Есеп оқушылардың логикалық ойлау, кеңістікті елестету қабілеттерін дамытуға көмектесетін басты құрал болып табылады. Сонымен қатар, білімнің, білік пен дағдының қалыптасуы көп жағдайда есептер арқылы тексеріледі. Функцияларына қарай есепті бірнеше түрге бөлуге болады: танымдық, дидактикалық, дамытушылық. Танымдық функциялары (теориялық, практикалық) бар есептерде оқушыларға қажетті жаңа ақпараттар қамтылады және мектеп курсының негізгі материалдарын терең игертуге бағытталған. Мұндай есептерді шығару барысында оқушылар танымдық жағынан жаңа теориялық біліммен, яғни жаңа маңызды ұғымдармен, есептерді шығарудың жаңа әдістерімен танысады. Дидактикалық функциялары (кіріспе, машықтандыру) бар есептерге теориялық мәліметтерді енгізуді және қорытындылауды жеңілдетуге арналған есептер жатады. Мұндай есептер абстрактілі ұғымдарды қалыптастыруда маңызды рөл атқарады, сонымен қатар әртүрлі терминдер арасындағы байланыстарды анықтауға мүмкіндік береді. Жалпы білім беру жүйесінде есептің әрбір функциясы маңызды, бірақ кейінгі жылдары әдіскерлер есептің дамытушы функциясының рөлін ерекше атап көрсетеді.
Дамытушылық функциялары бар есептер – мазмұны негізгі курстан тыс, бағдарлама сұрақтары күрделене түскен (тапқырлыққа, сандық және геометриялық интуицияларын дамытуға, кеңістіктік елестетуге, логикалық ойлауға, сауаттылығын дамытуға берілген) есептер. Дамытушылық функциялары бар есептердің мазмұны негізгі математика курсынан тыс болғанымен, кез келген оқушы осы есептерді өзінің қабілетіне қарай шығара білуі керек. Сонымен қатар, есептерді шығаруда оқушылар көп жағдайда ойланбайды, үлгі бойынша әрекет ете отырып, дұрыс жауап алумен ғана шектелетіндігін ескерте кету керек. И.Ф. Шарыгин оқушылар есептерді шығару процесінде, есептің шартын оқудан бастап жауабын алғанға дейін стандартты схема бойынша есептеу арқылы шешімін табуды іске асыратынын көрсеткен.