Дәріс 2. Білім беру үдерісіндегі бағалаудың орны мен рөлі. Критериалды бағалау және оның қағидаттары
Шынайылық, анықтық және валидтілік. Бағалау дәл және сенімді ақпаратты ұсынады. Қолданылатын критерийлер мен құралдардың оқу мақсаттарына жетуге, күтілетін нәтижелерді бағалайтынына сенімділік бар.
Осы тұста шынайылық, анықтық және валидтілік жиынтығы бағалаудың сапасын анықтайтындығын тағы да атап өткіміз келеді.
Шынайылыққа «өте жақсы», «жақсы», «қанағаттанарлық» немесе «қанағатанарлықсыз» деп бағалануы мүмкін жұмыстың деңгейін көрсететін нақты бағалау критерийлерін мұқият әзірлеу арқылы қол жеткізіледі.
Бағалаудың шынайылығын қамтамасыз ету үшін мұғалім келесі сұрақтарға жауап беруі қажет: 1. Өте жақсы және жақсы, қанағаттанарлық және қанағаттанарлықсыз жұмыстардың бағалау критерийлері қандай болады?
2. Анықталған бағалау критерийлері оқушыларға түсінікті ме?
3. Бағалау критерийлері анық және бірмәнді ме?
Оқушылар бағалауда қарастырылатын тақырыптар мен сұрақтарға ерекше көңіл бөледі, сондықтан бағаланатын оқу мақсаттарын іріктеуге айрықша мән берген жөн.
Бағалау үшін оқыту мақсаттарын іріктеу кезінде келесі сұрақтарды ескеру қажет: 1. Қандай оқу мақсаттарын бағалау маңызды болып табылады?
2. Осы білім, білік-дағдылар, құндылықтар оқушыға пайдалы ма, оларды оқушылар өмірде қолдана ма?
Валидтілік бағалаудың мазмұнды сипаттамасы болып табылады, ол бағалауды қаншалықты дұрыс өткізетінімізді және нақты нені өлшейтінімізді көрсетеді. Бұл қағидатты жүзеге асыру:
нені бағалау қажеттігін нақты түсіну және анықтауды;
бағалау критерийлерін құрастыру және негіздеуді;
тапсырмаларды құрастыру және бағалау процедураларын жоспарлауды қарастырады.
Сонымен, күтілетін нәтижеге жету үшін бағалау әдісінің дұрыс таңдалғанына қалай көз жеткізуге болады?
Ол үшін оқушының қажетті білім, білік-дағдылар мен құндылықтарды меңгергенін анық көрсететін бағалау құралын, яғни бағалауға арналған тапсырманы немесе жаттығуды таңдау қажет.
Бұл тұста, профессор Дайана Хесстің «Өзің үйретпеген нәрсені бағалау – әділетсіздік » деген сөзінің маңыздылығын атап көрсетуге болады.
• Ашықтық және нақтылық.Бағалау түсінікті, айқын ақпараттарды ұсынады, сондай-ақ, барлық оқу процесіне қатысушылардың қызығушылығын, жауапкершілігін арттырады.