Интроекция кезінде адам басқалардың сезімдерін, көзқарастарын, сенімдерін, бағаларын, нормаларын, мінез-құлық үлгілерін бойына сіңіреді, алайда олар оның өзіндік тәжірибесімен қарама-қайшылыққа келіп, тұлғамен бірікпейді. Осы ассимиляцияланбаған (сіңіп кетпеген) тәжірибе – интроект – адамның өзіндік тұлғасына жат бөлігі болып табылады. Ертеректе пайда болған интроекттерге бала еш сынсыз қабылдап алатын, ата-аналардың өсиет уағыздары жатады. Уақыт өте келе интроекттер мен өзіндік сенімдерді ажырату қиынға соғады.
Проекция – интроекцияға тікелей қарама-қарсы, және бұл екі тетік бір-бірін толықтырып тұрады. Проекция кезінде адам өзіне тән қасиеттерден бас тартады, себебі олар оның Мен-тұжырымдамасына сәйкес келмейді. Проекциядан пайда болған «саңылаулар» интроекттермен толады.
Ретрофлексия – «өзіне қарай бұрылу» - әлеуметтік ортаның шектеуінен қандай да бір қажеттіліктер қанағаттандырылмағанда пайда болады, мұндайда сыртқы ортада манипуляция жасауға арналған күш-қуат адамның өзіне қарай бағытталады. Мұндай қанағаттандырылмаған қажеттіліктерге немесе аяқталмаған гештальттарға агрессивті сезімдер жатады. Ретрофлексия мұндайда бұлшықеттердің тырысыуынан көрінеді. Мен және басқалар арасындағы бастапқы конфликт тұлғаішілік конфликтіге айналады. Сөйлегенде «Мен мұны жасау үшін өзімді мәжбүрлеуім қажет» деген тәрізді сөз бөлшектерін қосу ретрофлексияның көрсеткіші болып табылады.
Дефлексия – ол шынайы контактіден ауытқу. Дефлексия тән адамдар басқалармен тікелей байланысқа түсуден, мәселелер мен жағдаяттардан қашады. Дефлексия мылжыңдықтан, сайқымазақтықтан, жоралғылықтан, және мінез-құлықтың шарттылығынан, конфликтілі жағдайлардың «тігісін жатқызудан» және т.б. байқалады.
Конфлуенция немесе кірігу Мен және айналадағылармен шекараның жойылуынан көрінеді. Мұндай адамдар өз ойларын, сезімдерін, тілектерін басқалардан әрең ажыратады. Мұндай кірігу топтық психотерапия сабақтарында пациенттердің өздерін топпен толық идентификациялайтын адамдардан байқалады; оларға өз мінез-құлқын сипаттағанда Мен есімдігінің орнына Бізді қолдану тән.
Нәтижесінде тұлғаның біртұтастығы бұзылып, ол жекелеген бөлшектерге шашырайды. Ондай бөлшектерге әдетте дихотомиялар жатады: еркектік - әйелдік, белсенділік – енжарлық, тәуелділік – оқшаулану, рационалдылық – эмоционалдылық, өзімшілдік – бескорыстие.
Гештальтерапияда Перлз сипаттаған шабуылдаушы мен қорғанушы арасындағы конфликтіге үлкен мән беріледі. Шабуылдаушы – ол ата-аналардың («ата-ана» - транзактілі талдаудың терминологиясы) нені қалай істеу керек екендігін бұйырушы өсиет, ақылдары мен күтулерінің интроекттері. Қорғанушы – тұлғаның тәуелді, өзіне сенімсіз, «ертең жасаймын», «уәде беремін», «иә, бірақ...», «тырысамын» (транзактілі талдаудағы «бала») деп түрлі амал-айлалармен орындамауға тырысатын бөлігі. Гештальтерапияның негізгі мақсаты тұлғаның бөлшектенген бөліктерін кіріктіру болып табылады.
Гештальттерапия үрдісінде пациент өзінің шынайы индивидуалдылығын ашу үшін бес деңгейден өтеді, оларды Перлз невроз деңгейлері деп атайды.
Бірінші деңгей – жалған қарым-қатынастар, ойындар мен рөлдер деңгейі.
Бейсана деңгейінде невротикалық тұлға басқалардың айтқанына икемделеді. Нәтижесінде өз мақсаттары мен қажеттіліктері қанағаттандырылмай, ол фрустрацияға ұшырайды. Осыған байланысты Перлз мынадай афоризм қалдырған: Ақыл-есі адасқан адам «Мен Авраам Линкольнмын», Неврозға шалдыққан адам «Мен Авраам Линкольн болғым келеді», ал дені сау адам «Мен – ол менмін, сен – ол сенсің», - дейді.
Екінші деңгей – фобиялық, өзінің жалған мінез-құлқы мен манипуляцияларын түйсінеді, бірақ ол өзінің шынайы тұлғасы мен мінез-құлқы басқаларға ұнамайды деп қорқады.
Үшінші деңгей – тұйыққа тірелу. Бұл деңгейде адам не істеу керектігін, қайда бағыт алуға болатынын білмейді. Ол сыртқы қолдаудан айырылған, бірақ әлі де өзінің ішкі қорларын қолдануға дайын емес әрі қолданғысы келмейді. Нәтижесінде адам тұйықтан шығуға қорқып, статус-квоны («қалай болды» сол қалпында сақтау) сақтайды.
Төртінші деңгей – имплозия. Өзін шектеп, басып тастағанын толық түйсінгендегі іштей өзіне деген жек көрініш, торығу, үмітсіздік жағдайы. Бұл деңгейде индивид өлімнен қорқуы мүмкін. Адамның ішіндегі арпалысқан алапат күш-қуат көздері қысым жасағандықтан, оларды өзін жоюы мүмкін деп ойлайды.
Бесінші деңгей – эксплозия (жарылыс). Бұл деңгейге қол жеткізу аутентикалық тұлғаның қалыптасуын білдіреді, ол өз эмоциялары мен көңіл-күйлерін көрсете алады. Эксплозия – ол сана түбінде жатқан жауап берілмеген өте күшті сезімдерге терең әрі қарқынды эмоциялар арқылы бастан кешіру. Перлз эксплозияның төрт түрін атап көрсетеді: қайғы, ашу, қуаныш, оргазм.
Гештальттерапевт вербалдыққа қарағанда, «дене тіліне» баса мән береді.
Психотерапевтті пациенттің дәл қазіргі сәтте не істегені және қалай жасағаны қызықтырады. Мысалы: жұдырығын түйгені, ұсақ таптаурындық қимылдары, көзін тасалауы, тынысын тежеуі.
Осылайша, гештальтерапияда «неге?» деген сұрақтың орнына «не және қалай?» деген сұрақ қойылады. Тұлғаның бөлшектенуі (біртұтастықтың болмауы) көп жағдайда вербалдық және вербалдық емес көріністердің бір-бірімен үйлеспеуінен байқалады.
Гештальттерапияда түс көруге баса мән беріледі. Перлз түстер тұлғаның түрлі бөлшектері деп санады. Кіріктіруге қол жеткізу үшін оларды біріктіріп, өзіңдікі екенін мойындау қажет. Түс объектілерін ойнату арқылы олардың жасырын мағынасын ашуға (талдау емес, басынан кешіру) болады.
Перлз алдымен өз әдісін индивидуалдық психотерапияда қолданды, бірақ кейіннен тиімді әрі өнімді деп санап топтық терапияға көшті.
Гештальтерапиядағы техникалық процедуралар ойын деп аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |