Жіктеу есімдіктері. Қазіргі қазақ тілінде жіктеу есімдіктері деген атпен бес түрлі сөз біріктірілетіні мәлім: мен, сен, ол, біз, сіз. Үшінші жақ жіктеу есімдігі жекешеге де, көпшеге де ортақ. I—II жақтық жіктік есімдіктерді салыстырып байқағанда, жалпы түркі тілдеріне ортақ м//б дыбыс сәйкестігін (I жақта, бұл сәйкестік қазақ тілінде де бар: мұнда//бұнда, т.б.) көруге болады. Соған қоса, жіктеу есімдіктерінің жекеше және көпше түрлерінің арасындағы айырмашылық тек қана соңғы -н (жекеше), -з (көпше) элементтері екенін көреміз. Бұдан шығатын алғашқы қорытынды -мен, сен есімдіктерінің құрамындағы -н о баста түбірдің құрамында болмаған элемент дейтін пікір. Осы пікірді біз, сіз есімдіктерінің құрамындағы -з туралы да айтуға болады. Мен, сен есімдіктерінің алғашқы түбірлерінін, құрамында -н элементі болған жоқ дейтін пікір айтуға тағы бір себеп — чуваш тілінде I жақ жіктеу есімдігі эпе, II жақ жіктеу есімдігі эсе түрінде айтылады. Бұлардың құрамын э-се, э-пе деп талдауға да болар еді, сонда соңғы -пе, -се морфемаларынан мен, сен есімдіктерінің алғашқы бөліктерін көруге болар еді (м-б-п: ме-бе-пе). Екінші жағынан, чуваш тілінде I—II жақ жіктеу есімдіктері түбір қалпында осылай айтылғанмен, септелетін негіз I жақта ман, II жақта сан. Бұл ерекшелікті салыстырып қарағанда да, соңғы -н элементі түбірдің құрамында о баста болмаған дейтін пікір дәлелдене түседі. Алтай тілдерін Дипломшілер олардың бірсыпырасында, мысалы, монғол тілінде бі, чі түрінде айтылатындығын келтіреді. Сонымен, бұл фактілерге қарағанда, мен, сен есімдіктерінің алғашқы тұлғасы ме, се болуы керек те, соңғы -н кейін пайда болған элемент. Түркі тілдеріндегі осы сөздерді алтай тілдерімен салыстырғанда, қазіргі түркі тілдеріндегі жіктеу есімдіктеріне негіз болған түбірлер қазіргідей ашық дауыстымен емес, о баста қысаң дауыстылармен ғана айтылуы мүмкін, — дейтін ой туады. Бұған, бір жағынан, қазақ тілінде, басқа да кейбір түркі тілдерінде мына, міне сілтеу есімдіктерінің барлығы да себеп болады. Егер жіктеу есімдіктері мен сілтеу есімдіктерінің генезистік бірлігін еске алсақ, мен, мына, міне есімдіктерінің түбірлестігін оңай түсінуге болады. Осылардың ішінде өзінің бастапқы прототипіне бір табан жақыны мына, міне сөздерінің -мын, -мін элементтері.
Мен, сен есімдіктерінің құрамындағы -н, қорыта келгенде, түркі тілдерінің басым көпшілігінде айтылады, түркі тілдерінің ішінде бұл құбылыстан жырақ қалғаны — чуваш тілі. Ал монғол тілдерінде, сондай-ақ, алтай тілдерінің басқа да топтарында осы -н элементі кейде айтылмау фактісі кездеседі екен. Мұның өзі Дипломшілердің арасында -н элементі тарихи өте көне дәуірде монғол тілінде түсіп қалған дейтін пікірдің тууына себеп болды. Алайда түркі тілдерінің материалдарын салыстыра қарастыру мен, сен сөздерінің құрамында -н элементінің пайда болуын тарихи тұрғыдан жаңа құбылыс деп қарауға да тиянақ болады. Н.А. Баскаков бұл элементті қазіргі тіліміздегі ілік септік жалғауымен байланыстырады. Оның айтуында, ілік септік тұлғасының алғашқы негізі нен (зат, нәрсе, негіз) сөзі энклитикалық қолданыста әр түрлі фонетикалық сыпат алған, соның әбден қысқарған түрі, яғни, -н осы есімдіктер құрамында сақталған. Ілік септігі тұлғасы мен мен, сен есімдіктерінің соңғы -н элементі қалайда жақын формалар екенін көрсететін тағы бір факт: мен, сен есімдіктері ілік септікте қазіргі тілде менің, сенің түрінде айтылады. Мұндағы ілік септік тұлғасы -ның. Сонда септелетін ме-, се- болып шығады. Ал Орхон-Енисей жазбаларынан бастап, есімдіктердің ілік тұлғасы септелетін негіз болғаны мәлім. Менің үчүн, меніңдин, т.б. Мұндай қолданыстың кейбір қалдықтары қазіргі қазақ тілінен де ұшырасады: меніңше (менше), сеніңше (сенше), т. б. сондай. Бұл құбылысты (яғни, ме-нің, се-нің түрінде септеліп, түбірдің соңғы -н элементінің түсіп қалуын) түркі тілдерінің даму барысында байқалатын н дыбысының тұрақсыздығы деп қарауға да болар еді. Алайда ондай құбылыс басқа септіктер тұсында әсте байқалмайды.
Жіктеу есімдіктерінің III жағы болып табылатын ол сөзін де алдыңғы ізбен о-л тәрізді құрама бөлшектерге бөліп қарауға болар еді. Соңғы -л элементі осы есімдіктің септелетін негізінде кездеспейді. О-ның, о-ны, т. б. Ал көмектес тұлғасы онымен түрінде айтылғанмен, -ны морфемасын ілік септіктің қысқарған түрі деп қарау керек (салыстыр: оның-мен, оның үшін, оныц бірле). Оның бер жағында, сілтеу есімдік мәнінде жұмсалғанда ол сөзі тек о түрінде айтылуы да кездеседі: о жақта, о үйде, о не, т. б. Түркі тілдерінің бірсыпырасында, мысалы, әзірбайжан, құмық, түрік, өзбек тілдерінде III жақ жіктеу есімдігінде -л айтылмайды. Сонымен, ол есімдігінің арғы, бастапқы түбірі — о деп қарауға толық негіз бар. Ойландыратын мәселе, алайда, сол -л элементін түсіндіру болса керек. В. Котвич тұнғыс-маньчжур тілдерінде III жақ жіктеу есімдігі і, ін түрінде, қырғыз тілінде ал түрінде айтылатындығына сүйене отырып ін (і) III жақ жекеше түрі, оның көпшесі — а (н) түрінде айтылған деп жорамалдайды, -ан морфемасы біздің тілімізде анау, анда, ана жақта сөздері құрамында кездеседі. Сонда, оның айтуынша, ал қырғыз тілінде а (н) мен о (л) сөздерінің қосындысынан барып пайда болған. Соңғы -л-ді Котвич нақтылаушы (утвердительная частица) қосымша деп қарайды. Сөйтіп -л жайлы пікір осындай 15, 96-98 бб.. Бұл пікірдің қалайда ойландыратын жағы мынада: ол есімдігі септелгенде жатыс септікте (онда) түсініксіз -н пайда болады. Нақ осы -н ана, анау, анда есімдіктерінің құрамында кездеседі. Қазіргі тілдің құрамында онда, анда сөздерінің арасында пәлендей лексикалық айырмашылық жоқ. Бірақ о/а параллелін кейбір түркі тілдерінде есімдіктердің септелуінде кездесетін сәйкестікпен түсіндіруге болар еді. Мысалы, хакас тілінде: ол, анын, т. б.
Біз, сіз есімдіктерінің құрамындағы -з элементі жайлы айтылып жүрген пікірлерді екі топқа бөлуге болады. Дипломшілердің біразы бұлардың алғашқы түбірі бі, сі деп қарайды да, соңғы -з бір кезгі екілікті, қосақты білдірген қосымша деп есептейді. Мұнда біз сөзі бір кезде мен және сен дейтін мағынада қолданылған болып шығады. Осы тұрғыдан келіп -з ауыз, көз, егіз тәрізді сөздер құрамындағы -з-мен салыстырылады. Бірсыпыра Дипломшілер біз сөзінің осы тұлғасының қалыптасуын мынадай схемамен түсіндіреді бі-сі, біз, сі-сі2. Бұл пікірді ұсынушылар да екілік (парность) идеясын берумен байланыстырады. Алдыңғы пікірден айырмашылығы: алдыңғылар -з екілікті (парность) білдірген қосымша деп қараса, соңғылар екі сөздің бірігуінен, соның салдарынан ілгері ықпал заңдылығына сәйкес -с ның -з -ға айналуы, соңғы қысаң дауыстының түсіп қалып, бүкіл сөздің ыкшамдалуы деп есептейді. Соңғы пікір сөз құрамында болуға мүмкін езгерістерге негізделгендіктен және сөздің лексикалық мағынасымен үйлесіп жататындықтан дәлелді тәрізді. Тек бұл жағдайда біз, сіз сөздерінің құрамындағы -з элементімен бірдей деп тануға ешқандай негіз болмай қалады. Есімдер құрамында кездесетін -з элементі сөз болғанда, әр кез көңіл аударуға тиіс құбылыс мына сияқты: мағыналық жағынан бір-бірімен ұштасып жататын, ұялас лексикалық мән беретін есімдер мен етістіктер қатарларын салыстыра қарағанда -з әрқашан есім сөздерді мағыналас етістіктерден оқшаулап, олардың есімдер тобына жатуының грамматикалық белгісі есепті көзге түседі. Мысал үшін мынадай сөз қатарларын салыстырып көрейік: кез — көр, семіз — семір, т. б. Осындай фактілерге қарағанда, -з тілдің белгілі бір дәуірінде есімдерге тән қосымша болған ба деп те ойлауға болады. Қалай болғанда да біз, сіз сөздерінің құрамындағы -з сөздің бастапқы түбірінің құрамында болмаған, кейін ғана қосылған морфема. Солай екендігін бүгінгі түркі тілдерінің фактілері де дәлелдейді. Қазақ— сіз (дер), тува — силер, алтай — слер, шор — силер, хакас — сірер, чуваш — эсир, тува, алтай, шор тілдерінде басқа түркі тілдерінде айтылатын -з айтылмай, көптік жалғау сі (си) түбіріне тікелей жалғанады. Бірақ сол тілдерде де, басқа тілдердегідей, бірінші, екінші жақтық жіктік есімдіктері жекеше түрінде мен, сен (мин, син) түрінде -н мен айтылады. Ал чуваш пен хакас тіліндегі варианттар -р -ға аяқталады. Олардың құрамынан да түркі тілдерінің бәріне ортақ сі (си) түбірін көруге болады: сірер, э-си-р. Хақас пен чуваштық варианттар біз, сіз есімдіктері бі-сі, сі-сі, яғни, екі сөздің бірігуі, сөйтіп фонетикалық өзгерістерге түсу арқылы пайда болған дейтін пікірді дәлелдемейді, Егер ол тілдерде де түркі тілдерінің барлығына ортақ бі, сі түбірлері сақталған болса, біріккен уақытта (бі-сі, сі-сі) соңғы -р қайдан шығуы мүмкін дейтін сұрақ туады. Өйткені байырғы түбірдің құрамында -р жоқ. Бұл жағдай чуваш, хакас варианттарының құрамындағы -р түбірге қосылған қосымша деп қарауға негіз болады. Сонымен, біз, сіз есімдіктері екі түбірдің бірігуі арқылы емес, түбір мен қосымшаның бірігуінен жасалған болса керек.
Достарыңызбен бөлісу: |