Дәріс тезистері


дәріс. Сөйлем синтаксисі. Сөйлемге тән басты белгілер



бет13/38
Дата10.02.2023
өлшемі97,74 Kb.
#66985
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   38

дәріс. Сөйлем синтаксисі. Сөйлемге тән басты белгілер


Тіл білімінде сөйлем туралы ғылыми ойдың тарихи бастауы көне дәуірдегі логикалық зерттеулерден басталады. Бұл тұжырым бойынша, сөйлем – пікір, субъект, предикат деп аталатын логикалық құрылымнан тұрады. Грамматикалық зерттеулерде субъект – бастауыш, предикат – баяндауыш деп танылып, олар пара-пар ұғым ретінде танылып жүр. Олар бір медальдың екі жағы сияқты бір-бірімен тығыз бірлікте жұмсалатын категория, сондықтан субъектіні бастауыш, предикатты баяндауыш деп бірінің орнына бірін жұмсай беруге болады. Алайда, бір медальдың екі
жағында екі түрлі белгілері болатыны сияқты субъект пен бастауыштың, предикат пен баяндауыштың да өзіне тән белгілері ерекшеліктері бар. Предикат сөйлеушінің ойын, көзқарасын, пікірін, көңіл-күйін анықтайтын логика-грамматикалық категория болып табылады. Сөйлемге тән барлық қасиетті баяндайды. Сондықтан А.Байтұрсынұлы ұсынған баяншы терминін осы ұғымға сай қолдануға болады. Баяншының (предикат) қызметіне қарай сөйлемге тән белгілер анықталады. Олар:модальдылық қасиет, интонациялық белгі, коммуникативтік ұйысым.

Модальдық қасиет екі түге бөлінеді: объективтік модальдық, субъективтік модальдық. Объективтік модальдық біріншіден, айтылған пiкiрдiң болмысқа шақ, мезгiл жағынан қандай қатынаста тұрғанын бiлдiру үшін қызмет етедi. Мысалы, жолаушылар келді – келе жатыр – келедi. Бұл шақ формасының қызметі арқылы анықталады. Екіншіден, айтылған пiкiрдiң болмысқа, шындыққа жанасымдылығын бiлдiредi. Бұл ашық рай, бұйрық рай, шартты рай, қалау рай формасынан танылады. Рай формасы пiкiрдi болмысқа қатынастырудың ерекшелiгiн көрсетеді. Мысалы, Айтты – айт – айтайын – айтса формалары iс-қимылдың анық болғанын, болатынын айқындауға қызмет атқарады. Бұйрық рай шындық болмыстағы оқиғаны iске қосу, жұмсалу талабын бiлдiредi.


Субъективтік модальдық шынайы және болжалды болып екіге бөлінеді. Шынайы (реальды) модальдық хабардың нақты жеткізілуі арқылы анықталады. Оған да шақ көрсеткіштері (формалары) негіз болады. Мысалы, Бүгін айтты, айтады, айтыпты, айтқан т.б. Болжалды (ирреалды) модальдылық хабардың күмәнді түрде жеткізілуі арқылы анықталады. Мысалы, бүгін айтатын шығар, ертең келетін сияқты, кітап оқуы мүмкін т.б. Болжалды модальдылық модаль сөздердің қызметі арқылы беріледі.
Интонациялық қасиет сөйлеушiнiң ой айту барысындағы мақсатын анықтайды. Оған бірнеше факторлар арқау болады.
Бірінші фактор – баяншының айтылу сазы. Мәселен, баяншы сөйлемнің мағыналық өзегімен сәйкестеніп бірқалыпты айтылса, сөйлем хабарлау мақсатын өтейді. Мысалы, Жақып, Досбол сыйлық алды. Баяншы бөліктің бас жағын бәсең дауыспен, соңғы жағын сәл көтеріңкі дауыспен айтсақ, сөйлем сұрақ мағынасын білдіреді. Мысалы, Жақыптың, Досболдың сыйлық алғанын естіп пе едің? Осы сөйлемдегі баяншыға (естіп пе едің) көтеріңкі дауыс қосып, өзгеше әуенмен айтса, сөйлем әрі сұрақ, әрі таңдану мағынасын білдіреді. Жақыптың, Досболдың сыйлық алғанын естіп пе едің?! Егер сөйлемде баяншы көтеріңкі дауыспен айтылса, сөйлем қатаң бұйрық мәнде жұмсалады. Есікті аш! сәл әуен қосып айтсақ, сыпайы бұйрық мәнде жұмсалады. Есікті ашып қойшы! Мұнда баяншының бірінші буыны көтеріңкі айтылып, екінші буыны бәсең айтылады, сондықтан бұйрықты сөйлемнің бұл түрі тілек, өтініш мәнде жұмсалады. Баяншының айтылу сазы сөйлемдегі сөздердің семантикалық, грамматикалық жақтан үйлесуіне байланысты құбылады. Осыған орай, сөйлем ішіндегі басқа сөздердің де интонациялық жақтан құбылып тұратынын көруге болады. Мысалы, Жақыптың, Досболдың сыйлық алғанын естіп пе едің? деген сөйлемдегі Жақыптың, Досболдың деген сөздер өзара тең дәрежеде салаласа байланысқандықтан, оларды айтқанда дауыс ырғағы мелодикалық қасиетке болады.

