Дәрістер тезистері


Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша ағымдағы жағдайды талдау



бет2/15
Дата22.01.2023
өлшемі64,08 Kb.
#62246
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
Байланысты:
дәрістер

Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша ағымдағы жағдайды талдау
«Функционалдық сауаттылық» ұғымы алғаш рет өткен ғасырдың 60-шы жылдары ЮНЕСКО құжаттарында пайда болды және кейіннен зерттеушілердің қолдануына енді. Функционалдық сауаттылық, кеңінен алғанда, білім берудің (бірінші кезекте жалпы білім беруді) көп жоспарлы адамзат қызметімен байланысын біріктіретін тұлғаның әлеуметтік бағдарлану тәсілі ретінде түсіндіріледі. Қазіргі тез құбылмалы әлемде функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына, сондай-ақ өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналуда.
«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты»  атты Елбасы  Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаевтың  2012 жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту мақсатында бес жылдық  ұлттық жоспарды қабылдау міндеті қойылды.
Осы міндетті жүзеге асыру барысында оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған Ұлттық жоспардың мақсат, міндеті нақтыланып жасалды.
Ұлттық жоспарда мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін төмендегідей кешенді жоспар жасалды. Олар: мазмұндық, оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық іс-шаралар кешені. Бұл кешен Қазақстан Республикасындағы білім сапасын жетілдірудің негізгі бағдары ретінде мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту барысында жасалатын іс-шаралардың мақсаттылығын, біртұтастығын және жүйелілігін негізге ала отырып дайындалған.
Аталған  Ұлттық жоспардың мақсаты - Қазақстан Республикасындағы мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдай жасау. Ол үшін төмендегідей міндеттер қойылды:
 Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамытудың отандық және халықаралық практикасын зерделеу.
 Мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша шаралар жүйесін іске асырудың тетіктерін анықтау.
 Білім мазмұнын жаңғыртуды қамтамасыз ету: стандарттар, оқу жоспарлары мен бағдарламалар. 
 Білім беру процесін оқу-әдістемелік қамтамасыз етуді әзірлеу.
 Мектеп оқушыларының білім сапасын бағалау және мониторинг жүргізу жүйесін дамыту.
 Мектептің және қосымша білім беру жүйесі ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту.
Жалпы функциональдық сауаттылық деген ұғымды таратып айтар болсақ, адамдардың (жеке тұлғаның)  әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсене араласуы және өмір бойы білім алуына ықпал ететін базалық факторы.  Яғни бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына қарай ілесіп отыруы. Сонымен, функциональдық сауаттылық адамның мамандығына, жасына қарамастан үнемі білімін жетілдіріп отыруы. Мұндағы басшылыққа алынатын функциональдық сапалар: белсенділік, шығармашылық тұрғыда ойлау, шешім қабылдай алу, өз кәсібін дұрыс таңдай алуға қабілеттілік, т.б. Яғни, жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның физикалық құбылмалы әлемде әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттіліктерін қанағаттандыру болып табылады.
Осыған орай Ұлттық жоспарда функционалдық сауаттылықтың  төмендегідей негізгі механизімдерін бөліп көрсетеді. Ұлттық жоспардың жоғарыда  аталған мақсат, міндеттерін жүзеге асыруда төмендегідей тетіктері (механизмдері)  нақтыланып,  мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін білім беру жүйесінде басшылыққа алынады. Олар: 
• білім беру мазмұны (ұлттық стандарттар, оқу бағдарламалары);
• оқыту нысандары мен әдістері;
• білім алушылардың оқудағы жетістіктерін диагностикалау мен бағалау жүйесі;
•мектептен тыс, қосымша білім беру бағдарламалары;
• мектепті басқару моделі (қоғамдық-мемлекеттік нысан, мектептердің оқу  жоспарын реттеудегі дербестігінің жоғары деңгейі);
• барлық мүдделі тараптармен әріптестікке негізделген достық қалыптағы білім беру ортасының болуы;
• ата-аналардың балаларды оқыту мен тәрбиелеу процесіндегі белсенді рөлі. 
