Диплом жұмысы Жұмыстың тақырыбы



бет12/22
Дата26.02.2023
өлшемі485 Kb.
#69979
түріДиплом
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   22
Байланысты:
dip -kone-turki-tilindegi-esim-sozder

Септеу категориясы және септік жалғаулары. Септеу катего-риясының даму ерекшеліктері. Түркі тілдерінің V–VIII ғасыр ескерткіштері тіліндегі септік жалғаулары кейінгі XI–XV ғасырлар ескерткіштері тіліндегі сондай категориямен грамматикалық қызметтерінің жіктелуі жағынан да, қолданылуы тұрғысынан да бірдей емес. Екі дәуір көріністерін салыстыра қарағанда мынадай негізгі айырмашылықтар айқындалады. V–VII ғасырдағы көне түркі тіліндегі кейбір септіктер екі не үш түрлі грамматикалық мәнде қолданылған, яғни, ол тілде септіктердің диффузиялық күйі байқалады. Онда, сонымен қатар, септік жалғаулардың шылаулар жетегінде айтылуы да енді қалыптаса бастаған құбылыс ретінде ғана көрінед. Қазіргі түркі тілдеріндегі септік жалғаулары басты екі топқа — грамматикалық септіктер мен көлемдік септіктерге жіктелетіні белгілі. Көне түркі тілінде де нақ осы із бар. Ал септік жалғауларының тілдің даму процесінде семантикалық жіктелуі осы екі топтың әрқайсысының өз ішінде болған құбылыс. Айталық, ілік септік пен табыс септік арасындағы функциялық жіктеліс осындай құбылыс. Көне түркі тілінде, орта ғасыр ескерткіштері тілдерінде септік жалғауларының бірінің орнына екіншісінің алмасып қолданылу құбылысы да көпшілігінде осы екі топтың өз іштерінде ғана байқалады. Семантикалық жіктелу, әрине, сол септік жалғауының алғашқы мағынасына сүйенеді. Ал тілдің даму процесінде септік жалғауының о бастағы мағынасының негізінде жаңа мағыналық мәнер пайда болады, яғни, бұрынғы бір ғана грамматикалық қызмет қолданылу процесінде өз ішінен бірнеше мағыналық мәнерлерге жіктеледі.
Септеу категориясының даму барысында бұған қарама-қарсы құбылыс — концентрация, яғни, екі не үш септік жалғауы семантикасының бір ғана жалғауға шоғырлануы да болған. Тілдің даму барысында бір-біріне семантикалық жақындығы айқын септік жалғауларының кейбірінің қолданудан шығып, «өлі» қосымшаға айналуымен байланысты, олардың мағынасы қолдануда тұрақталып қалған жалғауға ауысқан.
Септік жалғауларының морфологиялық және семантикалық дамуы екі түрлі грамматикалық категориямен тығыз байланысты; тіл құрамында жалғаулардың пайда болып, молаюы және етістіктердің меңгеру қабілетінің өзгеріп, кеңеюі. V–VIII ғасыр ескерткіштері тілінде шылаулар өте аз. Сондықтан септік жалғауларының шылаулар жетегінде қолданылуы аса сирек ұшырайды. Ал кейінгі дәуірде шылаулардың сан жағынан молаюымен бірге, септік жалғауларының да семантикалық саралануы күшейеді. Осындай өзгерістің екінші бір түрі етістіктердің меңгеру қабілетінің дамуымен байланысты болған. Көне түркі тіліндегі жиі ұшырасатын, септік жалғаулардың «жүйесіз» алмасып қолданылуының азайып, белгілі бір жүйеге түсуі де етістіктердің меңгеру қабілетінің сараланып, жіктелуімен тығыз байланысып жатады. Мысалы, көне түркі тілінде атау мен табыс, жатыс және барыс септіктерінің «жүйесіз» алмасып қолданылуы бар. Кейінгі даму барысында сол етістіктер әлгі септіктердің тек біреуімен ғана қолданылатын болған.
Қазіргі тіліміздегі септік жалғаулардың арғы кезеңдегі пішінін, ең алдымен, ескерткіштер тілінен көреміз. Алайда осы арада мына бір ерекшелікті айту керек. Тарихи салыстырмалы әдісімен іздестірілуі мүмкін септік жалғаулардың бәрі бірдей ежелгі ескерткіштер тілінде қолданылатын (живые) құралдар қатарында ұшыраса бермейді. Ол тілде де іздестірілетін жалғаулардың кейбірі түбірмен бірігіп кеткен «өлі» қосымша түрінде ғана кездеседі.
Қазіргі түркі тілдеріндегі, солардың бірі қазақ тіліндегі септеу категориясын тарихи барлауда сүйенетін тірек — көне түркі тілі, сол тілдің бізге жеткен ескерткіштері екені белгілі. Ол тілдіқ фактілері түркі тілдерінің көне дәуірлерінде септелудің үш түрлі жүйесі болғандығын дәлелдейді. Ондай жүйелер: жай септеу, тәуелдеулі сөздердің септелуі және есімдіктердің септелуі. Көне түркі тілінде ілік, табыс септіктері ыңғайында зат есімдер мен есімдіктер септелуінің арасындағы айырмашылык, табыс, барыс септіктер ыңғайында жай септеу мен тәуелдеулі септеу арасындағы айырмашылық байқалады. Алайда сол дәуірде-ақ, яғни, көне түркі дәуірінде-ақ, бұлардың арасындағы, әсіресе, зат есімдер мен есімдіктер септелуіндегі шектелу жойыла бастаса керек. Сол жазбалардың тілінде де зат есімге жалғануға тиіс жалғаудың есімдіктерге не керісінше колданылуы ұшырайды. Екінші сөзбен, сол тілде-ақ жоғарыда айтылған айырмашылықтар жеке-жеке өз аясында қалмай, бірінің белгісі екіншісіне ауыса, араласа бастауы байқалады.
Негізгі септелетін сөздер — зат есімдер. Алайда қазіргі тілде заттық мәнге ие болған (субстантивтенген) кез келген сөз септік жалғауларын қабылдайтыны белгілі. Осы із түркі тілдерінің тарихында жаңа емес, дегенмен, қазіргі тілдегідей етек алмаған. Ондай өзгешеліктер әр септіктің өз тұсында мүмкіндігінше айтылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет