Ғұндар сияқты үйсіндер де рулар одағы болды сонымен қатар үлкен және кіші екі орда болып бөлінді. Жоғарғы билеуші «кунь-би», «ғуньмо» деп аталды. Гуньмоға бағыныштылар ру ақсақалдары мен әскербасылар болды. Үйсін одағының қоғамдық құрылысының негізінде әскери көсемдердің рөлі сараланатын әскери демократия бастамалары болды. Мәселелердің бәрі ру өкілдерінің қатысуымен бірлесіп шешілетін. Үйсін одағының қауіпсіздігі тайпаның біріккен күшімен қамтамасыз етілді. Әрбір отбасы жауға мінер атымен және қару-жарағымен кемінде бір жауынгерден шығаруға тиіс болды. Қытай деректемелері үйсіндердің сан қарасы 120 000 отбасы, яғни 630 000 адам деп шамалады. Соғыс уақытында олар 200 000 жауынгер шығара алатын.
Үйсіндер б.з.д. II ғасырдың ортасына дейін тәуелсіздігін сақтады, бірақ ғұн одағының күш-қуаты нығаюына орай өздерінің бұрынғы мән-маңызынан біртіндеп айырыла бастады. Б.з.д. II ғасырдың ортасында үйсіндердің тәуелсіздігін соғыс бұзып кетті. Шайқастардың бірінде үйсіндер ғұндардан жеңіліп, гуньмолары өлтірілді. Жеңілгеннен кейін үйсіндер ғұндардың өздеріне үстем билігін мойындады. Бағыныштылық белгісі ретінде гуньмо ғүн тәңірі құтының ордасына баруға тиіс болды. Үйсіндер ғұн тайпалар одағына кіріп, батыс-ғұн қанатының негізін құрады. Үйсіндердің ғұн одағына енуі тек атаулық сипатта ғана болды. Іс жүзінде олар гуньмосы басқарған дербес басқарылуын сақтап қалды. Ғұндар олардың ішкі істеріне араласқан жоқ, үйсіндерді жауларға қарсы күресте өз одақтасы ретінде ғана пайдаланды. Б.з.д. II ғасырдың ортасында ғұндар үйсіндердің көмегімен юечжилерді Шығыс Түркістаннан қуып шығарды. Үйсіндер өздерінің ерлігі мен батылдығы арқасында ғұндардың бұларға ілтипатты қамқорлықпен қарауына жетті, сөйтіп бұдан ілгері уақытта да дербестігін сақтап қала алды. Б.з.д. II ғасырдың аяғында үйсіндер ғұндарға ендігі жерде бағынбайтын болды. Легяо-би билік жүргізген уақытта олар ғұндар мен Қытайдың арасындағы қарым-қатынаста елеулі рол атқарды.
Б.з.д. 108 жылы үйсін гуньмосының Іле өзенінің жағасындағы ордасына қытай елшісі Чжан — Цянь (Чань-Кянь) келіп қайтты. Ғұндардың күш-қуатын әлсіретуді көздеген қытайлықтар Сырдария өзенінен батысқа қарайғы жерлердің билеушілерімен достық байланыс орнатуға тырысты, ал ол өңірлерге үйсіндердің жерінен өтіп барып жетуге болатын. Чжан-Цяньнің міндеті үйсін гуньмосын Қытаймен одақ жасауға ойыстыру еді, ондағы мақсаты ғұндармен соғысты қайта жаңғырту болатын. Алайда үйсіндер мұндай ұсынысқа ұстамдылықпен қарады, сөйтіп бір жылдан кейін, Қытайдың күш-қуатына көздері жеткеннен кейін ғана онымен одақ жасасты.
Б.з.д. 107 жылы өз елшісінің баяндауынан Қытайдың күш-қуатын біліп алғаннан кейін ғұндарға тәуелділіктен арылғысы келді, император сарайына ұнамақ ниетпен Қытайға сый ретінде 1000 жылқы айдатып елшілер аттандырды. Одақты туыстық байланыспен нығайту үшін қытай ханшайымын әйелдікке беруді сұрады. Қытайдың феодалдық билеушілері гуньмоның ұсынысын ынталана қабыл алды. Қытай ханшайымы Юань-Фынь билігі жылында (б.з.д. 107 ж.) ырғап-жырғап ұзатылды; жасауына қытай күйме-арбалары, киім-кешегі, жүздеген шенеунік, евнухтар мен күңдер қоса берілді (Бичурин, II, е. 192). Қытай жылнамасының хабарлауынша, гуньмо ғұндармен қарым-қатынасына қылау түсіргісі келмей, ғұн тәңірқұлының қызын бәйбішем деп, қытай ханшайымын кіші әйелім деп атайтын болды. Үйсіндердің көшпелі тайпасына келіп түскен қытай ханшайымы еліп сағынып көпке дейін ішқұса болып жүрді.
Қытай императорлары үйсіндерді дос етіп алмақ ниетпен бұдан кейінгі уақытта да өз қыздарын үйсін гуньмоларына ұзатып отырды. Әр ханшайыммен бірге шенеуніктер мен қызметшілер (100-ден аса адам) баратын, бұларға үйсін тілін үйреніп алу міндеттелді. Осындай әдіс-амалдың нәтижесінде б.з.д. I ғасырдың 80-ші жылдарында қытайлар ғұндар мен үйсіндерді бір-бірімен араздастырып, діттеген мақсаттарына жетті. Б.з.д. 75 жылы үйсіндерге шабуыл жасаған ғұндар олардың біраз жерін басып алды. Үйсін көсемі Унгар-би (Унғуйми) қытайлардан көмек сұрады. Қолбасшы Чан-Хай басқарған 150 000 атты әскер көмекке келді. Б.з.д. 77 жылы Унгар-би 200 000 адам әскермен ғұндарға шабуыл жасады, күйрете жеңіп, ғұндардың 40 000 адамы мен 700 000-нан астам малын айдап әкетті.
Унгар-би билік жүргізіп тұрған уақытта (б.з.д. 70-60 жж.) үйсіндердің жері Жетісу өңірінің шетінен әлдеқайда асып жатты. Бүкіл Шығыс Түркістан түгел оларға бағынышты болып, оны Унгар-бидің ұлдарының бірі басқарды.
Унгар-би өлгеннен кейін (б.з.д 50 ж.) оның ұлдарының арасында билік пен мұраға ие болу үшін өзара қырқыс басталды, оны өршітуге Қытай көп әрекет жасаған еді. Үйсін көсемдері екі жақ болып бөлінді, біреулері Қытаймен одақты, енді біреулері ғұндармен одақты нығайтуға күш салды. Бұл екі арада Унгар-бидің мұрагері болуға оның немере інісі Нар-бидің қолы жетіп, куан-ван атанды. Ол ғұндарды жақтайтын. Қытай елшілері Унгар-бидің жесірінің ақыл беруімен Чигу (Чие) қаласында өтетін той кезінде куан-ванды өлтірмек болып, қастандық ұйымдастырды. Жараланған Нар-би амалын тауып қырға қашты. Чигу қаласы үйсін шонжарлары уақытша кеткеннен кейін бүлікшілердің қолында қалды. Халық қатты толқыды. Унгар-бидің ғұн ханшайымынан туған ұлы Ужейту (Унзюту) халықтың бұл наразылығын пайдаланып қалды. Ол үйсін астанасы Чигуден кетіп, жақтастарымен бірге Іле Алатауына барды. Осы жерде бірсыпыра әскер жинап алып, күтпеген жерден Нар-биге тап берді де, оны өлтіріп, өзін үйсін гуньмосымын деп жариялады.