Тақырыпты пысықтауға және бекітуге арналған сұрақтар: Зигмунд Фрейд психоанализінің негізгі теориялық және практикалық тамыры неде?
Фрейд психоанализі тұрғысынан бейсана түсінігін сипаттаңыз
Фрейд бойынша тұлға сызбасын және оның негізгі бөліктерінің өзара әрекеттесуін сипаттаңыз
Тұрмыстық психоанализдің кәсіби психоанализден айырмашылығы неде?
ТАҚЫРЫП 3
АНАЛИТИКАЛЫҚ ПСИХОТЕРАПИЯ
Сабақтың мақсаты: Аналитикалық психологияның шығу тарихы (Карл Густав Юнг), негізгі тұжырымдары, аналитикалық психотерапияның тәсілдері жайында теориялық және практикалық білімдерді игерту.
Жоспар 1. Аналитикалық психологияның шығу тарихы. К.Г.Юнг
2. Аналитикалық психологияның негізгі тұжырымдары
3. Аналитикалық психотерапияның тәсілдері
Карл Густав Юнг құрастырған психоаналитикалық бағыттың бірі аналитикалық немесе терең психология деп аталады.
К.Г.Юнг 1875 ж. 26 шілдеде Швейцарияның солтүстігіндегі атақты Рейн сарқырамасының маңында дүниеге келген.
К.Юнгтың арғы атасы наполеон соғысы жылдарында белгілі болған, ол ірі әскери госпиталды басқарған, тіпті Баварияның басты әскери дәрігері болды десе де болады. арғы атасының ағасы Баварияның канцлері қызметін атқарған.
Юнгтың атасы сан қырлы тұлға болғандықтан, тек медициналық білімі ғана емес, көшбасшылық қабілеті жоғары, публицистикаға, шешендікке бейім болып, ұлтшылдық бағыттағы белсенді саяси үгіт-насихат жүргізеді. Ол кезде фашистік Германияның зардаптарын ешкім көрмесе де, ұлтшылдық үгіт-насихат жүргізгені үшін ол 13 жылға абақтыға қамалады.
Осыдан кейін оған Германияда іс-әрекет жүргізуге тыйым салынып, ағасы Швейцариядағы Базельден орын тауып берген соң, ол сонда көшеді. Ол жерде хирург болып жұмыс істейді.
Юнгтың атасы өзін Гетенің некесіз туған ұлымын деп есептейді. Карл Густав Юнгтың есімін атасының құрметіне атап қойған. Карл Густав Юнгтың өзі Гетенің шөбересімін деп есептемеген. Ол Иоганн Вольфганг Гетенің жаны берілген деп есептеген. Шынымен де биографтар олардың мінез-құлықтарының, қызығушылықтарының, тіпті кейбір психикалық ауытқушылықтарының және оларды жеңу жолындағы ерік-күштерінің өте ұқсас екендіктерін айтқан.
Юнгтің әкесі (мамандығы теолог шығыс тілдері филологиясының докторы) де анасы (протестанттық уағыздаушылар отбасынан шыққан, алайда ол эзотерикалық ілімдермен айналысқан) да өте жан-жақты адамдар болған.
Түрлі спириттік сеанстар мен медиумдар жиналатын отбасында өскен Юнгтің өзі көп ұзамай паранормалдық қабілеттермен, көріпкелдік түстер, болжамдар жасайтын қабілеттер таныта бастайды. Кітап оқығанды өте жақсы көргендігімен феноменалдық есте сақтау арқылы ол ежелгі діндер, аңыздар, ғажайыптар, оккульттік практикалар жайындағы білімдермен таң қалдырады.
Әрі қарай ол белгілі психиатр болған соң, өзінің және басқа медиумдардың паранормалдық қабілеттерін кәсіби тұрғыдан зерттей келе, шизофренияның чтүрлі көріністерін байқап, мойындауына тура келеді. «Шизофрения» термині көбіне ақыл-ойдың кемістігінің синонимі ретінде жиі қолданылады. «Шизофрения» schizo – бытырау және phren – ақыл, ой деген грек сөзінен алынған, яғни ойдың бытырауы, ал шындығында сананың бытырауы, тұлғаның екіге бөлінуі, ойлар мен сезімдер арасындағы логикалық байланыстың жойылуы жайында айтылып отыр. Мұндай аяқ астынан көріпкелдік таныту тек ақыл-ойы кем адамдарда ғана емес, данышпан адамдарда да кездеседі. Шизофрения терминін ең алғаш рет 1911 ж. Эжен Блейлер енгізген, Юнг оның жетекшілігімен осы тақырыптағы алғашқы жұмыстарын жазады (осы аралықта Фрейдпен бірге психоанализбен айналысады). Блейлер де, соңынан Юнг те шизофренияның генетикалық берілуі мүмкін екенін жоққа шығармаған.
Карл Густавтың әкесі ара-тұра терең күйзелістерге түсетінін, ал анасы көңіл-күйі тез құбылатын биполярлық күйзелістерге жиі ұшырағандықтан мұны ескеру маңызды. Юнгтың практикалық және теориялық еңбектерін дұрыс бағалау үшін бұл ақпараттың маңызы зор.
Медициналық факультетте оқи жүріп, бірде ол «Психикалық аурулар» бөлімі бойынша сынаққа дайындалып отырғанда, көрнекті психиатр Крафт-Эбингтің шизофрения – ол тұлғаның ауруы деген сөзін кездестіреді. Бұл сөздің Юнгке әсер еткендігі сондай, ол аурудың тек органикалық сипатта ғана емес, психологиялық сипат алатындығын да түсінген.
1911 ж. Юнг З.Фрейдпен кездеседі. Сол жылы Фрейдтің ұсынысы бойынша Халықаралық психоаналитикалық қауымдастықтың президенті болып тағайындалады. Фрейд Юнгті Құрама штаттарда дәрісті бірге оқуға шақырады. Психоанализдің Америкада таралуы осыдан бастау алады, алайда Юнг бұл кезде фрейдизмнің толыққанды насихаттаушысы емес еді, ол Фрейдті аса құрмет тұтса да, өзінің ғылыми көзқарастарын тарата бастады.
Фрейдпен салыстырмалы тұрғыда, либидо Юнг үшін тек қана жыныстық инстинкттің күш-қуаты ғана емес, алғашқы өмірлік маңызды қажеттіліктердің біріккен күші, ал эдип комплексін жеке-дара көріністер деп түсінді.
Юнг психоанализге мифологияны, әсіресе шығыс діндері мен культтік жоралғыларды талқылауды енгізді.
1913 ж. Фрейд пен Юнгтің ынтымақтастығы аяқталды.
Юнг анасынан көрген түстеріне аса мән беруді және оларды жоруды үйренеді. Фрейд түс көруді өткеннің жауап қата алмаған сәттері деп санаса, Юнг олар болашақ жайында да белгілі бір ақпарат береді деп санаған. Фрейдпен қоштасқаннан кейінгі депрессиясынан шығуды да көрген түсімен байланыстырады. Ол түсінде жерде жатқан өлікті көреді. Бір сәтте ол қозғалады да, қып-қызыл атқылаған қанның күші оны лақтырып жібереді. Көп адамдар мұндай түстен қорқуы мүмкін, ал Юнг орнынан жайдары тұрып былай дейді: «Депрессия аяқталды. Ол өлік менің еңсемді басып басып тұрған Фрейдтің беделі еді, ал енді оны менің жаңа ойларымның таза қаны сыртқа лақтырып тастады».
Юнг бойынша ұжымдық бейсана дегеніміз не?
Ол жеке-дара бейсана өздігінен өмір сүре алмайды, ол «ұжымдық бейсананың мұхитында жүзіп жүреді» деп санады.
Юнг ұжымдық теориясына «архетиптер» түсінігін енгізді (бұл терминді Платон, Аристотель және олардың шәкірттері де қолданған).
Юнг архетиптері – ол әртүрлі халықтардың түрлі стихияларымен жақсылық пен жамандықты бейнелейтін аңыз-әфсаналардың мифологиялық кейіпкерлері, әкесі, анасы, көсемі жайындағы ойша елестетулерінің жалпы қалыбы.
Көптеген материалдарды зерттеу, өңдеу арқылы алуан түрлі халықтардың сан-қилы атауларымен аталған, бірақ ортақ сипаты бар алты архетипті бөліп көрсетеді.
Алты негізгі архетип: Персона, Эго, Көлеңке, Анима және Анимус, Өздік (Самость). Бұл типтердің барлығы біздің ішкі әлемімізде бір уақытта өмір сүреді.
Юнг Персона терминін біздің өзімізді көруіміз, сыртқы ортаға қатысты мінез-құлқымызды қабылдауымыз деп түсіндіреді.бұл жерде сөз біздің қоғамдағы өзіміздің сыртқы бейнеміз, мінез-құлқымыз, басқаларға қалай әсер ететініміз жайлы болып отыр. Өзіміз туралы ол пікір болуы да, болмауы да мүмкін.
Эго - бұл терминді Юнг объективтік жағдайлар мен мақсаттарымызға сәйкес біздің мінез-құлқымызды жүйелі әрі мақсатқа тура бағыттайтын және бақылайтын біздің санамыздың орталығы деп анықтайды.
Тағы айта кетеін жайт, біз осылай деп санаймыз, алайда біздің бұл пікіріміз шындықпен үйлесуі немесе үйлеспеуі де мүмкін.
Көлеңке – бұл да орталық, алайда сананың емес жеке-дара бейсанамыздығ орталығы, санадан ығыстырылған материалдың әрекеті.
Анима және Анимус түсініктері жеке-дара сана арқылы өтетін белгілі бір халыққа тән «нағыз» әйел (Анима) және «нағыз» еркек (Анимус) сәйкес болуы тиіс (сыртқы келбеті, мінез-құлқы, моралы, психологиясы) бейсаналық түсініктер.
Экспектациялар – белгілі бір сыртқы бейне мен мінез-құлықты күту.
Юнг бөліп көрсеткен архетиптер арасында Өздік түсінігі ерекше орын алады. Өздік тұлғаның тұтастығын және реттілігін ұйымдастырады әрі қорғайды. Өздік биологиялық қажеттіліктер мен әлеуметтік қалыптарды татуластырып қана қоймайды, сонымен бірге оларды күшін де біріктіреді (мысалы, жарыстардағы, бизнестегі жеңістер).
Өздік бұл міндетті орындай алмаған жағдайда, түрлі ішкі конфликтілер, жүйке-психикалық ауытқулар, толымсыздықтар, тіпті күрделі психикалық ауытқушылықтар да пайда болады.
Юнг табиғатынан таза экстраверт немесе интроверт болмайды дейді. Бұл қалыпты жағдай: кез-келген экстраверттің интроверттік сәттері болады және керісінше, америкалық ғалымдардың университет студенттеріне жүргізген зерттеулері бойынша адамдардың үштен бірінде экстраверттік және интроверттік белгілері айқын көрінбеген немесе тең бөлінген. Мұндай адамдарды амбиверттер деп атайды.
К.Юнгтің құрастырған төрт психологиялық қызметтерінің басым болуына қарай адамдарды жіктеуіне де «салиқалы» көзқарас қажет: түйсіктер, интуициялар, эмоциялар, ойлау.
Осыған сәйкес Түйсінуші, Интуитивті, Эмоционалды және Ойшыл тұлға типтері туралы айтуға болады.
Кейіннен пайда болған психотерапевтік бірқатар бағыттардың бастамасы Юнгтен басталғанын айта кету керек. Мысалы, Юнг бойынша әрбір индивидуумның индивидуацияға немесе өзін-өзі дамытуға ұмтылысы бар. Ол индивидуализация терминін емесе, арнайы түрде индивидуация терминні қолданады, оны ерекше мазмұнмен түсіндіреді.
Әрбір тұлға – қайталанбас, биологиялық (туа біткен) және әлеуметтік (жүре пайда болған) ықпалдардың айрықша комбинациясымен негізделген тұлға, онда индивидуация «өзіне жол», нағыз өзің болу (немесе ең болмаса сол бағытқа қарай жүру), яғни өзін-өзі жүзеге асыру туралы сөз болып отыр.
Бұл Абрахам Маслоудың өзін-өзі актуализациялау теориясының және гуманистік теорияның негізі болды.
Тұлғаның біртұтастығы түсініктерінің көпшілігі гештальтпсихологияның және гештальттерапияның жекелеген бөліктерімен үндеседі.
К.Юнг бойынша, психотерапевт пен келушінің шынайы шығармашылық ынтымақтасығы тиімді терапияның негізгі шарты болып табылады және де ол басшы мен қызметкер арасындағы емес, ортақ мәселені шешуші тең серіктестердің ынтымақтастығы, шынайы жетістікке тек бірлескен күш салу арқылы ғана қол жеткізуге болады (бұл бағытты кейін Карл Роджерс басқа да гуманистік бағыт өкілдері жалғастырады).
Юнг теориялық дайындықтың қажет екендігін ескерте отырып, алайда теориялық тұжырымдар мен нұсқауларды бұлжытпай орындаумен ғана шектелмеу керек дейді (Фрейд болса соны қатал талап етті).
Невроздың шығу тегін Юнг жалпы адамзаттық мәселелермен, мифологиямен, дінмен, түрткілермен, өнер бейнелерімен байланыстырады. Осы фактіні мойындаудың өзінің клиент үшін емдік қасиеті бар. Фрустрацияға ұшыраған адам өзінің мәселелерін адамзаттың мәселелерімен байланысты деп сезініп, соны медет етеді. Юнг неврозды сана мен бейсананы үйлестіргісі келген тұлғаның сәтсіз әрекеттері деп анықтайды. Осы қарама-қарсы екі жақ біріккенде Өздік өмірге мағына береді. Сондықтан да К.Г.Юнг неврозды «жанның өз негізін таппай қиналуы» деп түсінді. Тұлғаның дезадаптациясы оның біржақты дамуынан болады. Ондайда қарама-қарсы тенденция бейсанаға ығыстырылып, адамның ырқынсыз архаикалық түрде бақылаусыз әрекет етеді.
Юнгтің психоаналитикалық терапиясы екі кезеңнен өтеді: аналитикалық және синтетикалық, және әрқайсысы екі бөлімнен тұрады.
Аналитикалық кезеңнің бірінші бөлімі – мойындау: келуші психотерапевттің көмегімен өзін мазалаған невроздың немесе психологиялық мәселенің шынайы себептері жасырулы екендігін, сана деңгейінде қабылданбағандықтан (арсыз, қорлық сезімін тудырады) бейсанаға ығыстырылғанын мойындауға тырысады.
Мойындау – шынайы себептерді толық бейнелемейді, ол бұрынғы әрекеттерімізді, өзімізді алдауымыз, өзімізді ақтауға тырысатындығымызды мойындау. Тіпті алғашқыда күлкілі болып көрінуі мүмкін жанама белгілер, сөздер, қиялдар, көрген түстер, қылықтар арқылы шынайы мәселені табу.
Осы ақпараттардың қайсысы қажетті және маңызды болатынын анықтайтын аналитикалық кезеңнің екінші бөлімі - ол келушінің айтқандарын талқылау, жорамалдау.
Бұл жерде Фрейдтің классикалық психоанализінің көптеген тәсілдері қолданылады.
Осылайша шамамен аналитикалық кезең аяқталады.
Тәжірибелі психотерапевтердің негұрлым көп ақпараттар алу мақсатымен «терең» қазуының әсерінен (неврозды жоюға қажет емес) келушіні жарақаттайтын жағдайлар да аз кездеспейді.
Аналитикалық терапияның бұл үлгісінің екінші кезеңін Юнг синтетикалық деп атайды.
Бұл кезеңдегі жұмыс негізінен, психологиялық жарақаттаушы жағдайды қабылдаудың және өзін-өзі қабылдаудың жаңа үлгісін үйрету және осыдан шығатын жаңа мінез-құлық үлгілерін үйрету.
Екінші кезеннің екінші бөлімі трансформация деп аталады. Психотерапевтің келушімен жасайтын бұл жұмысын Юнг кішігірім индивидуация немесе өзін-өзі оқыту деп сипаттайды.
Бұл кезеңде психотерапевт келушінің тең серіктесі бола отырып, біртіндеп оған өзінің дамуы мен психологиялық мәселелерін өзі шешу жауапкершілігін арттыра түседі.
Психоаналитиктердің ішінде ең бірінші болып бейсанада жасырынған невроздарды анықтаудың еркін ассоциацияларын (Фрейдтің нұсқауы бойынша) ғана емес, бағытталған ассоциацияларды қолданды, яғни келуші ойына келген сөздерді айтып қана қоймайды, сондай-ақ психотерапевт берген бағытқа көздейді.
Ол былайша жүзеге асады. Психотерапевт бір сөзді айтады, ал келуші болса оның мағынасына мән бермей, аузына келген алғашқы сөзді айтады. Психотерапевтің көзқарасы бойынша қай сөз келушінің шығуға көмектеседі деп есептесе сол сөзді қолданады. Мұндай процедураны жүргізу үшін психотерапевтің тыңғылықты дайындығы мен үлкен тәжірибесі болуы қажет.
Бағытталған психоанализ іздеу үрдісін жылдамтататынын мойындаса да, ол келушіні шынайы бағыттан алшақтатып, психотерапевт бағыттаған қалыппен жүргізеді деп есептегендіктен Фрейд бұл бағытқа қарсы болған.
Алайда бағытталған ассоциациялар әлі күнге дейін қолданыста бар, мысалы тергеуші мен күдікті арасындағы жұмыста қолданылады.
Кейбір авторлар жалғандық детекторы осы идеяның негізінде жасалған деп санайды.
Юнгтің ізін жалғастырған тікелей шәкірттері жоқ (ребефинг («қайта туу») пен холотроптық дем алу (миды оттегімен шектен тыс толтыру жолымен сананы уақытша өзгерту) әдістемелерін негіздеу үшін ұжымдық бейсанаға жүгінген Станислав Гроффты ғана айта аламыз).