Дәріс Тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар


Дәріс 2. Балаларға арналған ертегілер, аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер



Pdf көрінісі
бет3/16
Дата30.01.2023
өлшемі490,96 Kb.
#63867
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Байланысты:
дәріс (1)

Дәріс 2. Балаларға арналған ертегілер, аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер, 
айтыс өлеңдер, өтірік өлеңдер және олардың танымдық тәрбиелік мәні. 
Жоспар
Ертегілер туралы түсінік, олардың түрлері, әр топтың сипаттамасы
ертегілерден көрінетін халықтың арман қиялы, тілегі. Аңыздар мен шешендік 
сөздердің айырмашылығы. Бастауыш «Әдебиеттік оқу» оқулықтарында 
ертегілердің берілу жайы мен оқыту жолдары.
Қазақ ертегілерін тақырыбына қарай бірнеше топқа бөлуге болады. Олар: 1) 
мифологиялық (қиял-ғажайып) ертегілер; 2) хайуанаттар (жан-жануарлар) 
жайындағы ертегілер; 3) реалистік (тұрмыс-салт) ертегілер.
Енді осы ертегілер түрлеріне кеңірек тоқталсақ: 
Мифологиялық ертегілер. Бұл ертегілер тым ерте замандарда, адам табиғат 
сырын толық түсініп болмаған кезде туған. Мұнда өмір көрінісі аздау болады. Ол 
дәуірдегі адамдардың топ-топ болып орман, тау-тастықта жүрген кезеңнен бастап 
туса да ғажап емес. Ол дәуірдегі адамдардың нанымдары, ойлау дәрежесі өте 
анайы болған. Күн, ай, от, судың жойқын күштерінің сырын түсінбеген алғашқы 
қауым адамдары табиғатқа сиынып, табынған: бірінен қорықса, бірін 
қастерлеген. Оларды адамша ойлап, әрекет жасайтын құбылыстар деп ұққан. 
Мұндай сәби мифология тарихы үнді, грек, араб елдерінде көбірек сақталған. 
Кейбір елдерде киелі аңдарға сиыну дәстүрі де болған. 
Қазақтың мифологиялық ертегілері бұдан кештеу, матриархат пен 
патриархат дәуірінің ауысу кезеңдерінде туса керек. Аңшылық салты өмір 
сахнасынан шыққан кезде адамдар аң, құстардың сырын танып біліп, олар 
жайында сан-салалы образдар тудырған. Жалмауыз, мыстан кемпір, 
жезтырнақтар матриархат дәуірінің ұғым - нанымдары болмақ. 
Хайуанаттар туралы ертегілер: Хайуанаттар туралы ертегілер өте ерте кезде 
туындаған. Бастапқыда олар алғашқы қауым адамдарының бүкіл өмірі мен 
тағдыры өзінің аң аулаудан тапқан олжасына тәуелді балықшылар мен 
аңшылардың қам қаракетіне байланысты болды. Мұндай ертегілердің 
қаһармандары - хайуанаттар еді, ал ертегілердің өзінде алғашқы қауымдық 
сенімдердің іздері, атап айтқанда, адам мен хайуанаттардың етене 
байланыстарына сенімге негізделген тотоизм іздері сақталып қалды. Алғашқы адам 
төңірегіндегінің бәрін рухтандырып, өзінің қабілеті мен қасиеттерін бірдей бөліскен, 
аңдарды "адам" еткен. Сөйтіп, олар ертегілерде өзара бір-бірімен әңгімелесіп, 
адамның сөйлеген сөздерін түсінеді. 


Реалистік (тұрмыс-салт) ертегілер. Бұл ертегілер – өмір шындығына 
жақын, ішінде реалдық адам бейнелері басым. Олар кейде өмір шындығынан 
алынып, бас қаһармандары патша, уәзір, хан болып келеді. Ал, қазақ халқының 
шыншыл-реалистік ертегілердің қазақ өмірінен алынған нұсқалары мәндірек. 
Мұндай ертегілердің бас қаһармандары ақылды қарт, тапқыр жігіт, қаңбақ шал. 
Көптеген ертегілердің рухани сын-сықақ сарыны бар. Олардағы жамандық пен 
жақсылықтың аңғарғанын біз түрліше реалдық адам мінездерін ғана емес, қоғам 
өміріндегі теңсіздік суретін, халықтың әділет, жақсы өмірді іздеген арман-
мүдделерін де жақсы байқаймыз. 
Шыншыл-реалистік ертегілерде ең әділ, ең ақылды адам халық ортасынан 
шығады. Мұның ғажап үлгісі – Аяз би. 
Шешендік сөздер. Дәстүрлі шешендік сөздер – белгілі бір мәселеге 
байланысты тапқыр ой, көркем тілмен айтылған және халық қабылдап, жиі 
қолданып, сөйлемдік құрамы қалыптасқан жүйелі, үлгілі сөздер. Онда халықтың 
бастан кешкен оқиғалары, ақыл-ойы, арман-тілегі бейнеленеді, дүниеге көзқарасы 
көрінеді. Сонымен бірге шешендік тапқырлық сөздер белгілі дәрежеде жеке 
адамның өздерін қанаушыларға, езушілерге қарсы жұмсайтын қаруы, құралы 
болған. Шешендік сөздер ақындық сөздер (өлең-жырлар) мен көркем қара 
сөздердің (ертегі, әңгімелердің) алғашқы бөліне бастауын көрсететін аралық жанр 
сияқты. Өйткені шешендік сөзде әңгіменің де, жырдың да белгісі бар. Алайда, 
қара сөз бен өлең сөздің бөлінуімен шешендік сөз өткінші өнер ретінде жойылып 
кетпеген, қайта өз алдына дамып, дербес жанр болып қалыптасқан. Шешендік 
сөздердің сөйлем құрылысы мен сөздік құрамы, мазмұны, тұлғасы қазіргі әдеби 
тілімізден аса алшақ емес. Шешендік сөздер ауыз әдебиетінің басқа салаларымен 
қосыла қолданылып жүрген сөздігіміздің негізгі қоры мен ұйытқысы есепті. 
Демек, шешендік сөздерді зерттеп-талдау ана тіліміздің сөздік қорын байытады, 
әдеби тілімізді дамытып, кеңейтеді; сөйлеу, жазу мәдениетімізді көтеруге пайдасы 
тиеді

Қазақтың шешендік өнерінің дәл қай уақыттан басталатынын дөп басып айту 
қиын. Себебі қазақ шешендік сөздері қағазға түспей, ауызша айтылып, халық 
жадында сақталып келді. Бізге жеткен деректерге сүйене отырып қазақ 
шешендерінің атасы – Жиренше деп айтуға болады. Аңыздарда Жиренше әз-
Жәнібек хан мен Асан қайғының (XIV-XV ғ.) тұстасы ретінде айтылады. "Түгел 
сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би" дейтін сөз бар. Абай сол Майқыны 
"Шыңғысханның он екі биінің бірі" депайтады. Бұл дерекке қарасақ, шешендік 
сөз тарихы әрі қарай тереңдей түседі. Майқы би, Аяз би (ХII-ХШғ), Жиренше 
шешен, Асан қайғы (XIV XV г.) есімімен бізге жеткен өсиет, нақыл сөздерде 
жоқшылықтың, шапқыншылықтың азабын кешкен қазақ халқының бейбіт өмірді, 
жайлы қонысты, молшылықты көксеген киялшыл арманы, тілек-талабы 
бейнеленген. Қазақ шешендік өнерінің кеңірек дамып, биіктеген кезеңі XVII-
XVIII ғасырлар. Бұл қазақ халқының жоңғар, қалмақ, қытай басқыншыларына, 
патша өкіметінің озбырлығына қарсы тұрып, өз тәуелсіздігін қорғау жолындағы 
аламан күрес жүргізген жылдары еді. Тап осы кезеңде билер мен шешендердің, 
ақындардың халықты жұмылдырып, рухтандырудағы рөлі мен беделі арта түсті. 
Қазақтың аты аңызға айналған шешендері – Төле, Қазыбек, Әйтекелер би болды. 