Екінші фактор тыныс топ болып табылады. Тыныс топ сөйлем құрамында ұласпалы интонацияға ие болған сөз тіркестеріне тән. Мысалы, Оқушы бала \\ үйдегі шаруасын тез бітірді сөйлеміндегі оқушы бала деген сөз тіркесі тыныс топ құрайды. Сөз тіркесі құрамындағы екі компонент ұласпалы интонацияға негізделген. Тыныс топ құрайтын сөз тіркесі сөйлемнің мағыналық бөлшегін (синтагмалық үзікті) анықтауға қызмет атқарады.


Үшінші фактор – ырғақты топ. Сөйлем құрамында жекелеген сөздер ырғақты интонацияға ие болады. Мысалы, Оқушы – бала десек, оқушы сөзі де, бала сөзі де белгілі бір ырғақпен айтылып, өз алдына жеке интонациялық қасиетке болып тұр. Сондықтан бұл синтаксистік бірлікті сөйлем ретінде танимыз.
Төртінші фактор - синтаксистік немесе логикалық екпін. Сөйлем ішінде ойдың жарыққа шығуына арқау болатын, баяндаудың негізгі тірегі болатын сөзге интонациялық тұрғыда басымдық беріліп, ерекше бөліп айтамыз. Оны синтаксистік ( «логикалық») екпін дейміз. Мысалы, Қуанышты Айбарша райкомдағы қызметін бітіріп болып, \\ Рахметті \\ Байжанның үйіне шақырды (Мұқанов). Абай \\ Мағаш жүзіне қадала қарап \\ ұзақ \\ тыңдап отырды (Әуезов).
Бесінші фактор – мағыналық интонация. Мағыналық интонация сөйлемнің семантикалық және грамматикалық ерекшелігін айқындайды. Мысалы, Абай ағамды әкесінен бетер кәдірлеуші еді
(Әуезов) деген сөйлемдегі бірінші сөзді көтеріңкі дауыспен, тиянақты түрде өзге сөздерден бөліп айтсақ, мысалы, Абай \\ ағамды әкесінен бетер кәдірлеуші еді, онда «Абай» сол сөйлемдегі айтылатын ойдың иесі ретінде танылады. Грамматикалық тұрғыдан алғанда бастауыш болады. Егер Абай және ағамды сөздерінің арасындағы интонацияны ұласпалы түрде айтып, тыныс топ ретінде қолдансақ, мысалы, Абай ағамды \\ әкесінен бетер кәдірлеуші еді, онда сөйлемдегі айтылатын ойдың иесі басқа адам (ол) болады да, Абай сөзі ағаның сындық көрсеткішіне айналады. Грамматикалық тұрғыдан алғанда анықтауыш болып кетеді.
Баяншы (предикат) арқылы сөйлемнің коммуникативтік ұйысымы анықталады. Оған жақ категориясының қызметі арқау болады. Тілімізде сөйлемдердің жақтық көрсеткіште жұмсалу қызметі екі түрлі. 1. Сөйлемдер І, ІІ, ІІІ жақ категориясына сай парадигмалық жүйеде жұмсалады. Мұндай сөйлемдердің бастауышы жіктеу есімдігінен ( мен, сен, ол) және адамға байланысты зат есімнен болады. Мен бүгін сабаққа келемін, Сен бүгін сабаққа келесің, Ол бүгін сабаққа келеді. Осы сөйлемдердегі жақ категориясы арқылы сөйлемнің коммуникативтік қызметін анықтайтын тіл субъектілерін (коммуникаторларды) тауып алуға болады. Мысалы, Мен бүгін сабаққа келемін деген сөйлемде сөйлеуші І жақтық субъект (мен), сөйлемдегі іс-әрекеттің иесі де І жақтық субъект (мен) болады. Яғни сөйлеуші өзінің іс-әрекеті туралы хабарды басқа біреуге өзі жеткізіп тұрғанын көреміз. (Адам өз әрекетін өзіне айтпайды, басқа біреуге айтады.) Сен бүгін сабаққа келесің дегенде сөйлемдегі іс-әрекеттің иесі ІІ жақтық субъект (сен) болады және ол тыңдаушы ретінде танылады, ал, сөйлеуші басқа адам екенін білеміз. Яғни басқа адам ІІ жақтық (сен) субъектінің өзіне қатысты іс- әрекет туралы соның өзіне хабар айтады. Ол бүгін сабаққа келеді дегенде сөйлеуші де тыңдаушы да басқа адамдар болады да, сөйлемдегі іс-әрекеттің иесі бөгде адам ретінде танылады. Яғни бөгде адамның іс-әрекеті туралы басқа адамдардың бірі хабар беріп, бірі тыңдағанын көреміз. Мұндай сөйлемдерде сөйлесім әрекеті тілдік қатынасқа түсуші коммуниканттардың жүзбе жүз, бетпе-бет сөйлесуі арқылы орындалады. Сондықтан бұл сөйлемдерді сөйлесім-сөйлемдер деп атаймыз. Сөйлесім сөйлемдер жағдаятқа байланысты ешбір дайындықсыз (спонтанды) түрде орындалады. Сөйлемде айтылған пікірдің сөйлеушіге, тыңдаушыға қатынасы айқын көрініс табады. Осыған орай, мұндай сөйлемдерді ауызша тілдік қатынас жасау құралы ретінде танимыз.
Тілімізде сөйлемдердің барлығы І, ІІ, ІІІ жаққа қатысты парадигмалық жүйе құрай алмайды. Баяншы тек ІІІ жақта ғана жұмсалады. Мұндай сөйлемдерде айтылатын ойдың иесі тек табиғатқа, қоғамға қатысты зат есімдер (объект) болады. Мысалы, Бүгін қар аралас жаңбыр жауады, 2010 жылы Қазақстанда ірі спорт кешендері салынды деген сөйлемдердің І, ІІ жақтық көрсеткішін анықтайтын парадигмалық жүйе жоқ. Сондықтан ІІІ жақтық категорияға сай жұмсалады. Баяншы әрекеттің шаққа, мезгiлге қатынасын анықтайды. Соған орай, сөйлемді Бүгін қар аралас жаңбыр жаууда, Бүгін қар аралас жаңбыр жауып тұр, Бүгін қар аралас жаңбыр жаумақ т.б. 2010 жылы Қазақстанда ірі спорт кешендері салынды (салынуда, салынбақ, салынып жатыр) түрінде де қолдануға болады. Мұндай сөйлемдерді авторлық сөйлемдер деп атаймыз. Авторлық сөйлем адамнан тыс заттар мен құбылыстарға тән оқиға, әрекет, сапа т.б. туралы ақпарат береді. Бұл ақпаратты естіген немесе оқыған адам қабылдаушы болады.




  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет