Сын, сапаны білдірудің лексикалық, грамматикалық тәсілдерінің қалыптасуы. Аффиксация. Сын есімдердің грамматикалық класс ретінде қалыптасуы зат есімдермен байланысты құбылыс. Зат есімдер зат жайлы ұғыммен бірге сын, сапа ұғымдарын да бойына жинаған грамматикалық класс болды. Бүгінгі тіл білімі тұрғысынан синкретикалық ұғым мен қызметтегі бұл зат есімдер сөз, сөйлем құрамында субъекті мен объектіні ғана білдірмей, атрибуттық та мән туғызып, сондай қызмет атқарады. Анықтауыш деп аталатын синтаксистік категория осылай, зат есімдердің сөйлем, сөз құрамындағы қызметінің бір түрі ретінде қалыптасты. Ал анықтауыш қызметінде зат есімдердің қолданылуы, сөйтіп анықтауыш категориясының қалыптасуы бір затты екінші зат арқылы ұғынуға негізделді. Екінші сөзбен, заттарды өзара салыстыру жолымен, бір-бірінен айырым белгілері мен салыстырма артық-кемдігін байқау арқылы жүрді. Сонда тіл құрамында алғаш рет сын, сапаны білдіргендер зат мағыналы сөздер. Ондай сөздер басқа бір сондай сөздермен салыстырғанда белгілі бір затқа не заттар тобына тән қасиет пен белгіні айқынырақ, анығырақ білдіретін болады. Айталық, қатты нәрсені, затты таспен теңестіруден барып тас жер, жұмсақ, сусыма жерді құммен теңестіруден барып қүм жер, т. б. сөз тіркестері немесе анықтауыш қызметіндегі сөздердің тобы калыптасады. Синтаксистік анықтауыш категориясы осы тәрізді сөз мағынасын кең түсінуге негізделген қолданыстан басталды. Мұндай қолданыстың барысында бірсыпыра сөздер лексикалық шектеліске түсті: сөз әрі зат ұғымында, әрі сын, сапа ұғымында тұрақтады. Қазақ тіліндегі ақ, көк, қара тәрізді сөздер сондай жіктелістің нәтижесі: ақ әрі зат атауы (ағарған сөзімен синоним), әрі түстің атауы, көк — зат есім (аспан мәні), әрі түстің атауы, қара — зат есім (кісі, көрінетін жанды зат — көпшілігінде мал), түстің атауы. Адам ойының айналасындағы дүниені анализдеу қабілетінің одан әрі дамуы сөздердің лексикалық жіктелісіне аналогия жасау барысында сын, сапа категориясын синтаксистік тәсілмен білдіру дәрежесіне жетеді. Сөйтіп алтын қасық, ағаш күрек, темір қақпа тәрізді тіркестер жасалады, яғни, жоғарыда аталған синтаксистік анықтауыш категориясы қалыптасады. Түркі тілдерінің үлкен ерекшелігі — сын, сапа категориясын білдіретін арнаулы морфологиялық тұлғалар жүйесі болмаған, тілдің даму барысында да ондай жүйе қалыптасқан жоқ. Түркі тілдері сөздердің ондай грамматикалық класын басқа жолмен қалыптастырды: есім, етістік туынды түбірлер қолданыстың барысында сын, сапаны білдіретін сөздер тобы болып тұрақталды. Грамматикалық мұндай жіктелістің бірден-бір критерийі — синтаксистік анықтауыш категориясы немесе зат есімге қатысты айтылып, ешбір морфологиялық өзгеріссіз оның, анықтауышы болу қызметі. Қазіргі тілдегі қызыл, сары, жасыл тәрізді тек қана түстің атауы ретінде айтылатын негізгі сын есімдер мен етістікке жақындығы, түбірлестігі синтаксистік қызметімен айқындалатын берік, шебер, ұлық, улы, кіші тәрізді сын есімдер сондай қолданыстық нәтижесінде ғана сын есімдер тобында тұрақталып қалған. Мұндай тұлғалы сөздердің сын, сапа мәнінде тұрақталуының екінші бір ерекшелігі бар; туынды түбірлерді жасайтын қосымшалар жүйесі де сын есім жасайтын қосымшалар тобы ретінде қайта ұғынылды. Олардың кейбірі (мысалы, -л: қызыл, жасыл) тек сол сөздер құрамында ғана қалса, кейбірі сын есім жасаудың актив тәсілі болып қалыптасады (мысалы, -қ: толық, бөлек). Сонымен, сын есімдердің дербес грамматикалық класс болып қалыптасуы лексикалық және синтаксистік қолданыс барысында болды. Сын есімдердің арғы негізі ең алдымен есім синкретизмінен басталды, етістіктің есім тұлғаларымен толықты. Соның барысында сын есім жасайтын біршама аффиксация жүйесі қалыптасты. Соңғы құбылыстың шығуы сын есімдерді морфологиялық жағынан ерекшеленетін грамматикалық класс деп қарау мүмкіндігін берді. Анығында, зат есімдермен немесе етістіктермен салыстырғанда сын есім о баста айқын морфологиялық сыпаты бар грамматикалық кластар қатарына жатпайды. Ондай сыпатқа тілдің даму барысында ие болды.
Ұзын, ұзақ сын есімдері бір ғана түбірден әр түрлі аффикстер арқылы жасалған сөздер екендігі олардың өзара мағыналық жақындығынан да, ортақ түбірлестігінен де айқын көрінеді. Бұлар ұза (ұзар, ұзару) етістігімен бір түбірден тараған. Алайда мұның алғашқы түбірі ұза емес, ұз екені қазіргі тіл фактілерін салыстырудан да көрінеді: ұзақ, ұзын сөздерін ұзар етістігімен салыстырсақ, -ақ, -ын, сол сияқты -ар қосымша болып шығады. Мұнымен байланысты мынадай фактілер бар: көне түркі тілінде уд, удз, уз (ізбе із жүру, ізбе — із еру). Сондай-ақ уду, удзу — ізбе із (ДТС, и әрпі). Бұларға қарағанда, алғашқы түбір аффрикат дж-менайтылған қосарлы дыбыстың екі жарылуынан уз және уд варианттары қалыптасқан. Қазақ тілінде соңғы, з-мен айтылатын вариант орныққан. Енді алғашқы түбір етістік пе, есім бе деген сұраққа, жоғарғы фактілерді ескерсек, етістік болды деп жауап беру керек, өйткені ұзын, ұзақ сөздері құрамындағы -ын, -ақ қимыл есім тұлғалары, ал ұзар етістігі құрамындағы -ар етіс қосымшасы, сол сияқты етістіктің ұзай (ұзайды) варианты р>з>й дыбыс ауысуларының нәтижесінде қалыптасқан. Бұған бір дәлел: көне түркі тілінде бұл етістіктің ұзал (етіс тұлғасы) түрі де кездеседі (ДТС, 620). Қазақ тілінде ұзарт-пенқатар ұзат тұлғасы тағы бар. Осылардың бәрін ескерсек, ұзын, ұзақ сөздері түбірге аффикс қосылу арқылы сын есім болып қалыптасқан емес, түбір мен қосымша бірігіп, көнеленіп, қолданыс барысында сын есімге айналған.
Қыңыр сын есімінің түбір мен қосымшадан кұралғандығы қың-ба (ол қыңбады) сөзімен салыстырғанда көрінеді. Сол сияқты, жұмыр, мықыр, шымыр, обыр, бүкір сөздері де көнеленген түбір мен қосымшадан қалыптасқан. Қазіргі қазақ тілінде -ыр қосымшасы осы қызметінде кездеспегенмен, бүк (бүк түсіп жатты), мық (мықшию, мықты), об (обып жіберді, опыру) түбірлері жеке немесе сөз құрамында кездеседі.
Сонымен, қазіргі казақ тілінде түбір мен қосымшаға бөлінбейтін, байырғы түбірлер деп қаралатын сын есімдер негізінен басқа сөз таптарынан ауысқан, яғни, адъективтенген сөздер. Ал олардың басым көпшілігі түбір мен қосымшадан құралған көне сөздер. Мұның өзі о баста тіл құрамында сын есімдердің арнайы мағыналы сөздер есебінде кеш қалыптасқандығын дәлелдейді. Сын есімдердің мұндай тобы аффиксация сын есім жасаудың механизмі ретінде орныққанға дейін, лексикалық жіктелу арқылы келіп шықса керек.