Сөз өнерін жетік менгерген адамдар сирек дарын ретінде жоғары бағаланып, қай 
заманда да, қай қоғамда да үлкен сый-құрметке ие болып отырған. Шешендік 
сөздердің кейде билер сөзі деп аталуының өзі де талай сырдың бетін ашады. 
Шындығында да, шешендік сөздер негізінен билер айтысы, билік шешім үстінді 
туып отырған.
Өтірік өлеңдер аса қызықты, адам ақылына сиымсыз, тіреуі жоқ оқыс 
сөздерге құрылғандықтан, тыңдаушысының бәрі де қыран жапқан күлкіге, көңіл 
сергітерлік ойын-сауыққа, думан сейілге айналдырып жібереді, Әсіресе, 
балаларды мәз-майрам етеді. Ұзақ күнге аррып-талып, біреудің қол астында 
жалшылықта жүріп еңбек етсе де халық өз кеңілдерін көтеру үшін кей кездерде 
осындай қуақы, оспақты әзіл сөздермен балаларын жұбатып, жарастықты 
қалжындар айтып, ойын-сауық құрып отырған. 
Өтірік өлеңдер өзінің қызықтығы арқылы балаларды мәз-майрам етумен 
қатар, оларды неше алуан жәндіктердің атымен, олардың іс-тәсілімен, шама-
шарқымен таныстырады. Шыбын-шіркей, құмырысқаларды, салмақсыз үрген 
қарынды, қағанақ пен қуықты кереметтей алып етіп суреттегеніне, көбелекпен 
қасқыр қуғанына, шымшықтың жұмыртқасын келі қылдым дегендері еріксіз 
күлдіреді. Осынысымен қатар қазір де сирек қолданылатын көне атауларды еске 
түсіреді. 
Айтыс – ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында 
қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы. Қазақтың ауыз 
әдебиетінде ерте заманнан келе жатқан айтыс жанрының туу негіздері мен өзіне 
тән ерекшеліктері, даму тарихы бар. Айтыс – халық ауыз әдебиетінің ерекше бір 
түрі. Кейбір зерттеушілер айтыстың алғашқы шығу тегі өте ерте заманнан келе 
жатқанын айтады. Оның әуелгі элементі көркемөнердің түрлері сараланып, бір-
бірінен әлі ажырамай, бәрі бірігіп бір бүтін өнер саналып, әні де, өлеңі де, оны 
шығару да, орындау да, қимыл, бет құбылысы, тағы басқалары да қосыла жүрген 
дәуірде туса керек деп топшылайды. Айтыстың алғашқы адымы осы кезеңде 
басталса керек. Айтыстың ескі түрі деп есептелетін бәдік айтысының негізінде 
адам баласының табиғатқа әсер ету мақсаты жатса, басқа айтыстардың ішінде 
қайсысы ерте, қайсысы кеш туды, оны айту қиын. Дегенмен, кейбір айтыстардың 
мазмұнына, лексикасына, сөйлем құрылыстарына қарап, қай заманда пайда 
болғанын топшылауға болады. Мысалы, жануарлар айтысына, өлі мен тірінің 
айтысына қарағанда, жұмбақ айтысының анағұрлым кеш туғандығы анық. Салт 
айтысының ескі түрі қыз бен жігіт айтысында негізгі тақырып – жастық көңіл күйі 
мен өнер сынасу болса, ақындар айтысында өнер салыстыру, сөз сынасудың 
үстіне әр ақын өз руын дәріптей жырлаушылық келіп қосылғанын көреміз. 
Әсіресе бұл XIX ғ. етегін кеңірек жайған. Осы дәуірде өмір сүрген атақты 
ақындар: Шөже, Орынбай, Кемпірбай, Тезекбай, Сүйінбай, Түбек, Омарқұл, Тәби
я, Мұрат, Жаскілең, Бала Омар, Біржан, Сара, т.б. түрлі тақырыпта шығарған 
қысқа өлеңдерімен қатар, айтысқа түсіп, сан алуан сөз тартыстарын бастарынан 
кешірген және тарихта көпшілігінің аттары осы айтыс арқылы сақталған. Айтыс 
жанры қазақ ауыз әдебиетінде саны жағынан да, сапасы жағынан да айрықша 
орын алады. Тек қазақта ғана емес, бүкіл Шығыс елінде бар айтыс қазір өзінің 
жанрлық қасиетін, түрін қазақ әдебиетінде ғана сақтап қалып отыр 




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет