«Ақтабан шұбырынды» апатында зар заманды басынан кешірген қалың қазақ қауымы өзінің аянышты ауыр халі мен көңіл-күйін бейнелейтін «Елім -ай» сынды мұңлы ән шығарды
«Ақтабан шұбырынды» апатында зар заманды басынан кешірген қалың қазақ қауымы өзінің аянышты ауыр халі мен көңіл-күйін бейнелейтін «Елім -ай» сынды мұңлы ән шығарды. Бұл ән жұрт жүрегінде жатталып, бүгінгі күнге жетіп отыр.
«Қаратаудың басынан қош келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Ел жұртынан айырылған жаман екен,
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді.
Мына заман қай заман, бағзы заман,
Баяғыдай болар ма тағы заман...
Ата қоныс, туған жер қалғаннан соң,
Көздің жасын көл қылып ағызамын.» Ел есінде сақталған «Елім-ай» әнінің бұл шұмақтары халық бұқарасының зар замандағы мұң-зарын бейнелейді.
«Ақтабан шұбырынды» кезінде қазақтарға шабуыл мен талан-тараж түс-түстан анталады.
Жоңғар феодалдары қазақтарға, Еділ бойындағы қалмақ хандары батыс солтүстік бүйірден тиісті. Орта Азия хандықтарының жеріне ауып барған қазақтар бұл арадан мал жайылымына қолайлы жер таба алмай сенделіп, көзге түрткі болды. Қазақтарға бір жағынан Қоқан бектері қоқандаса, тағы бір жағынан Бұхара мен Хиуаның хандары жаппай құлдыққа кіріптар еткісі келді. Иран мемлекетінің маңына ығысып барған қазақтар, Иран шахы Нәсір Афшардан зорлық-замбылық көрді. Қазақ халқы сонша сұмдық жағдайда жүрсе де, олардың еш қайсысына құлдық ұрмай, өзіне тиіскендердің бәрімен шайқасты.
Қазақтардың XVIII ғасырдың басындағы (алғашқы 25 жылы) халін Ш.Ш. Уалиханов былай деп сипаттайды: «XVIII ғасырдың алғашқы 25 жылы қазақ халқының өміріндегі сұмдық ауыр уақыт болды. Жоңғарлар, Волга қалмақтары мен башқұрттар жан-жақтан олардың ұлыстарын талқандап, малын айдап алып, тұтас семьяларымен тұтқынға әкетіп отырды» .
«Ақтабан шұбырындының» ауыр апаты жеті жылға (1723-1730 жж.) созылды. Бұл аппатың зардабы қазақ даласының барлық жерінде біркелкі болған жоқ. 1723 жылы көктемде тұтқиылдан шапқыншылыққа ұшырған Оңтүстік Қазастанның аудандарында, Талас өзенінің алқабы мен Сырдария өңірінде өте ауыр болды. Ұлы жүз бен Орта жүздің осы өңірді мекендеген ұлыстарын ойрандап, бұл осы өңірдегі егіншілік пен қала мәдениетін қиратты. Қазақ хандығының шығыс және оңтүстік өңіріндегі жоңғарлар басып алған жерлердегі қазақтар уақытша жоңғар билеушілеріне бағынып, аманат қойып, ауыр алым-салық төлеп отыруға мәжбүр болды. Орта жүздің сұлтаны Әбілмамбет пен Ұлы жүздің ханы Жолбарыс осылай істеді.
3. Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық күресі. Буланты, Аңырақай шайқастары.
Жоңғар шапқыншылығынан туған зор күйзелушілік, малдың қырылуы шаруашылық дағдарысының шиеленісуіне әкеліп соқты, мұның өзі қазақ хандықтарының билеуші топтарының арасындағы саяси қарама-қайшылықтарды бұрынғыдан да бетер күшейте түсті. Қиын жағдайдан шығудың жолы жауға ұйымдасып тойтарыс бету ғана бола алатын еді, мұның өзі болашақта қазақ жүздерінің экономикалық және саяси ыдырауын тоқтатар еді.
Осындай өте-мөте ауыр сыртқы және ішкі саяси жағдайда қазақ хандары мен сұлтандары жоңғар феодалдарын тойтару ісін ұйымдастыруда қабілетсіз болып шықты. Тәуелсіздік жолындағы Отан соғысын «қарадан шыққан» халық батырлары бастады. Олардың арасында Бөгенбай, Тайлақ, Саурық, Малайсары, Жәнібек және басқа да батырлар болды. Олар халықты туған елді жат жерлік басқыншылардан азат етуге шақырды.
Халық жасақтарының бірігіп қимылдауы осылай басталды. Кіші жүздің батыры Тайлақ, Орта жүзден Бөгенбай және Ұлы жүзден Саурық батырлар шығып бұлар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл-сұлама» жылдарындағы күрестің қаһармандары болды. Барлық үш жүздің жасақтары 1726 жылы бірлесіп қимылдаған кезден бастап қазақтар басқыншыларға ұйымдасқан түрде тойтарыс берді.