Дәріс тақырыбы: Тіл білімі және оның зерттеу нысаны (объектісі)



бет16/72
Дата12.05.2023
өлшемі225,46 Kb.
#92148
түріҚұрамы
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   72
Байланысты:
лекция ТБК 1 семестр

Жүйе дегеніміз - өзара байланысты бір тектес элементтердін бірлігі. Ол заттық негіз (материя, субстанция), құрылым және қызмет деген үш ұғымның ұштасып келуінен, олардың бірлігінен және өзара қатынасынан құралады. Бұлар бір-бірімен тығыз байланысты. Яғни жүйе - рет-ретімен ұйымдаса орналасқан біртұтас кұбылыс (бірлік). Жүйе материя мен құрылымның бірігуі, қосылуы түрінде өмір сүреді және белгілі бір қызмет атқарады. Сондай ақ, жүйе дегенді - өзіне тән айрықша кұрылымы бар кіші жүйелердің жиынтығы деп те айтуға болады. Тіл құрылымының жеке қабаттарының жүйелері бір-бірімен қарым-қатынаста, өзара байланыста тұрып тілдің жалпы жүйесін құрайды.
Тілдің жүйелілік сипаты оның барлық деңгейінен (фонетикалық, лексикалық, грамматикалық) көрінеді. Мысалы, кез келген тілдің фонетикасында «дауысты дыбыстардың жүйесі», «дауыссыз дыбыстардың жүйесі» деген тақырыптар бар. Ол, әрине, тегін емес. Дауыстылар жуан-жіңішке, еріндік-езулік, ашық-қысаң болып бөлінеді. Бұлай жұп-жұбымен және бір-біріне қарама-қарсы топтасуы тілдің дыбыстық қабатында белгілі бір жүйе бар екендігінің белгісі.
Дыбыстар бір белгісі бойынша бір-біріне қарама-қарсы қойылса, екінші белгісі бойынша олар біртектес больш келеді. Мысалы: ы мен і дыбыстары тілдің қатысы жағынан бір-біріне қарсы дыбыстар (ы - жуан, і - жіңішке), ал еріннің қатысы жағынан олар біртектес дыбыстар (екеуі де езулік). Бұл сияқты жүйелілік дауыссыз дыбыстарға да тән. Мысалы, П мен Б дауыс қатысы жағынан бір-біріне қарама-қарсы (П-қатаң, Б-ұяң), ал жасалу орны жағынан - біртектес дыбыстар (екеуі де ерін дауыссыздары).
Жүйенің бір элементі өзі тектес екінші бір элементтің болуын аңғартады. Мысалы, септелудің жүйесі кемінде екі септеудің, жіктелудің жүйесі кемінде екі жақтың (1-жақ, 2-жақ) болуын керек етеді. Егер олар бір-бірден болса, онда олар жүйе құрай алмаған болар еді.
Әрбір сөз өзінше өзгеріп, өзінше түрленбейді. Олардың өзгеруі мен түрленуінің белгілі бір жүйесі, белгілі бір заңдары, формалары болады. Ондай жүйелер мен заңдар және формалар бір сөзді ғана емес, белгілі бір топқа енетін сөздердің күллісін қамтиды. Мысалы, зат есімдердің септелуін алалық. Тек зат есімдер ғана септеледі және белгілі бір үлгі бойынша ғана септеледі. Бұлар зат есімнің барлығана тән. Осылай болғандықтан ғана біз септелу жүйесі туралы сөз ете аламыз. Егер зат есімдердің әрқайсысы өзінше септелсе, онда сөздердің септелуін біліп алу да, оқып үйрену де мүмкін болмас еді.
Құрылымдық, жүйелілік қасиет тілдің синтаксис саласынан да айқын көрінеді. Сөздердің сөйлемдегі тіркесуі белгілі бір тәсілдер (формалар) арқылы іске асады. Тіл-тілде сөздердің тіркесуінің матасу, меңгеру, қабысу, жанасу деп аталатын тәсілдері бар. Бұл тәсілдер бірлі-жарым сөздерді ғана емес, тіркесуші сөздердің белгілі бір тобын түгелдей қамтиды. Сөйтіп, сөздердің байланысу тәсілдерінің жүйесін кұрайды.
Тілдің әртүрлі қабаттары және олардың элементтері өзара бір-бірімен тығыз байланыста болады. Мысалға, терезе деген сөзді алалық. Ол т, е, р, е, з, е деген дыбыстардың тіркесінен жасалған, бұл оның фонетикалық жағы; аталған сөз – зат есім, атау септігінде тұр, жекеше, бұл оның грамматикалық мағынасы; ол сөздің «үйге жарық түсіретін әйнегі бар жақтау» деген мағынасы тағы бар; бұл оның лексика-семантикалық жағы. Демек, әрбір сөзде тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық жақтары (аспектілері) ұштасып келеді.
Септік категориясы - негізінен алғаңда, морфологиялық категория. Дегенмен, оның синтаксистік жағын мойындамау дұрыс болмаған болар еді. Септіктер сөздерді бір-бірімен байланыстырып, қызмет атқарады.
Сонымен, тілге құрылымдық, жүйелілік сипат тән. Тілдік жүйе тілдік элементтер мен құрылымдардың жиынтығы. Құрылым - жүйедегі тілдік элементтер арасындағы қатынастардың жиынтығы. Ендеше, бұл тақырыптағы әңгіме тілдік жүйелердің құрылымы туралы болуы керек. Яғни тілдік құрылым – тілдік жүйенің құрамдас бөлігі.
Тілдік элементтер арасындағы қатынастардың мынадай түрлері болады: 1) синтагмалық қатынас және 2) парадигмалық қатынас. Синтагмалық қатынас деп - көлденең бағыттағы қатынасты, ал парадигмалық қатынас деп - тік бағыттағы қатынасты айтамыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   72




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет