Химиялық құрылымы және қасиеттері. В12 дәруменнің химиялық құрылымын Дороти Ходжкин (1956 жылы) рентген сәулелерімен дифракция жасау әдісі арқылы анықтады. В12 дәруменінің химиялық құрылымы ең күрделі дәруменге жатады және құрамында метал бар дәрумен болып табылады. Оның эмпириялық формуласы: C63H88N14O14PC0.
В12 дәрумені молекуласында негізгі орынды коррин сақина жүйесі алады, пиррол сақинасының жұбы өзара байланысқан, екінші жұбы, гем порфириндегідей, метилен көпіршесі арқылы байланысқан.
В12 дәрумені қызыл түсті кристалл зат, суда ериді де, органикалық еріткіштерде ерімейді. Ыстық температураға төзімділігі ерітіндінің РН көрсеткішіне байланысты. Қышқыл ортада ұзақ қыздыруға төзімді, жарықтың әсеріне өте сезімтал келеді және сілтілік ерітіндіде тез бұзылады.
Авитаминоз.
В12-авитаминозы кезінде қатерлі анемия ауыруына ұшырайды, мұндай ауру салдарынан қанда жетілмеген және тұрақсыз көптеген эритроциттер пайда болады, эритроциттердің саны азаяды. Жүйке жүйенің зақымдануы асқына түседі.
В12 авитаминоз сырқаты тамақта цианкобаламиннің жетіспеуінен болады, сонымен қатар асқазан-ішек жолы ауырған кезде, мысалы, қарынның шырыш қабаты зақымданған кезде де байқалады.
Цианкобаламинді сіңіру үшін гликопротеин қажет. Ол В12 дәруменімен қосылып комплекс түзеді. Асқазанның шырыш қабаты жойылған кезде осы аталған гликопротеин бүлінеді де, кобаламин сіңбейді. В12 витаминін ұлпаларға жеткізу қызметін транскобалмидтер деп аталатын арнаулы транспорттық ақуыздар атқарады.
В12 фолий қышқылымен өзара әрекеттесіп, эритроцитттердің дамып жетілуін тездетеді, организмде қан түзілу қызметін қамтамасыз етеді.
Емге қолдану. Цианкобаламин өте биологиялық белсенді дәрумен, ол қан түзілуін, эритроциттер құралуын дамытады. Анемияның әр түрінде, орталық жүйке жүйенің дерттеріне, гепатитте, бауыр циррозында, балалар дистрофиясында, Даун ауруында, церебральдық параличке қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |