Сүлеймен қарақшы
— Қажымұқаннан басқа бұл қазақ балуан ұл тумап па?!
Көрсет ерлiгiңдi! — деп әлгiнде ғана тып-тыныш тұрған жұрт
дабырласып кеттi.
Бағаналы берi ортаға бiр қазақтың шықпағанына iштей
намыстанған Сүлеймен, жұрттың мынадай дабырынан кейiн бар
елдiң үмiтi ендi тек өзiнде ғана екенiне көзi жеткендей арқаланып,
топ жауға жалғыз аттанған батырдай түксие қаһарланып,
шапаны мен көйлегiн тез-тез шештi де, Көбекке ұстатты. Содан
өзiн қошеметтей дем берiп, шуласқан халық арасын жарып
өтiп, күрес алаңы — шошақ төбенiң үстiне көтерiлдi. Бiрден
екi қолдарын кеуделерiне айқастыра қойып, жиылған жұртқа
маңғаздана қараған екi орыс-тың қатарына тұрды. Анау екеуiнiң
бойлары Сүлейменмен тұрғылас. Бiрақ дене бiтiмдерi жалпақ.
Әсiресе қарны шыққан әне бiреуi тiптi жуан. Жалпақ иығының
үстiндегi мойны мен қазандай басы бiрiгiп кеткендей. Ерiндерi
жұқа болғанымен, танауы сиырдың танауындай кең. Көкпеңбек
көздерi зәр шашып тұр.
— Бiр қазақ шықты. Екiншi бiреу бар ма? — деп дауыс-тады
қазы.
— Мен шығамын! — деп айқайлады топ iшiнен бiреу.
Көпшiлiк “Шық, шық!” — деп шуласты. Бiр жiгiт адамдардың
арасын кимелей жарып, балуандардың қатарына келiп тұрды.
Оның бойы тапалдау екен. Алайда мығым денелi. Бiрақ қанша
дегенмен, ол мына үшеуiнiң қасында кiшкене бала сияқты.
— Ал, көпшiлiк, ендi менiң сөзiме құлақ сал! Айтпақшы,
тiлмәш қайда? Кел берi! Айтқандарымды мына орыстарға
түсiндiр. Күрес шарты былай: Мынау тұрған төрт жiгiт қазiр
екеу-екеу болып, бiр-бiрiмен күреседi. Осылардың жеңгенi бiраз
демалып алған соң, өзара тағы күреске түседi. Соның қайсысы
жеңсе, осы тойдың “түйе балуан” атағын сол алады. Егер де
күрес үстiнде бiреу-мiреуi мертiгiп қалатындай болса, оған бiз
жауапты болмаймыз. Бұл — бiр. Екiншi, өздерiнен сұралық,
бiрiншi болып қайсысы қайсысымен шығар екен?
Қазының сөзiн тiлмәш арқылы түсiнген орыстар бiр-бiрiмен
аз-кем сөйлестi де: “барлық шартқа көнемiз” дегендей, бас
изестi. Содан соң жiңiшкелеуi алға бiр қадам шықты. Мұнысы
78
Сүлеймен қарақшы
— алғашқы болып мен шығамын дегенiнiң белгiсi. Анау
бұқадай болған екiншiден ықты ма, тапал қазақ: “Мұнымен мен
күресейiн”, — деп алға зып еттi.
— Мiне, бiрiншi жұп дайын. Ал сендер, қазiрше пәске түсе
тұрыңдар, — дедi қазы Сүлеймен мен екiншi орысқа.
Екеуi ылдиға түсiп, жұрт қатарына тұрды. Төбедегi қазы екi
балуанды екi шетке тұрғызып қойып, белбауларын, етiктерiнiң
табанын тексердi. Егер етiктiң табанында темiр нәл болса, балуан
күреске жiберiлмейдi. Резiңке белбауы бар шалбармен де мұндай
күреске түсуге тыйым салынады. Күреске киетiн киiмдердiң
осындай тәртiбiн бiлетiн Досалы, анада Сүлеймендi ауылында
баптап жүргенде оған арнап, ауы мен тiзесiн кеңдеу етiп, сүр
кенептен шалбар, матасы бекем ақ шыттан көйлек, шымқай
патсайыдан камзол тiктiрiп берген. Аяғына киетiн жеңiлдеу
таза былғары етiктi Тәшкеннен арнайы алдырған. Бүгiн азанда
соларды киiп алған-ды.
— Бiрiншi жұп күрестi бастайды, — деген қазы көтерiп тұрған
оң қолын анау екеуiнiң отасына қарай сермедi.
Оң жақтағы орыс екi қолын соза балпаңдай басып, тура алаң
ортасына келдi. Ал тапал қазақ төселген кiлемдердiң шетiн
баса, жемтiгiн аңдыған мысықтай бұқпантайлап, орыс-ты бiр
айналып өттi. Ол қалай айналса, орыс та солай айналып, оның
шабуылын күттi. Кiлемдi бiр айналып өткен қазақ сәл тыныстады
да, “уап” деп орысқа қарай сұмдық жылдамдықпен атылды.
Сол атылғаннан ананың белiнен қапсыра құшақтап алып, тiке
көтерiп, лақтырып жiберуге талпынды. Жұрт “лақтыр, лақтыр!”
деп шу еттi. Алайда орыс, басы иегiнiң астынан ғана келiп
тұрған қарсыласының бұл ойын дереу сезiп, оның жауырынын
екi қолымен орай құшақтап, мытып-мытып қалды. Ерен күштiң
мықтылығына шыдай алмаған қазақ балуаны орыстың белiнен
қолдарын лезде босатты да еңкейiп барып, аяқтарына жармасты.
Жазғанның қолдары тiзе сыртын дөп қысқанымен, басы орыстын
екi бұтының арасына кептеле кеттi. Орыс өзi ойлаған бiр тәсiлмен
оны жерге бұрқ еткiземiн деп ойлады ма, кiм бiлсiн, сәл еңкейiп
барып, қос бiлегiн ананың қарнына сала бергенде, қазақ “ауп” деп
оны көтерiп алды. “Уа, жарадың! Лақтыр ендi жерге!” деп халық
|