Дәріс тақырыбы: Тіл білімі және оның зерттеу нысаны (объектісі)



бет13/72
Дата12.05.2023
өлшемі225,46 Kb.
#92148
түріҚұрамы
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   72
Байланысты:
лекция ТБК 1 семестр

Тіл және ойлау.
Тіл мен ойлаудың өзара байланысы туралы мәселе жалпы тіл білімінің ғана емес, сонымен бірге философия мен логиканың және психологияның ең күрделі мәселелерінің бірі болып саналады. Мәселенің күрделілігі ойлаудың табиғаты мен тілдің табиғатының өте-мөте күрделі болуымен байланысты. Тіл мен ойлау өзара байланысты. Дыбыстық тіл де, абстракты ойлау да адамға тән құбылыстар. Біріншіден, тіл де, ойлау да - адам миының туындысы, соның жемісі; екіншіден, тіл де, ойлау да - әлеуметтік құбылыстар. Тілде де, ойлауда да әлеуметтік және индивидуалды-биологиялық жақтар ұштасып, бір-бірімен бірлікте болады. Осы бірліктен тіл мен ойлаудың жалпы ерекшелігі көрінеді. Ой тіл арқылы айтылған мазмұнның негізін құрайды. Ой арқылы, адам миының сәулелендіруші әрекеті арқылы тілдік единицалар объективті дүниенің заттары мен және құбылыстарымен байланысқа түседі, мұнсыз адамдардың бір-бірімен тіл арқылы қатынасы мүмкін болмаған болар еді. Өйткені тілдік бірліктер болмыстағы заттар мен құбылыстардың аттары. Сондықтан да, біз: тіл – ойлаудың құралы, - дейміз.
Диалектикалық матерализмнің ойлау мен тілдің өзара тығыз байланыстылығы туралы қағидасы – кеңес ғылымында әбден орныққан және басшылыққа алатын бірден бір дұрыс қағида. Ал бұл мәселенің (ойлау мен тілдің байланысы туралы проблеманың) нақтылы мәселелеріне келетін болсақ, олардың ішінде әлі де болса толық шешімін таппаған мәселелердің немесе талас мәселелердің бар екенін мойындамасқа болмайды. Бұлардың қатарына, мысалы, тіл мен ойлаудың байланысының нақтылы формасы туралы мәселе, тілдің әртүрлі жақтары – материалдық, дыбыстық жақтарының және осылармен байланысты мағыналық жақтарының ойлауға қатысы туралы мәселе, логикалық және грамматикалық категориялардың қарым-қатысы, сөздің мағынасымен ұғымының арақатысы және байымдау мен сөйлемнің арақатысы туралы мәселе т.б мәселелер енді. Аталған мәселелердің барлығыда күн тәртібіне қойылып та, баспасөз бетінде талқыланып та жүр. Тілге (оның материалдық қабығына), бірінші жағынан, қабылдау мен елестің сезіну, көрнектілік образының қатысы туралы мәселе де талқылауды және айрықша назар аударуды қажет етеді. Тіл және ойлау туралы айтылған пікірлерді үш түрлі көзқарастың төңірегіне топтауға болады.
1) Тіл және ойлау тепе-теңдік бірлікте, бір-бірінен ешқандай өзгешелігі жоқ;
2) Тіл және ойлау арасында ешқандай бірлік, байланыс жоқ;
3) Тіл және ойлау өзара тығыз байланысты, бірге туып, қатар жасап келе жатыр, бірінсіз бірі болмайды, бірақ бұлардың бірлігі тепе-теңдік бірлік емес, бір-бірінен елеулі өзгешеліктері бар диалектілік бірлік дейтін тұжырымдар.
