Критериалды бағалаудың мақсаты бағалау критерийлері негізінде білім алушылардың оқу нәтижелері туралы объективті ақпарат алу және оны оқу процесін одан әрі жетілдіру үшін барлық мүдделі қатысушыларға ұсыну болып табылады.
Критериалды бағалау білім алушыларда өз қызметін бақылау және бағалау қабілетін қалыптастыруға, оқыту процесінде туындайтын қиындықтардың себептерін анықтауға және жоюға мүмкіндік береді. Бұл білім беру стандарттарында белгіленген кең ауқымды дағдылар мен функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға ықпал етеді.
Білім алушылардың оқу жетістігін критериалды бағалау жүйесі оқыту мен бағалаудың тұтастығына негізделе отырып:
білім алушылардың үлгерімін, ілгерілеуін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілін қалыптастыруға бағытталады;
оқу бағдарламасына сәйкес дағдыларды дамытуды, білім алу дәлелдерін жинақтауды, оқу мақсаттарын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді;
пәннің оқу бағдарламасының мазмұнына сәйкес әр сынып бойынша бағалаудың түрлі формалары мен тәсілдерін қамтиды.
Келесі кезекте, критериалды бағалау жүйесінде қолданылатын теориялық негіздерге қысқаша тоқталайық.
Дәріс 2. Білім беру үдерісіндегі бағалаудың орны мен рөлі. Критериалды бағалау және оның қағидаттары
Шынайылық, анықтық және валидтілік. Бағалау дәл және сенімді ақпаратты ұсынады. Қолданылатын критерийлер мен құралдардың оқу мақсаттарына жетуге, күтілетін нәтижелерді бағалайтынына сенімділік бар.
Осы тұста шынайылық, анықтық және валидтілік жиынтығы бағалаудың сапасын анықтайтындығын тағы да атап өткіміз келеді.
Шынайылыққа «өте жақсы», «жақсы», «қанағаттанарлық» немесе «қанағатанарлықсыз» деп бағалануы мүмкін жұмыстың деңгейін көрсететін нақты бағалау критерийлерін мұқият әзірлеу арқылы қол жеткізіледі.
Бағалаудың шынайылығын қамтамасыз ету үшін мұғалім келесі сұрақтарға жауап беруі қажет: 1. Өте жақсы және жақсы, қанағаттанарлық және қанағаттанарлықсыз жұмыстардың бағалау критерийлері қандай болады?
2. Анықталған бағалау критерийлері оқушыларға түсінікті ме?
3. Бағалау критерийлері анық және бірмәнді ме?
Оқушылар бағалауда қарастырылатын тақырыптар мен сұрақтарға ерекше көңіл бөледі, сондықтан бағаланатын оқу мақсаттарын іріктеуге айрықша мән берген жөн.