық қауымдастықтың қабылдаған даму бағыттарының жиынтығы ғылыми тілде парадигма деп аталады. Парадигма ұғымын ең бірінші болып ғылыми пәндердің дамуының түрлі кезеңдерін зерттеген американдық тарихшы Т.Кун болған. Оның пайымдауынша әр ғылымның дамуында мынандай кезеңдер бар:

  • парадигманың орнығуына дейінгі кезең,

  • парадигманың қалыптасуы, орнығуы;

  • ғылым саласындағы дағдарыс, парадигмалардың ауысуы.

Заман өзгеруіне байланысты парадигмалардың ауысып отыруы заңдылық. Оны философиялық заңдар да дәлелдейді. Ал педагогикалық парадигма дегеніміз нақты педагогикалық міндеттерді шешудегі үлгі, стандарт, өлшемдер, модель ретінде ұстанылатын, қалыптасып қалған негізгі ғылыми жетістіктер, әдістер, теориялар, көзқарастар жүйесі. Жаңа парадигмалар келешектегі ғылыми зерттеулердің бағыттарын анықтайды, оларға негіз болады. Мысалы: қазіргі отандық педагогикада мынандай парадигмалардың ауысуы байқалады: «білімді адам» парадигмасының орнына «өмірге бейімделген, белсенді, шығармашылық тұрғыдан ойлай алатын, және өзін-өзі адамгершілік, ақыл-ой жағынан дамытуға қабілетті адам» парадигмасының ауысуы айқын көрінеді. Яғни, бұрынғы көзқарастар бойынша адамға білім, білік, дағдылар жүйесін меңгерту жеткілікті деп есептелінген болса, қазір ол жеткіліксіз. Себебі адам тек дайын білімдерді меңгерген болса, бірақ оны шығармашылықпен практикада қолдана алмаса, өзін-өзі жетілдіріп отыруға бейімделмеген болса, онда бұндай адам қоғам талабына жауап бере алмайды.
Сондықтан қазіргі білім беру саласында жаңа педагогикалық парадигма қалыптасуда. Қазір білім беру жүйесі педагогикалық жаңашыл идеяларды енгізуге дайын, ашық салаға айналып келеді. Осыған байланысты білім беру парадигмасы да өзгереді: адамның еркіндігін шектейтін білім берудің қатаң жүйесінің орнына өзінің қызығушылықтарына, қабілеттеріне сәйкес жеке білім алу жолын (траекториясын) саналы түрде таңдай алатын адам парадигмасының ауысуы орын алуда.
Қазіргі білім беру саласындағы дағдарыстық жағдайлардан шығудың басты тетіктерінің бірі – педагогикалық парадигманың өзгеруін талап етіп отырған маңызды теткітер қатарында білім берудің нәтижеге және жеке тұлғаға бағдарлануы. Бұл бағыттардағы зерттеулердің барлығы өз алдына жеке-жеке педагогикалық теорияларға айналуда.
Әлемдік деңгейдегі функционалдық сауттылық идеясына негізделген оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың халықаралық бағдарламасы (PISA - Program for International Student Assessment) оқушылардың білімдерін түрлі өмірлік жағдаяттарда, адам қызметтерінің түрлі салаларында және әлеуметтік қатынастарда тиімді қолдана алу қабілеттерін тексеруге бағытталған. PISA бағдарламасы бойынша функционалдық сауаттылықтың оқу сауаттылығы, математикалық және ғылыми-жаратылыстану сауаттылық деп ажыратылатын үш саласы, үш жылда бір рет зерттеліп отырады. РІSА бағдарламасы қазіргі уақытта әлемде мектептік білім берудің тиімділігін салыстырмалы бағалау құралы және мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту деңгейіне ықпал етуші фактор ретінде білім беру жүйесін дамыту стратегиясын анықтау негізі.
Білім беру саласында үздіксіз өзгерістер енгізу қажеттігі соңғы жылдары Қазақстан мектептерінің білім сапасын анықтайтын және білім нәтижелерінің тиімділігін көрсететін түрлі халықаралық деңгейдегі TIMSS (Trends in Mathematics and Science Study), PIRLS (Progress in International Reading Literacy Study) зерттеулерінің нәтижелерінен байқалып отыр.
Халықаралық тәуелсіз бағалау шкалаларының нәтижелері оқушылардың білімі мен функционалды сауаттылықтарын ғана емес, сонымен қатар мұғалімдердің кәсіби даярлық деңгейлерін, білім беру мазмұнын, білім нәтижелерінің практикалық құндылығын дамыту қажеттігін өзектендіре түсті.
Әлемдік білім беру стандарттарына сәйкес Қазақстан 2017 жылдан бастап 12-жылдық білім беру моделін енгізуді көздеуде. Дүниежүзілік тәжірибеде 12-жылдық орта білім беру Европа кеңесінің (1992 ж.) Декларациясына сәйкес 136 елде жүзеге асырылған. Олардың қатарында Жапония, АҚШ, Франция, және ТМД елдерінен Украина, Беларусь, Өзбекстан, Балтық елдері осы білім беру жүйесін тиімді деп таңдаған.
Қазақстан Республикасының 12-жылдық жалпы орта білім беру Тұжырымдамасында орта білім беру жүйесінің мақсаты, міндеттері, негізгі сатылары қарастырылған. Аталған тұжырымдамада 12-жылдық орта білім беруге көшудің басты себептері ретінде:

  • Дәстүрлі орта білім беру жүйесінің жеке тұлғаның дамуына емес, формальды нәтижелерге бағдарлануы;

  • Орта білім беру жүйесінде диагностикалық мақсаттылықтың болмауы;

  • Оқу жетістіктерін бағалауда оқушыны қызықтырмайтын, шынайылықты толық қамтамасыз ете алмайтын және қиындық тудыратын жағдайларға душар ететін ескірген жүйенің сақталуы;

  • Жасөспірімдердің тұлғалық, азаматтық және адамгершілік қасиеттерінің жеткілікті дамымауы, өзін-өздері жетілдіру бағдарын анықтау мотивтерінің және өзіндік қызығушылығы мен болашақ жоспарын құра алу деңгейінің төмендігі аталып көрсетілген.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   40




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет