Базалық білім V-IX сыныптарда әдебиетті дербес пән ретінде оқу басталады. V-VII сыныптар көркем поэзия, көркем шығармаларды оқып үйренуге негізделген әдеби оқу. Онда әдеби шығарманың мәтінін оқып үйрену, талдау, жинақтау арқылы жүргізіледі. Көркем шығарманы оқып үйренудің әдісі оның жанрлық сипаты мен көркемдік ерекшеліктеріне, көлеміне сәйкес болады.
Шығарманың құрылысы, тілі, шығармадағы табиғат бейнелері көркем туындының идеялық мазмұнын ашатын құралдары ретінде қаралуы тиіс.
V-VII сыныптардағы білім мазмұнында басты орын – қазақтың ауыз әдебиетіне, шешендік сөздерге, классикалық әдебиетімізге, қазіргі кезең әдебиетіне беріледі. Әлем әдебиетінің классикалық үлгілері білім мазмұнына компонент ретінде енеді.
VIII – IX сыныптардағы бағдарлама мен оқулыққа әр дәуір әдебиеті сұрыпталып алынады. Шығарманың авторы мен материалдар жайлы әдеби-тарихи мәліметтермен байланыстырыла қарастырылады.
Оқулықтағы әдеби білімнің негізі:
XIX-XX ғасырлардағы қазақтың классикалық әдебиеті;
шетел әдебиеті үлгілері;
қазіргі әдебиетіміздің балаларға лайық таңдаулы үлгілері.
Бастауышта білім берудің жүйесіне қарағанда курстың құрылымы, мазмұны, мақсаты өзгереді. Міндеті күрделеніп, оқушының білім көлемі кеңейіп, эстетикалық қабылдау мүмкіндігі артады. Шығарманы талдауға, бағалауға қажетті білім, білік, икем-дағдылары қалыптастырылады. Көркем шығарманы оқуға деген ынта-ықыласы артады. Ауызекі сөйлеу, жазу тілі дамиды. Әдеби шығармадағы негізгі тақырып, ой қазығы, кейіпкерлердің сөйлеу тілі, жан дүниесі, әр бейненің мінезін танитын болады. Әдеби шығарманың сюжеті, құрылысы, жанрлық сипаты, кейіпкерлері, халықтық педагогика, халықтық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпының көрінісі, шығармадағы адамгершілік тәрбие, табиғат, сөз қолданыстар зерделеніп, әдеби пікір алмасуға жол ашылады. Әрбір оқушы шығармашылықпен ойлауға, өз ойын қорғауға, шығарманы талдауға, шығармашылық өзіндік ізденіске жаңа, тың жол салынады.
IX сынып базалық білімді аяқтап, орталау мектепті бітіріп, V-VIII сыныптарда алған білімдерін қорытындылайды.
X-XI сыныптарда тарихи әдеби курс өтіледі. Тарихи-әдеби курстан оқушылар қазақ әдебиетінің ең таңдаулы классикалық үлгілерімен танысады. Елеулі орын ақын-жазушылардың шығармашылығына беріледі. Жазушының бір немесе шығармасына, кейде толық шығармашылығын оқып үйренуге негізделеді. Жазушының туындыларындағы идеялық, көркемдік ерекшеліктерді таныту:
– шығарманың жанры мен стилін, идеясын, тақырыптарын;
– характер сомдауын, сюжет таңдауын, композиция құруын;
– тіл көркемдігін анықтау белгілі дәуірдің әдеби процесіндегі оның алатын орнын танытуға жол ашады.
Соңғы жылдардағы оқыту процесіндегі реформаларға байланысты, Х-ХІ сыныптарда бағдарлы оқытуға көшірілді. Яғни, Х-ХІ сыныптарда оқу екі бағдар бойынша жүргізіледі. Олар: гуманитарлық бағдарлы мектеп; жаратылыстану-математика бағдарлы мектеп.
Әдебиет сабақтарында оқушылар тек дайын әдеби материалдарды танп-білуге, талдауға белсенді түрде кірісіп қана қоймай, әдеби шығармашылықпен айналысып, байланыстырып сөйлеу, өз ойын әсерлі жеткізу, тіл байлығын жете меңгеру, сауатты да мазмұнды жаза білу секілді машық-дағдылар қалыптастыруы керек. Бұл жағдайда оқу зерттеушілік ізденіспен, қарым-қатынастың сан алуан түрімен біте қайнасып жатады. Сабақ процесі білім берудің негізгі іс-әрекеті болғандықтан, оның мазмұндық құрылымында жеке адам тәжірибесінің құрылымы толық көлемде көрінуі керек. Олай болса, білім мазмұнын жеке тұлғаға білім беру процесінің – тәжірибені меңгерту, тәрбиелеу және дамыту сияқты тұтас үштігінің мазмұны ретінде айқындауға болады. Оқыту, оның мазмұны, формасы мен әдістері дұрыс таңдалып алынғанда және іс-әрекеттің басқа түрлерімен үйлестірілген жағдайда ғана бұл мақсатты орындауға болады.
Сонымен, әдеби білім берудің мазмұны деп әдеби-көркем шығармалар арқылы жеке адамның ой-өрісін, адамгершілік-эстетикалық қабілеттерін, олардың өзіндік мінез-құлықтарын дамытуды, жалпы адамзаттық және мәдени дәстүрлерге араласа білуге тәрбиелеуді қамтамасыз ететін, сондай-ақ өз бетімен өмір сүруге дайындайтын, шығармашылық бағдар беретін ғылыми білім, практикалық іскерлік және дағды жүйесін түсінеміз.
Әдебиетті оқыту процесін білім берудің субъектісі болып табылатын оқушылардың белсенді қызметі негізінде ұйымдастыру керек. Оқушылар өз қызметінің мақсаты мен маңызын саналалақпен түсіне білуі, осы мақсатқа жетуге қажетті біліктер мен дағдыларды пайдалана алуға тиіс.