Бұлардың ішіндегі бірден-бір дұрыс тұжырым соңғысы. Өйткені тіл - ойлау құралы, ойды қалыптастыратын, оны жарыққа шығарып, басқаларға білдіретін құрал, ал ойлау - тілдің идеялық жағы, тіл арқылы берілетін мазмұнның негізі. Тіл және ойлау бір бүтіннің екі жағы, екі саласы: бірі материалдық, екіншісі - идеялық жағы. Тілдің бір жағынан, ойлауға, екінші жағынан, болмысқа қатысын талдау - жалпы тіл білімінің аса күрделі әрі талас туғызып келе жатқан мәселелері. Ойлау арқылы тілдің шындық өмірмен байланысы жүзеге асады. Ойды білдіру мен жеткізудің құралы бола отырып, тіл ойлаумен тікелей қарым-қатынасқа түседі. Тілдің тұлғалары (единицалары: сөз, сөйлем) ойлау түрлерін (ұғым, пайымдау) белгілеуге негіз болады. Ойлау тілдің негізінде болады.
Бір нәрсені танып білуде тілдің атқаратын рөлі зор. Олай дейтін себебіміз, белгілі бір затты жақсы тану үшін, яғни оған ат қою үшін, ең алдымен сол заттың басты белгілерін білу керек. Сол басты белгілерін жақсы білсең, оны тану да, оған ат қою да оңай. Мысалы,  ненц (Солтүстік Мұзды мұхитының жағалауында тұрады) тілінде қардың түрлерін білдіретін 40 шақты арнаулы атаумен бірге жалпы қар ұғымын білдіретін сыра (мағынасы – «қар») деген сөз бар. Аталған тілде шана түрлерін білдіретін 20-дан астам сөзбен бірге нарта деген жалпы атауы тағы бар.
Бұдан шығатын қорытынды: атау сөз (ұғым) жалпы (абстракты) және нақтылы (конкретті) немесе деректі және дерексіз болып екіге бөлінеді.
Адам тіл арқылы ойлайды. Ұғым сөз арқылы жатталып калады. Ал сөз мазмұн мен форманың бірлігінен тұрады. Сөздің мазмұнын оның ұғымы мен мағынасы жасайды да, сөздің формасын оның дыбыстық құрамы туғызады.
Ұғымның сөзбен (формамен) айтылуы қаншалықты міндетті болса, сөздердің дыбыстар тіркесімен жасалуы да соншалықты міндетті. Сөздерді бір-бірімен тіркестіріп қолдану арқылы ғана ойды білдіруге, пікір алысуға болады. Осы тұрғыдан алғанда, тағы да қайталап айтамыз: тіл - ойды айтып жеткізудің кұралы.
Тіл біздің ойымызды туғызып, оны жеткізіп қана қоймайды, сонымен бірге, ол адамдардың сан ғасырғы мол тәжірибесін сақтайды және оларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырады.
Дыбыс - тілдің материалдық бірлігі, сөздің құрастырушы бөлшегі. Ол тілдік форма болып саналады. Ендеше, сөз де, сөз тіркесі де, сөйлем де тілдік формалар, тілдік элементтер болып есептелінеді. Сөздің формасы оның дыбыстық құрамынан көрінеді де, мазмұны оның мағынасынан белгілі болады. Тілдегі әрбір сөз, сөз тіркесі, сөйлем кандай да болсын белгілі бір мағынаны, ұғымды, ойды білдіреді. Ұғым мен мағына және ой тілдік бірліктердің мазмұны болып табылады.
Тілдік форма мен мазмұнның арасындағы байланыс, яғни сөз бен мағынаның арасындағы байланыс - табиғи байланыс емес, ол шартты байланыс. Мысалы, «ұннан иленіп, табаға пісірілген тағам» деген ұғым мен оның нан деген лексикалық атауының арасындағы байланыс - табиғи байланыс болса, дүние жүзі халықтарының бәрі оны нан деп атаған болар еді. Жоқ. Олай емес, оны біреу - нан,  екіншілер - хлеб, үшіншілер - brot (нем.), төртіншісі - bread (ағыл.) деп атайды. Олай болса, олардың арасындағы байланыс - кейіннен қалыптасқан шартты байланыс екен.
Адам өз ойын сөйлеп, не жазып білдіреді. Кім айқын ойласа, ол айқын, түсінікті сөйлей алады. Болмаса, керісінше, кім айқын, анық сөйлей алса, ол анық, айқын ойлай алады.
Бұған қарап, тіл мен ойлау тепе-тең, бірдей нәрсе деп ұғып қалуға болмайды. Неміс ғалымы В.Гумбольдт солай деп ұққан. Ол әр 41 түрлі тілдердің болуы әртүрлі ойлаудың нәтижесі, - деп есептеді. Бұл мүлде қате тұжырым болатын.
«Тіл мен ойлау тепе-тең» деп қателесушілер сияқты, «тіл мен ойлаудың арасында ешқандай байланыс жоқ, олар бір-бірінен мүлде бөлек» деп, қате тұжырымдаушылар да жоқ емес. Мәселен, американдық ғалымдар Л.Блумфильд пен З.Харрис осылай дейді. Алдыңғы пікір қаншалықты қате болса, соңғы пікір де соншалықты қате.
Сонымен, тіл мен ойлаудың арасына тепе-тендік белгісін қойып теңестіру де, ол екеуінің бірлігін жоққа шығарып, бірінен-бірін бөліп тастау да ешбір ғылыми негізі жоқ қате көзқарастар болып саналады.
Тіл мен ойлау әрдайым бірлікте болады. Ойлау тілдегі сөздер мен сөйлемдердің негізінде іске асады, солар арқылы басқаларға белгілі боладыБасқаның ойын да тіл арқылы, тілдегі сөздер мен сөйлемдер арқылы түсіне аламыз.
Сөйлеу - адамдардың материалдық өзгертуші іс-әрекеті үдерісінде тарихи тұрғыдан қалыптасқан тіл арқылы болатын қарым-қатынас нысаны. Сөйлеу мен тілдің байланысы неде? Бұл сұрақтарға мамандар әртүрлі жауап береді. Кейбіреулері олардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ, - дейді. Келесілері «Сөйлеу – тіл жұптағы түсінікті тек сөйлеу – индивидуалды табиғаттың феномені, ал тіл психологиялық құбылыс емес, сондықтан ол әлеуметтік, оны зерттейтін психолингвистика болып табылады , - дейді.
Ф. де Соссюр «Тіл және сөйлеу мәселесі» мәселесін көтереді. Ол тіл мен сөйлеу бір-бірімен байланысты, бірақ бір-бірінен өзгешеліктері бар, екі бөлек дүние. Сөйлеу - тілді қолданудың нәтижесі, ол - индивидуалдық, ал тіл - қоғам мүшелерінің бәріне бірдей дәрежеде міндетті, өзара байланысты таңбалардың жүйесі. Тіл - әлеуметтік сипатқа ие» - дейді.
Тіл мен сөйлеуді ғалымдар кейде бірге алып қарастырса, кейде екеуін екі бөлек құбылыс деп таниды. Мәселен, немістің көрнекті лингвисі Вильгельм фон Гумбольдт пен орыс лингвисі И.Э. Бодуэн де Куртенэ тіл мен сөйлеуді жеке-жеке ажырата келіп, оларды адамның ойы мен қарым-қатынасына байланысты қажеттіліктен туған үдеріс деп қарастырады.
Ф. де Соссюр тіл мен сөйлеуді ажырата келіп, олардың әрқайсысына тән айырмашылықтарды нақтылап көрсетеді. Автордың айтуынша: Тіл - әлеуметтік, ал сөйлесім – жеке-дара құбылыс. Тіл - тұрақты және ұзақ өмір сүретін үдеріс, ал сөйлеу - тұрақсыз және жиі өзгеріп отырады. Тіл – адамның миымен, санасымен бірге өзі қалыптасатын үдеріс, ал сөйлеу - әркімнің өзі дамытып отыратын үдеріс. Тіл - адамның қарым-қатынасында бәріне ортақ, ал сөйлеуде автордың өз қолтаңбасы болады. Тіл – психикалық құбылыс, ал сөйлеу – психо-физикалық құбылыс. Сөйлеу - адамның тіл амалдарын пайдалану арқылы пікір, ой білдіру әрекеті. Сөйлеу – анатомиялық мүшелердің қатысуымен іске асқанымен, негізінен, кісінің психикалық қабілетіне, қоғамдық тәжірибесіне сүйенеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   72




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет