Сүлеймен қарақшы
— Уа, халайық. Қазiр Керiмбай болыстың тойындағы
түйе балуан күресiнiң ең ақырғы сайысын бастаймыз. Осы
күресте жеңген адам бүкiл Жетiсу, Сырдария облысының ең
мықты балуаны болып есептеледi. Соған байланысты мына екi
балуанның аты-жөндерiн атап, сiздерге мағлұм етпекпiн. Бiрiншi
тұрған мына орыс балуанның аты — Некәлай. Берной ұлығының
күрескерi. Жасы жиырма төртте. Бұдан бұрын осындай күреске
сегiз рет түсiп, сегiзiнде де жеңiске жеткен. Салмағы жүз бес келi.
Ал мынау жас балуанымыздың аты — Сүлеймен. Қазығұрттағы
Ордабек болыстың ауылынан келген. Руы — жаныс. Жасы он
жетiде. Бұрын ешқандай күреске түсiп көрмеген. Сондықтан
да мұның салмағын бiлмеймiз. Сiрә, тоқсан келiден асса керек.
Сүйегi iрi, денесi дәу ғой. Бағанағы күресiмiзде балуандардың
ешқайсысы жарақат алған жоқ. Ендiгi күресте де, Құдай
ондай жазымнан сақтасын. Қане, ендi тынышталыңыздар. Ал
балуандар, күреске кiрiсiңiздер, — деп қазы қалыптасқан әдет
бойынша, оң қолын жоғары көтерiп, ортаға қарай сермедi.
Қазының қолы сермелгеннен-ақ Некелай балуан кiлем
ортасына атылып шықты да, жемтiгiн аңдыған жолбарыстай
қатуланып, екi аяғын екi жаққа соза, еңкейiп тұрды. Сүлеймен
де қарап тұрмай, бiрден оған жақындады. Екеуiнiң арасы екi
қадамдай қалғанда Некелай бойын түзеп, қарсыласының бiр
жерiнен шап етiп ұстап алуға ұмтылды. Сүлеймен оның созған
қолын қағып жiбердi. Содан бiраз уақыт бiр-бiрiне батпай, кiлем
үстiнде айналшықтап жүрдi де қойды. Айналадағы халық болса,
Сүлейменге дем берiп, шуласып жатыр.
Бағана тапал қазақпен күрескенде бұл орыс оған бiрден
атылған едi. Ендi күрес тәсiлiн өзгерткен сыңайлы. Екi көзiн
Сүлейменнiң көзiне қадап, бiресе шегiнiп, бiресе жақындап,
мұның аяқ алысын аңдыды. “Бiрiншi болып сен шаппасаң,
мен де шаппаймын” дегендей, бұл да ол қалай айналса, солай
айналып жүрдi. Осылайша, екi балуан бiр-бiрiне бата алмай,
бiршама уақыт өткiздi. Бiр кезде орыс айқайлап жiберiп, еңкейген
күйi алға жүгiрдi. Өзi ұзын болса да жолбарыстай ширақ екен.
Әп-сәтте қарсыласының екi аяғын құшақтай алып, алға қарай
тартып жiбердi. Құдай қолдағанда, Сүлеймен жығылмады.
84
Сүлеймен қарақшы
Қайта жылдамдық қылып, ананың бөксесiнiң сыртынан қапсыра
құшақтап, оны тырп еткiзбедi. Ойлаған тәсiлi болмаған Некелай
Сүлейменнiң екi аяғының сан тұсынан құшақтаған күйi, екi жаққа
қарай итергiлеп, босанбаққа әрекеттендi. Бұл қимылынан да түк
шықпады. Содан соң артқа қарай шегiне бастады. Екi балуан
ұстасқан күйлерi кiлем шетiне жеттi. Осы сәтте Сүлеймен сәл
босаңсып қалды ма, Некелай қарсыласын оңға қарай лақтырып
жiберуге талпынды. Бұл одан ажырамады. Ал Некелай жаңағы
тәсiлiн тағы қайталады. Қанша дегенмен мығым да күштi
денесiнiң серпiнi қатты емес пе. Ұстасып тұрған балуанын
лақтырып жiбермегенiмен, өз екпiнiне өзi де, Сүлеймен де аяқ
тiреп тұра алмай, қосарлана оңға қарай жылжыды. Жылжып
келiп, екеуi шошақ төбенiң тура шетiне келгенде тұра қалысты.
Мұны көрген қазы:
— Тоқтаңдар! Тоқтатыңдар күрестi! Кiлем шетiне шығып
кеттiңдер, — деп айқай салды.
Сүлеймен қолдарын орыстан босата бергенде, қазының
қазақша сөзiн түсiнбеген Некелай мұны шетке қарай лақтырып
жiбердi. Мұндай оқыс қимылды күтпеген Сүлеймен шошақ
төбенiң жиегiнен төмен қарай құлап бара жатып, оның белiне
жармаса кеттi. Сөйтiп екеуi бiрдей төбе үстiнен төменге қарай
сүйретiле құлады.
— Орыстыкi жөн емес!
— Осы қылығы үшiн оны жеңiлдiге санау керек!
— Қазы, орысты күрестен қуып жiбер!
— Мұндай кезде лақтыруға болмайды, — деп топырлап тұрған
жұрт шу-шу етiстi.
Ал бiреулер балуандардың төбе басынан қосақтала домалап
түскенiне ха-ха-лап күлiп жатты. Қазы төбе шетiне келiп, пәсте
жатқан балуандарды тұрғызды. Содан соң:
— Тiлмәш қайда? Тiлмәштi шақырыңдар, — деп ұлықтар
отырған жаққа қарады.
Жүгiрiп келген тiлмәш Некелайға әлгiндегi қылығының дұрыс
еместiгiн түсiндiрiп жатыр. Ол “түсiндiм” дегендей, екi қолын
кеудесiне қойып, басын изеп-изеп қойып, төбе басына шықты.
|