«Лұқман» - данышпан деген мағына беретін араб сөзі. Лұқман хакім – Шығыс әдебиетінде көп айтылатын ақылды, дана адам. Кітапта ол туралы бірнеше әңгімелер берілген. Солардың бірінде алдына келген кісінің бетін қайтармайтын Лұқман хакімнің жомарттығын пайдаланып, алған мың ділдә алтынын қайтарғысы келмеген ниетте болған жанның қарызға алған ақшасынан бақыр пайда көрмей айырылып қалғаны, кейін тәубесіне келген оның «осы жолы берсе, екі есе қылып қайтарар едім» деген ниетте болғанында қыруар пайда көріп және борышынан да ойындағыдай сәтті құтылғаны баяндалады. Әңгіменің идеясы – адам жақсылықты да, жамандықты да өзінің ниетінен табады, сондықтан үнемі ниетің дұрыс болсын деген ғибратты ой. Енді бір әңгімеден жақсы ет сұраған жағдайда да, жаман ет сұраған жағдайда да қожайынына қойдың жүрегі мен тілін асып берген Лұқман хакімнің ісімен де, шешендігімен де танылған дана тұлға екендігін көреміз. Әңгіме хакімнің: «Тәтті болмақ та тіл мен жүректен, ащы болмақ та тіл мен жүректен» адамдар арасындағы қарым-қатынасқа мегзейтін сөзімен түйінделеді. Алла тағаладан түскен кітаптар сюжеті мен халықтың бай ауыз әдебиетіне негізделген Рабғузи қиссаларының адамзат баласының тәрбиесі мен қоғамдық қарым-қатынастарды реттеуде үлгі боларлық тәрбиелік мәні зор.
Бұл шығармада Сүлеймен, Дәуіт, Мұса, тағы басқалар оқырманға тек әулие-пайғамбар ретінде ғана емес, ел билеген әділ патша болып та көрінеді. Мәселен, Дәуіт патша күндіз мемлекет басқару істерімен айналысып, ал түнде дәруіш киімін киіп алып ел аралайды екен. Ол халықтан патшаларың әділ ме, ел билеген әкімдер зорлық-зомбылық көрсеткен жоқ па деп сұрайды екен. Ел-жұртқа тізесін батырған әкімдерді ұдайы жазалап отырады екен дейді. Бір күні Дәуіт өзі туралы: патшаларың қалай?—деп сұрапты. Сонда бір кісі:—Патшамыз Дәуіт жақсы, бірақ жұрттың ақысын жейді—деп жауап береді. Сол күннен бастап Дәуіт патшалықты тастап, темір соғушы ұста болып кетіпті.
Дәуіт патша туралы тағы бір мынадай хикая бар. Дәуіт өз еліндегі бір кісінің әйеліне ғашық болып қалыпты. Сол әйелге үйлену үшін дереу күйеуін соғысқа жібереді. Сол күні патшаға арыз айтып, ағалы-інілі екі адам келеді. Інісі айтады: ағамның тоқсан тоғыз қойы бар. Сөйте тұрып, ол менің жалғыз қойымды тартып алды,— дейді. Сонда Дәуіт патша қаһарына мініп:— Бұл не деген әділетсіздік!— деп айғай салады. Бұған әлгі адамның ағасы аспай-саспай жауап береді:— Несі бар, әміршім, сіздің тоқсан тоғыз әйеліңіз бар екенін бүкіл ел біледі. Сөйте тұрып, біреудің жалғыз қатынын тартып алдыңыз. Мұныңызды қалай түсінуге болады?,— деп жауап беріпті.
“Қисса-сул әнбияның” кейбір қисса-әңгімелерінде халық ауыз әдебиетінің сарыны, сюжеті, көркемдік тәсілдері басым болып келеді.
Мұса пайғамбар жайындағы қиссалар қазақтың қиял-ғажайып ертегі-аңыздарын еске салады. Мұсаның “киелі” асатаяғы бар екен. Оны жерге шаншып қалса, ғайыптан жайқалған бау-бақша пайда болады немесе әскер өте алмай тұрған асау дарияға өзінен-өзі көпір салынып қалады яки қуып келе жатқан жауға қарсы тұратын аждаһар жылан шыға келеді.
“Қисса-сул әнбияда” Ануқ деген алып адамның бейнесін былайша суреттеп көрсетеді: Ануқтың екі аяғының арасы бір күншілік жол екен. Дариялардан таудай балықтарды қолымен ұстап алып, аспанға созып жіберіп, олгі балықты күнге күйдіріп жеп отырады-мыс. Әлемді топан суы басқанда су оның тізесіне де жетпепті. Өзенге су ішуге барғанда бір аяғы арғы жағалауда, бір аяғы бергі жағалауда тұрады екен. Ануқ өзен үстінде осылайша тұрып өліпті. Сосын оның бір жілігі сол өзен үстінде көпір болып қалған екен.
Байғыз құс туралы мынадай әңгіме бар. Біреу байғыз құстан сұрапты:
— Неге сен ұдайы адамы жоқ ескі жұртты, қираған қорғандарды мекен етесің?,— депті.
Сонда байғыз кұс:
— Мен адамдардың зұлымдығынан қорқамын. Бір кезде гүл жайнаған шаһарларды күл-талқан етіп, осындай күйге түсірген адамдар ғой. Солардың зұлымдығын естен шығармау үшін ескі жұртты мекен етем,— деп жауап беріпті.
Сөйтіп, “Қисса-сул әнбия” бір жағынан діни аныз-әңгімелерге, екінші жағынан, халық ауыз әдебиетінің дәстүрлеріне негізделіп жазылған прозалық көркем туынды болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |