Сүт безі. Желін сүтқоректілер сыныбына (класына) жататын жауарларға тән тері туындысы. Желін әр түрлі жануарларда түрлі деңгейде дамиды. Ол іштөлінде төс пен құрсақтың төменгі бетіндегі теріде, алдыңғы және артқы аяқтар аралығында бірнеше жұп төбешік ретінде эпидермистен қалыптасады. Бездің стромасы мезенхимадан дамиды. Жануарлардың түрлеріне байланысты төбешіктер әр түрлі дәрежеде дамып жетіледі. Сиырда төрт бөлімді, төрт емшекті; биеде төрт бөлімді, екі емшекті; қой мен ешкіде екі бөлімді, екі емшекті; шошқа мен итте көп бөлімді желін болып тері қабаттарынан қалыптасады. Сүт безі құрылысы жағынан күрделі көпіршікше түтікше бездерге жатады. Ол паренхималы мүше ретінде екі бөлімнен: паренхимадан және стромадан құралады. Паренхиманы сүт безінің безді бөлігі, ал строманы паренхима бөлікшелері аралықтарындағы қан, лимфа тамырлары мен жүйкелерге бай борпылдақ дәнекер ұлпасы құрайды.
Желін сыртынан тершең, оның астындағы екі қабат: беткей және терең шандырлармен қапталған. Жоғарыда баяндалғандай, жануарлар түрлеріне байланысты желін бөлімдерінің саны әр түрлі болады. Әрбір желін бөлігін сыртынан май ұлпасымен аралас дәнекер ұлпалы қапшық қаптап жатады. Осы қапшықтан сүт безі бөлімінің ішіне тарала енетін денекер ұлпалық перделіктер (трабекулалар) без паренхимасын көптеген бөліктерге бөледі. Сүт безі бөліктері өз кезегінде, жұқа дәнекер ұлпалық аралықтар арқылы тым майда, тек микроскоппен ғана көрінетін без бөлікшелеріне бөлінеді. Желін емшектері сыртынан терімен қапталған. Емшек терісінде тері түктері, май және тер бездері болмайды. Ол жүйке ұштарына өте бай. Сүттің бөліну мөлшері мен құрамы жануарлардың түріне, тұқымына, азықтандыру сапасына тікелей байланысты. Сүт безінен 1 литр сүт бөліну үшін, кем дегенде желін арқылы 500 литр қан ағып өтуі керек. Құрсақтың төменгі бетіндегі ақ сызықтың (үйектің) бойында желінді ұстап тұратын екі қабат терең шандырдың жалғасын желіннің көтергіш байламы — деп атайды.
Тұяқ теріден дамыған аяқтардың мүйізделген мүшесі. Ол аяқ ұшындағы тері эпидермисінен жетіледі. Тұяқ төрт бөліктен: тұяқ көбесінен, тұяқ жұлығынан, тұяқ қабырғасынан және тұяқ ұлтанынан тұрады.
Тұяқ көбесі терінің мүйіз тұяққа бітетін жеріндегі ені 0,5 см аралық. Ол тері сияқты эпидермистен, дермадан және шел қабатынан тұрады. Тұяқ көбесінің эпидермисінен мүйіз тұяқтың сыртқы жылтырауық қабаты жұқа жылтыр мүйіз глазурь бөлінеді.
Тұяқ жұлығы тұяқ көбесінен төмен орналасқан, ені 1,5 см тері бөлігі. Ол мүйіз түяқтың ішкі бетінің жоғарғы жағындағы ойысқа жарты сақинаша түрінде жанасып жатады. Тұяқ жұлығы да эпидермистен, дермадан және шел қабатынан құралған. Оның эпидермисінен мүйіз тұяқ қабырғасының негізін түзетін түтікше мүйіз бөлінеді.
Тұяқ қабырғасы тек екі қабаттан: эпидермистен және дермадан тұрады. Шел қабаты болмағандықтан, дерма тұяқ сүйектің сүйекқабымен қосылып бірігіп кетеді. Тұяқ қабырғасы эпидермисінен мүйіз тұяқтың ішкі жұмсақ ақ жапырақша мүйізі бөлінеді. Бұл мүйіз тұяқтың ұлтаны жағынан тұяқтың ақ сызығы түрінде көрінеді.
Тұяқ ұлтаны да эпидермистен және дермадан тұрады. Тұяқ ұлтанының дерма қабаты тұяқ сүйектің сүйекқабымен бірігіп кеткен. Шел қабаты болмайды. Тұяқ ұлтанының эпидермисінен мүйіз тұяқтың ұлтанының негізін құрайтын түтікше мүйіз бөлінеді.
Аяқтың мүйіз тұяғы тұяқ көбесінің, тұяқ жұлығының, тұяқ қабырғасының, тұяқ ұлтанының және тұяқтың артқы жағындағы тұяқ майтабанының эпидермистерінен бөлінген мүйізді қабаттардан құралған.
Мүйіз мүйізді ірі қара және ұсақ малдардың мүйіздері бассүйектің маңдай сүйек мүйіз өсіндісін қаптап жатқан тері эпидермисінен дамып жетіледі. Мүйіздің терісі екі қабаттан: эпидермистен және дермадан тұрады. Шел қабаты болмайды. Тері дермасы маңдай сүйектің мүйіз өсіндісі сүйек қабымен бірігіп кеткен мүйіздің өсуінде жылдық сақиналарды байқауға болады.