5- дәріс. Сөз тіркесі оның түрлері
Қазіргі қазақ тіл білімінде сөз тіркесі мен еркін тіркес ұғымдары өзара мәндес болып, синонимдік қатар түзейді. Сөз тіркесінің құрамындағы сөздер емін-еркін орын ауыстыруға қабілетті, сондықтан еркін тіркестер деп те аталады. Осыған орай еркін тіркестерді өз ішінде синтаксистiк, изафеттiк, атаулық тiркестер деп топтастыруға болады.
Синтаксистік тіркестерге таза синтаксистік қағидаға негізделген мына сөз тіркестері жатады: А) Семасиологиялық мәндегі синтаксистік синтагмаға тән негізгі мағына мен тура мағынаның үйлесуі негізінде қалыптасқан қиысу, матасу, қабысу меңгеру формасындағы сөз тіркестері; Мысалы, студент оқыды, студенттің оқуы, оқыған студент, көзін жұмды. Б) Атауыштық синтагмаға тән нақты мағына мен абстракт мағынаның үйлесімі негізінде қалыптасқан қиысу, матасу, қабысу, меңгеру, жанасу формасындағы сөз тіркестері; Мысалы, Студент келді, студенттің келуі, келген студент, студентке келді, кеше келді.С) Семасиологиялық синтагмаға тән тура мағына мен негізгі мағынаның үйлесуі негізінде қалыптасқан қабысу формасындағы сөз тіркестері; Мысалы, жасыл жапырақ, сары жапырақ, сұйық сүт т.б Д) Атауыштық синтагмаға тән абстракт мағына мен нақты мағынаның үйлесуі негізінде қалыптасқан қабысу формасындағы сөз тіркестері; Мысалы, үлкен тас, қалың жапырақ, жақсы адам
Изафеттік тіркестерге таза синтаксистік қағидаға негізделген мына сөз тіркестері жатады;
А) Семасиологиялық синтагмаға тән негізгі мағына мен номинативті мағынаның үйлесуі негізінде қалыптасқан матасу, жартылай матасу формасындағы сөз тіркестері; Мысалы, ағаштың жапырағы, ағаш жапырағы.
Б) Атауыштық синтагмаға тән нақты мағына мен нақты мағынаның үйлесуі негізінде қалыптасқан матасу мен жартылай матасу формасындағы сөз тіркестері; Мысалы, адамның үйі, адам үйі, елдің малы, ел малы, мемлекеттің мүлкі, мемлекет мүлкі, институттың ректоры, институт ректоры С) Лексика-синтаксистік қағидаға негізделіп, категориалдық мағыналарының үйлесуі негізінде қалыптасқан қабыса байланысқан сөз тіркестері жатады. Мысалы, алма ағаш, нар түйе, оқушы бала. Атаулық тіркестерге сөзжасамдық-синтаксистік қағидаға негізделген мына сөз тіркестері жатады: А) ықшамдау құбылысына түскен зат атауы мәнді жартылай матасу формасындағы сөз тіркестері; Мысалы, Алматы қаласы, Іле өзені, Парасат журналы, бір саны, он саны, жүз саны т.б. Б) ықшамдау құбылысына түскен арнау мәнді және заттық материал мәнді қабыса байланысқан сөз тіркестері; Мысалы, мал қора, сиыр қора, ат қора; ас үй, қонақ үй, ас бөлме, қонақ бөлме, темір пеш, ағаш қасық, алтын сағат т.б. Синтаксистік тіркестердің өзіне тән белгілері: біріншіден, сөз тіркесінің құрамында сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу болып, сөз тіркесі сын есім типті, сан есім типті, есімдік типті, етістік типті, үстеу типті т.б (үлгіде көрсетілгендей) сөз тіркесінің жиынтығын құрайды. Екіншіден, синтаксистік тіркестер міндетті түрде предикаттық, атрибуттық, адвербиалдық, обьектілік қатынаста жұмсалады. Үшіншіден, олар қиысу, матасу, меңгеру формасында синтетикалық тәсілге, қабысу, жанасу формасында аналитикалық тәсілге негізделеді. Төртіншіден, олар тек синтаксистік қызмет атқарады. Изафеттік тіркестердің өзіне тән белгілері: біріншіден, сөз тіркесі тек зат есімдерден құралып, зат есім типті сөз тіркестерінің жиынтығын
құрайды. Екіншіден, олар І изафет, ІІ изафет, ІІІ изафет болып бөлінеді. І изафетке категориалдық мағыналары үйлесім тауып, қабыса байланысқан сөз тіркестері жатады. ІІ изафетке ілік септік формасы жасырын тұрған зат есімді жартылай матаса байланысқан сөз тіркестері жатады. ІІІ изафетке ілік септік формасы ашық тұрған матаса байланысқан сөз тіркестері жатады. І изафет қатаң түрде мағыналық бірлікте жұмсалады. ІІ, ІІІ изафет ілік септік формасының ашық, жасырын келуіне орай жылжымалы болады. Егер ілік септігі ашық болса, синтаксистік қатынаста, оның ішінде тек атрибуттық қатынаста ғана жұмсалады, егер ілік септігі жасырын тұрса, семантикалық тұтастыққа ие болады. Үшіншіден, матасу формасында синтаксистік қызмет атқарады, жартылай матасуда номинативті қызмет атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |