Жылтырауық қабат кератиноциттерінің цитоплазмасындағы тонофибриллалары мен кератогиалин мүйізді заты бірігіп біртұтас мөлдір сәуле сындырғыш жұмсақ мүйізді зат элеидинге айналады. Кератиноциттер цитоплазмасындағы май тамшылары мен еріткіш ферменттер бірігіп, кератосомалар түзіледі де, эпителий торшалары аралықтарындағы саңылауларға шығарылады.
Мүйізді қабат эпидермистің ең қалың қабаты. Эпидермоциттердің қалың қабықшаларын құрайтын мүйізді зат пен қуысындағы мүйізді жіпшелер және оларды желімдеп біріктіріп тұрған аморфты мүйізді зат қатайып, қатты мүйіз кератинге айналады. Эпидермоциттердің ішіндегі мүйізді заттар аралықтары ауа мен май тәрізді затпен толған кератиноциттер бір-бірімен торшааралық десмосомалармен өзара байланысып, қатты мүйізді қабыршақтарға аиналады. Міне, осылай белгілі ортаға бейімделген, құрылымы ерекше қабыршақтар берік те серпімді келеді және жылу өткізбейді. Мүйізді қабат эпидермис қабаттарының ішіндегі ең қалың қабат. Терінің сыртқы бетіндегі қызметін тоқтатқан мүйізді қабыршақтар, төменгі қабаттардағы қабыршақтармен байланысын үзіп, қайызғақтанып түсіп отырады. Сөйтіп, тері әр түрлі лас бөгде заттардан, микроорганизмдер мен паразит (тоғышар) құрттардан үздіксіз тазаланып отырады.
Дерма немесе нағыз тері қабаты терінің ең қалың қабаты (98-99%). Ол өз кезегінде сыртқы емізікше және ішкі торлы қабаттардан құралған.
Емізікше қабат эпидермистің астындағы көптеген кұрылымдар түзетін борпылдақ дәнекер ұлпалық қабат. Оны эпидермистің базальды қабатынан негіздік жарғақ бөліп тұрады. Бұл қабатты борпылдақ дәнекер ұлпасы коллаген талшықтарының жіңішке шоғырлары, теріге серпімділік қасиет беретін эластин талшықтарының торы, ретикулин талшықтары және борпылдақ дәнекер ұлпасының торшалары: фиброциттер, гистиоциттер, ретикулоциттер, ұлпа базофилі құрайды. Ол эпидермистің ішіне еніп, пішіні әр түрлі емізікшелер түзеді. Кабаттың емізікше аталуы да осыған байланысты. Бұл қабатта қан және лимфа тамырларының өрімдері мен тораптары көптеп кездеседі. Сондықтан, бұл қабатты қоректендіргіш қабат — деп атайды. Жүнді, түбітті көп беретін қой, ешкі тұқымдары терісінде емізікше қабат қалың болып келеді. Демек, емізікше қабат терінің құрылымдық процесіне белсенді қатысады. Емізікше қабат шекарасыз торлы қабатпен жалғасып кетеді.
Торлы қабат бір-бірімен торлана тоқылған коллаген талшықтарының шоғырлары будаларынан және олардың арасындағы серпімділік қасиет беретін эластин талшықтарынан құралған, тығыз қалыптаспаған дәнекер ұлпасынан тұрады. Бұл қабаттың 98-99 % -ы әр түрлі бағытта орналасып, бір-бірімен ілмектеніп торланып, берік тор түзетін коллаген талшықтарының шоғырлары қүрайды. Талшықтар шоғырларының қалыңдығы, олардың тоқылу түрлері мен пішіні жануарлардың түрлеріне, тұқымына және дене аймақтарына байланысты болып келеді.
Дермада терідегі тері туындылары май және тер бездері мен түк түбірлері болады.