Тіл білімінің басқа ғылымдармен байланысы. Ғылымдардың байланысы дегенде мына мәселені ескеру қажет. Ғылым салаларының байланысы олардың ортақ мәселелерді зерттеуімен байланысты болады. Белгілі бір ғылым түрі табиғаттағы, қоғамдағы құбылысты, затты өзіне зерттеу нысаны етіп тұтастай не белгілі бір бөлшегін алуы мүмкін. Осыдан келіп жаратылыстағы бір болмыс, құбылыс бірнеше ғылымға ортақ зерттеу нысаны бола алады. Осы тұрғыдан алғанда тіл ғылымындай басқа ғылымдармен байланысы мол ғылым саласы кемде-кем.
Тіл білімі – филология, тарих, археология, этнография, әдебиеттану, психология, педагогика, логика, философиямен байланысты.
Тіл білімі жаратылыстану ғылымдары: физиология, физика, математика, география, кибернетикамен байланысты.
Тіл білімінің әртүрлі ғылым салаларымен байланысынан туындайтын түрлері: социолингвистика (әлеуметтік лингвистика), этнолингвистика, психолингвистика, паралингвистика, лингвоэкология, лингвостатистика, лингвистикалық философия, логикалық грамматика, қолданбалы лингвистика, лингвистикалық география, когнитивтік лингвистика, лигвомәдениеттану, лингвоелтану, интерлингвистика, компьютерлік лингвистика және т.б.
Тіл білімі және филология. Тіл білімі, бірінші кезекте, әдебиетпен байланысты. Өйткені «тіл - әдебиеттің бірінші элементі». Әдеби шығарма лингвистер үшін өте құнды материал. Әсіресе тіл білімінің стилистика саласы әдебиеттанумен тығыз байланысты.
Тіл білімі және философия. Тіл білімі философиямен тығыз байланысты. Философия тек тіл білімінің ғана емес, күллі ғылымдардың методологиясы болып саналады. Философия да, тіл білімі де барлық құбылыстарды бір-бірімен өзара байланыста қарастырады. Философия табиғат пен қоғам өміріндегі барлық құбылыстар қозғалу, өзгеру, даму күйінде болады деп үйретсе, тіл білімі де тілдік кұбылыстарға солай қарайды. Өйткені тіл де басқа коғамдық құбылыстар сияқты өзгереді, дамиды. Бірақ, ескертетін нәрсе: тілдегі өзгеру тым баяу өтеді. Ал қоғам мен жаратылыстағы өзгерістер тілге қарағанда тезірек өтеді.
Философия өмірдегі барлық заттар мен құбылыстарда форма мен мазмұн бар, олар өзара байланыста, бірлікте болады, - деп үйретеді. Мазмұн өмір сүру үшін, белгілі бір формаға ие болуы керек. Яғни форма - өмір сүрудің шарты. Тіл де - дәл осындай құбылыс. Тілдегі формалардың да (сөздердің, сөз тіркестерінің, грамматикалық тұлғалардың) мағына, мазмұны бар. Олар да бір- бірімен тығыз байланысты.