Жіктік жалғаулары. Қазіргі түркі тілдеріндегі сияқты, қазақ тілінде де жіктік жалғаулары баяндауыш қызметіндегі сөздердің грамматикалық көрсеткіші ретінде жұмсалатыны мәлім. Алайда баяндауыштың грамматикалық көрсеткіші ретінде жұмсалатын осы жалғаулардың пайда болып, осы күнгі тұлғасына келуі — түркі тілдерінің дамуында жиі кездесетін дербес сөздің қолданылу барысында қосымшаға айналу процесінің бір көрінісі.
Түркологияда тәуелдік жалғаулары сияқты, жіктік жалғаулары да жіктеу есімдіктерінен тараған дейтін көзқарас талас туғызбайтын жай. Алайда жіктік жалғаулардың қазіргі типі, белгілі мұралар тіліндегі түрі бұларды да тарихи тұрғыдан тәуелдік жалғаулармен тұлғалас деп қарауға мүмкіндік бермейді. Ежелгі ескерткіштерде бұл жалғаулар мына түрде кездеседі: VII–VIII ғ. сүледіміз, сүңүсдіміз, бүздумыз. XIғ: Мен барырман, мен бармасман.— Мен барамын, мен бармаймын (МҚ). XIV ғ. Сенің йазықыңның алдында мен турурмен.— Сенің күнәңнің алдында мен тұрмын (КК). Егер қазіргі қазақ тіліндегі жіктік жалғаулар мен ескерткіштер тіліндегі осындай қосымшаларды салыстырсақ, бар айырмашылық дауысты дыбыстардың алмасуларында ғана. Қазіргі тіліміздегі жіктік жалғаулардың қысаң дауыстылармен -мын, -мін, -сын, -сін пішіндес келуін еске алсақ, ежелгі жазбалар тілінде бұлар әлі өздерінің түпкі төркінінен онша алыстай қоймағандығын байқауға болады. Қазіргі тілдегі жіктік жалғаулары, Н. К. Дмитриевтің сөзімен айтқанда, тұрақты дыбыстық құрамын жоғалтып, әр түрлі дыбыстық варианттарға жіктелудің нәтижесі. Н.К. Дмитриев бұлардың қазіргі түркі тілдерінде басқы дыбысқа қарай (-мын, -бын, -пын), дауысты дыбыстың сапасына қарай (-мын, -мин, -мун, -мін, -мән, -мен), соңғы н дыбысының сақталу, я сақталмауына қарай бірнеше варианттарда кездесетінін, олардың әр дыбысының әр түрлі тарихи фонетикалық заңдылықтардың нәтижесі екенін көрсетеді 13, 71-73 бб..
В. Котвич жіктік жалғауларын «байырғы етістік суффикстері» деп атайды да, олардың жіктеу есімдіктерінің постпозициялық тұлғасына (атау тұлғасы) жақындығын, өзара ұқсас, ыңғайлас жақтарының көп екендігін айтады, Оның айтуынша, нақ осы жайды монғол тілдерінің фактілері де дәлелдейді 15, 120 б..
Сонымен, жіктік жалғаулары, тәуелдік жалғауларындай септелген есімдіктердің энклитикасы емес, түбір түрінің энклитикасы, оның өзгерген, дербес мәнін жоғалтқан, сөйтіп қосымшаға айналған түрі.
Жіктік жалғауларының қалыптасуы, яғни, жіктеу есімдіктерінің жақты білдіретін грамматикалық көрсеткіштерге айналуының басты тәсілі — постпозициялық қолданыс болғандығын көне, жаңа түркі тілдерінің, материалдары дәлелдейді. Үчин Күлүг Тіріг бен, Қырғыз оғлы мен (Е). Ал тува тілінде: Мен ада мен. Сен ада сен (Мен атамын. Сен атасың). Орта ғасыр жазбаларында: Мен санға ашық турур мен. Сен менин анам турур сен (Ш. Тер..). Мен мухлис турур мен (тәпсір). Иақын тегті, түсті, күріп барды ол, Етіл сувы ақа турур (МҚ). Осы сөйлемдерден мынадай ерекшелік байқалады: біріншіден, жіктеу есімдіктері есім сөздерге тіркесе айтылған немесе баяндауыш қызметіндегі есімнен кейін байланыстырушы қызметінде айтылған көмекші етістіктің есімше тұлғасына тіркескен (анам турур сен). Бұл фактілер жіктеу есімдіктерінің постпозициялық қолданыста жалғауларға айналуының есім не есім мәнді сөздер негізінде пайда болғандығын көрсетеді. Олай болса, таза етістік тұлғалары жіктеу есімдіктерімен тіркеспеген, есімше формаларымен ғана тіркескен. Екінші жағынан, есімдердің баяндауыш қызметінде жұмсалып, жіктік жалғауларын қабылдауы байланыстырушы қызметіндегі көмекші етістіктер арқылы жүрген: есім+есімше тұлғалы көмекші етістік+жіктеу есімдігі>есім+ (көмекші етістік) +жіктеу есімдігі> есім + жіктік жалғауы. Кейін тіл дамуының барысында байланыстырушы қызметіндегі көмекші етістік түсіп қалады да, жалғау баяндауыш қызметіндегі есімге тікелей қосылатын болады. Ал III жақта сол жакты білдіретін жіктеу есімдігінің сөз құрамынан шығып қалуы орта ғасырларда-ақ қалыптаса бастаған. Жоғарыда М. Қашқаридан келтірілген сөйлем сондай процесті аңғартады: Етіл сувы ақа турур. Тіл дамуының кейінгі, жаңа дәуірлерінде соңғы есімше тұлғалы көмекші етістік фонетикалык өзгеріске ұшырайды, алдыңғы негізгі сөздің кұрамына енеді. Бір кезде үшінші жақты білдіру үшін айтылған ол есімдігінің түсіп калуымен байланысты әрі жақтық мән алған көмекші сөз енді жалғауға айналады. Сөйтіп жақтық және шақтық мәндердің бір тұлғаның бойына шоғырлануы болады. Турур көмекшісінің әбден қысқарған түрі қазіргі қырғыз тілінде (-т), ал қазақ тілінде аралық звено -(ады) орныққан.
Жіктік жалғауларының жақтық көрсеткіштер ретінде есімдерден болған баяндауыштарға да, етістіктен болған баяндауыштарға да тән болуы сол тарихи генезисінде жатыр.
Жіктік жалғауларының есімше мен көсемше етістіктерге, -мақ тұлғалы етістіктерге, көмекші етістіктерге қосылып қолданылатын түрлері бар да (бара-мын, барған-мын, барған-быз), шартты рай мен өткен шақ формаларына қосылатын түрлері бар екені белгілі. Соңғы түрі сыртқы пішіні жағынан тәуелдік жалғауларға көбірек ұқсайды. Бірақ бұлар да (екінші түр) алдыңғы топ сияқты етістіктерге қосылып, жақтық ұғым береді, ешбір меншік — тәуелдік ұғымды білдірмейді. Тарихи — генезистік тұрғыдан бұлар жіктік жалғаулармен бірдей болмағанымен, қолдану процесінде түгелдей солардың мәні мен қызметін атқарып, өздерінің алғашқы мәнінен ажырап қалған. Сонымен, бұл жерде морфологиялық тұлға — тәуелдік жалғаулары семантикалық өзгеріске түсіп, соңғы мәнде орныққан. Бұндай семантикалық өзгеріс о баста морфологиялық тұлғалардың сыртқы ұқсастығына негізделсе керек. Бірсыпыра етістіктердің I ж. көпше түрінде (шартты рай, өткен шақ) қолданылатын -қ, -ық аффиксі тәуелдік жалғауларына ұқсамайды. І-жақ жекеше көрсеткіші -м (барса-м), ал көптік көрсеткіші -қ болып келеді. Егер алғашқысын (-м) тәуелдік деп қарасақ (оның көпше түрі -мыз, -ыз көптік жалғау), -қ тәуелдік керсеткіші емес, көптік және жақтық көрсеткіш мәнінде айтылады. Осы аффикс қалау райдың І-жақ көпше түрінде де кездеседі (барай-ық). Қалау райдың бұл түрі басқа түркі тілдерінде -лық болып айтылады. Қазақ әдеби тіліндегі -йық — осының (-лық) өзгерген түрі.
Сонымен, өткен шақтың көпше I жағында, қалау райдың да сол жағында және шартты райда кездесетін -қ — жіктік пен тәуелдіктің басқа формалары сияқты жіктік есімдіктерден шықты деп қарауға дәлел жоқ. Бұл аффиксті көптік көрсеткіш, ескі дәуірден қалған көптік жалғауы деп қарау қолайлы. Қазақ тілінде, әсіресе эпостық жырларда, т. б. фольклорлық шығармалар тілінде -ыңдар тұлғасы мен -ыңыз тұлғасының аралас қолданылғандығын байқауға болады. Бұл, бір жағынан, фольклорлық шығармалар тілінің (әсіресе өлең, жыр тілінің) ескілік іздерін бойында сақтайтындығын дәлелдесе, екінші жағынан, бұл тұлғалардың біраз уақыт жарыса қолданылғандығын дәлелдейтін факт.