Ахмет Йасауи ХІ – ХІІ ғасырда өмір сүрген, ислам дінінің атақты қайраткері, философ, ғұлама ғалым, ақын. «Жеті жаста Арыстан бабқа қылдым сәлем» – деп өзі жырлағандай, Арыстан бабтың жолын жалғастырушы. Арыстан бабтың орнын басуға білімінің жеткіліксіз екенін білген Ахмет Йасауи 1110 жылы жиырма жеті жасында сол кездері білім ордасы болған Бұқар қаласына барып, атақты ғұлама Хамаданиден мұсылман ілімі сатыларын меңгереді. Ахмет Йасауи отыз алты жасында Хамадани мектебінің сопылық оқуын толық аяқтайды. Ахмет Йасауи өзінің сопылық-философиялық дүниетанымын «Диуани хикмет» – «Даналық кітабы» еңбегінде жан-жақты баян етеді. «Диуан» – жинақ, «хикмет» – Алланың ақ жолы деген ұғымды білдіреді.
Ахмет Йасауидің 149 хикмет-жырдан тұратын «Диуани хикмет» өлеңдер жинағы ХІІ ғасырда дүниеге келген түркі тілді халықтардың әдеби ескерткіштерінің бірі болып саналады. Кітап тақырыбы жағынан екі топқа жіктеледі: 1) үгіт, насихат, өсиет үлгісінде жазылған тәлім-тәрбие сипатындағы сопылық ілімнің мазмұнын өлең түрінде жырлаған хикметтер тобы; 2) ақынның өзі өмір сүрген кезеңдегі дәуір, қоғам туралы лирикалық шығармалары. Ахмет Йасауидің түркі тілінде жазған «Диуани хикметі» ұстаздың шәкірттеріне, болашақ ізбасарларына, оқушыларға арнаған өсиет сөзі іспетті.
Ахмет Йасауидің 90 мың шәкірті ұстазының сопылық ілімін Орта Азияға, Түркияға таратқан.