Байланысты: Діни мазмұнды шығармалардың тақырыбы мен идеясын саралаңыз, олар-emirsaba.org
23.Шәді Жәңгірұлының әдеби мұрасын саралаңыз, дін тақырыбындағы өлеңдерінің ерекшелігін сипаттаңыз. Əдебиет тарихы бір күнде жасалмайды. Ол рухани сұраныстарымен қатар дамып, қалыптасып отырды. Сондықтанда белгілі бір кезеңдегі əдебиеттің өрбу, даму эволюциясын білу үшін оның алдындағы ағымға; болмысқа назар аудару керек. Күні бүгінге дейін əдебиет тарихынан өзінің нақты бағасын, орнын ала алмай келе жатқан тұлғалар бар. Олар кезінде кітаби ақындар, діншіл ақындар деген желеумен əдебиет тарихынан, ел тарихынан ұмыт қалдырылды. Солардың бірі Шəді Жəңгірұлы шығыстың озық үлгілі əдебиетінің нəзирагөйлік дəстүрін берік ұстанған, қазақ поэзиясындағы белгілі тақырыптармен сюжеттерді өзінше жырлап идеясы мен мазмұны тұрғысынан мүлдем жаңа, төл туынды жасаған ақын. Шəдінің əкесі Жəңгір - атақты Абылай ханның шөбересі, Кенесары ханның жорықтарына қатысқан. 1847 ж. Хан Кене дүниеден өткенде, оның кіші əйелі Мəуті ханымды əмеңгерлік жолмен Жəңгір алған. Осы Мəуті ханымнан болашақ шайыр туады. Шəді Жəңгірұлы 1855 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Он жасына жетер-жетпесте ауыл молдасынан діни сауат ашады. Имандылық жолға түскен Шəді ақын əуелі Шаян мешітінде оқып, кейін Шымкенттегі Абдолла Шəріп деген ғұламадан дəріс алады. Онда ол араб, парсы тілдерін толық меңгеріп, шығыс мұсылман шайырларының атақты шығармаларымен жете танысады. Ғылым деген түпсіз терең теңіздің тамшысын ішкен болашақ шайыр ілімін одан əрі жетілдіру мақсатымен, сол кездегі барша мұсылман баласына белгілі Бұқарадағы “Мир-араб” медресесінде оқиды. Онда Ислам құндылықтарымен жақыннан танысып, болашақ шығармаларына арқау болатын діни қағидаларды жақсы меңгереді. Өмірінің соңында Молла деген айып тағылып, қуғында ұшыраған Шəді 1933 жылдың 12 қыркүйегінде дүниеден өтеді. Шəді- көп жазған ақын. Əрі оның жазған шығармаларының басым бөлігі өзінің көзі тірісінде Орынбор, Қазан, Ташкент қалаларында жарық көріп отырған. Шəді дүниесін көп зерттеген Немат Келімбетов: Оның жүз мың жолдай өлең-жыр жазып, соның жетпіс бес мыңдай жолының ақынның көзі тірісінде түрлі қалаларда басылып шықты,” -дейді.
Ақынның баспа көрген бір қатар кітаптарымен əлі жарыққа шықпаған шығармалары Қазақстан Республикасы академиясының орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Əуезов атындағы əдебиет жəне өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы. Сонда қолжазбалардың бірінде Шəді төре Жəңгірұлының баспадан шыққан кітаптары мен баспаға берілген қолжазбаларының тізімі берілген. Баспадан шыққан еңбектерінің қатарында “Назым Сияр Шəриф,” “Назым Чаһар дəруіш,” Шайхы Барсиса,” “Беташар,” “Қамарзаман,” “Атымтай,” сияқты жалпы саны он үш кітаптың аты көрсетілсе, “Хəзірет Ескендір,” “Тарихи Абылайхан,” “Ибраһим Халиулли,” “Мұса Перғауын хикаясы,” “Əһуал қиямет” тəрізді тоғыз шығарманың баспаға берілгені айтылады. Ал, Немат Келімбетов ақынның баспа көрген еңбектері жайында –“Шəді Жəңгіров үлкенді-кішілі он сегіз дастан-поэма қисса хикаят, бір сыпыра өлеңжыр жазып, бастырған,”-деген дəйекті келтіреді. Сөз өнері мен қолөнер зергерлігін қатар алып жүріп даңқы шыққан Шəді ақын шығармаларының тигізген игі ықпалын оның еңбектерінен көруге болады. Көзінің тірісінде жетпіс бес табақтай еңбегі баспа жүзін көрген Шəді шын шабытқа дамыл бермеген қалам иесі. “Кітаби ақындардың ішінде шығыс сюжетін қуалап қана қоймай, орыс халқының тарихын терең бойлаңқырап зерттейген Шəді екен.” (30-66) Шəдінің шығыс əдебиетіне ықылас бөліп, бұрылатын тұсы Ташкент, Бұқара медреселерінде оқып жүрген кезі екен. Өлең өнерімен бала кезінен бастап айналыса бастаған ол бертін келе, төселе түседі. “Шəді Бұқарада болған кезінде Шығыс үлгілі əдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын көп құмартып оқыған сияқты. Ол араб, парсы, шағатай тілдерінде жазылған əдеби шығармаларымен еркін танысып, солардан көп үлгі-өнеге алған.
Шәді өлеңдері қағаз бетінде көп сақталмаған, оның өлеңдеріне қарағанда дастандарының текстологиясы біраз жиыстырылған десек болады. Дегенмен де, бір екі өлеңінен мысал келтіре өтейік, Бір өлеңінде Шәді де Абай сияқты қазақ халқын дер кезінде сынап отырады. Абай өзінің екінші қара сөзінде «қазақты» ноғай, сартты сынаймын деп көштен қалып қойды», – деп налыса, Шәді төре де қазақ пен қырғыздың мешіт салуға салғырттығын айтып сынайды. Ресейдің жиырма бес миллиондай мұсылманы бір мешітті бітіре алмаса, біздей Алланың пенделері үшін өлім дейді. Құдай жолына жұмсалған қайырлы істер ешқашан да өлмейтінін, қайта оның сауабын Алла беретінін айтып, Құранның «Бақара», «Әнбая», «Нәміл», «Қасас», «Мәйда» сияқты бірнеше сүрелеріне сілтеме жасайды.
Бір есе бергенің он есе ғып,
Сауабын ол пендеге берер тәңірі.
Дәләлі осы сөздің құранда бар,
«Әнғамның» сүресінде айтылады.
деп, бітпей жатқан мешітке қол ұшын беруге шақырады. Қазақтың не өзі ішіп-жемейтін, не өзгелерге бермейтін сараң байларын мінеп, оларға қарата қатты айтады.
Шәді жасы ұлғайып, пайғамбар жасынан асқан соң, өз ортасының үлкенге өнеге, кішіге ақыл айтар қариясына айналған. Оның білімі мен діндарлығынан хабары бар ақсақалдар оған әр түрлі сұрақтар жазып, дер кезінде оның салиқалы жауабын да алып отырған. Оңтүстіктің бірнеше шайырлары Шәді төреге хат жолдап: «Ұлғайып барамыз. Жасымыз келген сайын күш-қуатымыз кеміп барады. Сіз көп оқыдыңыз. Осы жастықты ұстап тұрудың амалы бар ма? Біз өзімізше ақылдаса келе, жас қыз алып, жақсы жүйрік атқа мініп, ит жүгіртіп, құс салып серілік етсек, қысы-жазы қымыз ішіп, қазы-қарта, жал-жая жесек мүмкін пайдасы болар деген ойға келіп сізден кеңес сұрап отырмыз»,– депті. Сонда Шәді:
Бір сұрақ беріпсіздер сіздер бізге,
Берейік тапсақ жауап сөзіңізге.
Ағарар сақал мен шаш бейнет көріп,
Көрместік пайда болар көзіңізге.
Жігітке жиырма бес жас ақыры отыз,
Қырықта қылау депті кәрия сөзі.
Елуде көктем өтіп айналар күз,
Алпыста ақылы бүтін аң ауламас.
Атсам деп ойлап тұрар көрінсе көз.
Жетпіс жас қалайда да ерге еңбек,
Кетіріп бет ажарың бүгілер тіз.
Сексен жас оралмайтын қара қазан,
Немене айтып, айтпай тоқсан мен жүз.
Сарқылып аққан теңіз біткеннен соң,
Пайдасыз жал мен жая, қымыз бен қыз», – деп жауап қайтарған екен».
Жалпы, қазақ ақындарының арасында Бұқар, Шортанбай сияқты ақындарымыздың дін туралы толғаған жырлары болды. Осылардың арасында бұл тақырыпта шығармашылық дарынымен айрықша ерекшеленген Шәді ақынның орны қашан да мәңгілік болмақ. Оның біздерге: Қазақтың бұзылмаса ынтымағы, Басынан ажырамаса берген бағы, Көшпелі манап түгіл, кегі кетпес Тәж киген патшалы жұрт болса-дағы, – деген өсиетіндей, елдің тыныштығы мен бірлігі берік болса, болашақ ұрпақтың Шәдітану ісін ары қарай жалғай береріне еш күмәнымыз жоқ.