 Оның алғашқысы – оқыту методологиясы мен мазмұнын түбегейлі жаңарту. Яғни мектеп оқушыларының функциональдық сауаттылығын дамыту жалпы білім беретін орта мектептің  Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын (МЖБС) жаңартудан бастау алуға тиіс. Ол үшін мұғалім білім алушының бойына алған білімін практикалық жағдайда тиімді және әлеуметтік бейімделу үдерісінде пайдалана алатындай негізгі құзыреттіліктерді  сіңіруі керек. Олар: басқарушылық (проблеманы шешу қабілеті); ақпараттық (өз бетінше ақпараттар көздері арқылы үнемі білімін көтеріп отыруы, сол арқылы танымдық қабілетін ұштау); коммуникативтік (үш тілде: қазақ, орыс, ағылшын (шет) ауызша, жазбаша қарым-қатынас жасау); әлеуметтік (қоғамда, өзі өмір сүрген ортада іс-әрекет жасай алу қабілеті); тұлғалық ( өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыруға қажетті білім, білік, дағдыларды игеру, болашақ өзі таңдаған кәсібін өзі анықтау, оның қиыншылығы мен күрделілігіне төзімді болу); азаматтық  (қазақ халқының салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті, ділі, тілін терең меңгеріп, Қазақстанның  өсіп-өркендеуі жолындағы азаматтық парызын түсінуі); технологиялық  (әр азамат өз мамндығына қарай ақпараттық технологияларды, сандық технологияны, білім беру технологияларын сауатты пайдалануы). Білім алушы осы аталған негізгі құзыреттіліктермен қатар пәндік құзыреттіліктерді (әр пәннің мазмұны арқылы) меңгеруі тиіс.  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде оқулық мәселесіне ерекше тоқталған болатын.
Жалпы оқулық жазу мәселесі күн тәртібінен түспеген, өзекті мәселелердің  бастысы екендігі алаш арыстарының  ой-пікірлерінен анық аңғарылады. Атап айтар болсақ, Ж.Аймауытов: «...Тегінде оқу кітаптары кеңседе отырып одан-бұдан құрастырылып ойдан шығарылып, долбармен жазу керек емес, мектептердің программасына жанастырылып, сондағы оқыту тәсілдеріне сүйеніп жазылу керек. Бұлай болмағандықтан кітаптардың көбі мектептерде қолдануға жарамсыз болып қалады. Кітап жазушылар ауылдағы мұғалімдер арасынан шықпай, немесе кітап жазам деген кісі, сол бастауыш мектепте бала оқытып көрмей тұрып, мектептердің мүддесіне, мақсатына тап ете түскендей кітап шығуы қиын». «...Мектептердің пән сөздерін кеңседе жасау дұрыс емес. Пән сөзін пән маманы, кітап жазушы шығару керек. Ешбір ғалым пән сөздерін кеңседе шешкізіп, жасамайды. Кітап жазушы өзі табады. Бір ғалымның шығарған кітабында кейбір сөздер қолайсыз болса, екінші жазушы ол сөздерін түзеп, өзгертіп, жаңа сөз кіргізеді. Сөзді пән иесі ғана шығармаса, бөгде кісілердің шығаруы мүмкін емес. Өйткені, әр пәнге жетік адамдар білім кеңесінде болмайды. Пән иесі көп ойланып, көп еңбекпен тапса, кеңес сөзге көп ойланып отыра алмайды. Білім кеңестерінің жиналысында болғанымыз бар, онда сөздер жете тексерілмей,  үстірт қаралатындығы, көп отырса  жалығып, қолайсыз сөздерді де ала салатындығы байқалады», – деп оқулық жазудың үстірт қарайтын, жеңіл дүние еместігіне баса назар аударады. Елбасының жоғарыдағы тұжырымы осы алаш ойшылдарының пікірімен үндесіп жатыр. 
Яғни, жоғарыдағы пікірлерде айтылғандай , оқулықтың мақсаты, міндеті, мазмұны, құрылымы  функциональдық сауаттылықтың құзыреттіліктеріне  сай жазылуы тиіс. Оқулықты жаңа мазмұнда жазу барысында оның негізін салған авторлар ұмыт қалмауға тиіс. Себебі кез келген оқулықтың негізін қалаған сол алғашқы авторлар.  Олардың атын оқулықта сақтап қалу біздің азаматтық борышымыз болуымен қатар, болашақ ұрпаққа берер тәлім-тәрбие болмақ. Яғни, қазақ халқы менталитетіндегі үлкенге құрмет, кішіге ізет ұстанымы болмақ.
Жалпыға білім беретін орта мектеп стандарты негізінде жазылатын мектептердегі оқулық жоғарыдағы айтылған құзыреттіліктерді  басшылыққа ала отырып дайындалуы тиіс.
Функционалдық сауаттылықты жүзеге асырудың екінші тетігі (механизмі) – оқыту нысандары мен әдістері. Тәуелсіз қазақ елінің  оқулықтарының мазмұны ұлттық құндылықтарды басшылыққа ала отырып жазылып, оны оқыту мен жүзеге асырудың жаңа әдістері, яғни интербелсенді әдістер арқылы жүзеге асуы тиіс. Осы негізде білім алған мектеп оқушылары теориялық білімдерін практикалық тұрғыда қолданумен қатар ана тілінің келешегіне үлкен жауапкершілікпен қарауға тәрбиеленеді.
Ұлттық жоспарда көрсетілген функциональдық сауаттылықтың үшінші тетігі (механизімі) – оқу нәтижелерінің бағалау жүйесін өзгерту.  Яғни бағалау жүйесі функциональдық сауаттылықта  сырттай бағалау және іштей бағалау болып бөлінеді.  Іштей бағалау – оқу пәні бойынша оқыту сапасын диагностикалау және мемлекеттік жалпыға білім беру стандарты өлшеміне сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Ал сырттай бағалау – әрбір деңгейді аяқтау бойынша білім алушының оқу жетістіктерінің нәтижелеріне сәйкес (ҰБТ, ОЖСБ және т.б.), сондай-ақ халқаралық зерттеулерге (ТIMSS, PISA  және PIRLS) қатысуы арқылы жүзеге асырылады. Нақтырақ айтар болсақ, сыртқы бағалау белгілі бір мамандық иелеріне қатысты болса, іштей бағалау көбіне білім алушыларға қатысты.  Сонымен қатар білім алушылардың өзін-өзі бағалауы, ұйымдастыруы, жетілдіруі және жеке жетістіктерін бағалау арқылы жүзеге асырылады.  Біздің тәжірибемізде, осы аталған білім алушының бағалау жүйесі ұлттық төл технологиямыз «Сатылай кешенді талдауда»  қолданылып келеді. Бұл жоғарыдағы аталған басқарушылық, ақпараттық, коммуникативтік, әлеуметтік, тұлғалық,  азаматтық,  пәндік құзыреттіліктерді білім алушы бойына  дарытады. Оның дәлелі «Сатылай кешенді талдау» технологиясымен білім алып отырған оқушылар мен оларға білім беруші мектеп мұғалімдерінің жыл сайынғы жетіп отырған жетістіктері, яғни мектеп бітіруші түлектердің ұлттық бірыңғай тестте жоғары пайыздық көрсеткішке жетуі және Қазақстан Республикасы Кіші ғылым академиясының республикалық ауызша командалық олимпиадасына республикамыздың әр өңірінен бастауыш сыныптан бастап, орта, жоғары буын сыныптарынан оқушылардың қатысып, жүлделі орындарға ие болуы. Бұл туралы әр өңірдегі баспасөз құралдарында жарияланып отырады.
Ал функциональдық сауаттылықтың  төртінші тетігіне тоқталар болсақ, оған қосымша біліммен және мектептен тыс сабақтармен қамтуды жатқызады. Шынтуайтына келгенде, бұл мәселе бізде толыққанды жүзеге асып отырмағандығы белгілі.  Себебі, әлі күнге дейін стандарт пен оқулықтарға  айтылған сын түзелмей отырған кезеңде мұндай қосымша білім функциональдық  сауаттылық өз деңгейінде жүзеге асып отыр дегенді айта алмаймыз. Бұл тұрғыда да біз, алаш арыстарының бірі Ж.Аймауытовтың мына бір қағидасын басшылыққа алсақ, функциональдық сауаттылықтың төртінші механизмі жүзеге асқан болар еді. Ағартушы: « Балаға ең қымбат, ең жылы, жақын нәрсе – туған жері, туған жерінің құбылыстарын білу балаға өте қызық. Мұндай оқыту жүйесі жергілікті өмірге, табиғатқа терең мазмұн беріп, оларды баланың санасында жандандырып, оларға баланың махаббатын арттырады, бала әлеумет тұрмысына, төңіректегі әлемге терең көзбен қарап үйреніп, жолығатын қиын мәселелерді оңай шешетін болады, бұрынғыдай мектептен шыққан соң, бала үйренген білімін ұмытып қалмайды, қайта білгенімен өмір жүзінде пайдаланатын болады.
... Балаларға туған жердің табиғатын, туған елдің әдет-ғұрпын, мінезін үйреніп, хәкімшілік, әлеумет мекемелерімен, олардың қызметтерімен, сауда кәсібімен, қатынасу жолдарымен таныстырып, жергілікті тарихи ескерткіштердің қатынасын түсіндіріп, балаларды бұрын білмейтін, жат нәрсемен яғни әлеумет ғылымымен таныс қыламыз»,–деп  бүгінгі заманауи білім беру талабына сай  функциональдық сауаттылық мәселесіне, дәл осы терминмен айтпаса да,  терең талдау жасап, нанымды тұжырым айтқан. Егерде біз қосымша білім беру және мектептен тыс сабақтарда осы қағидаларды басшылыққа ала отырып, бағдарламалар түзіп, қосымша әдебиеттер ұсынатын болсақ, онда функциональдық сауаттылықтың  төртінші механизімі өз дәрежесінде жүзеге асады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет