1.1 МӘНДЕС СӨЗДЕРГЕ ЖАЛПЫ СИПАТТАМА
Мағыналары бір-біріне жақын, өз ара мәндес сөздер синонимдер деп аталады. Өз ара мәндес сөздерден: синонимдік қатар құралады. Синонимдік қатардың құрамына екі, кейде одан да көп сөздер енеді. Мысалы:
1. адам - кісі;
2. күш - қуат - әл - дәрмен;
3. қадірлі - құрметті - ардақты - аяулы - қымбатты;
4. болдыру - шаршау - титықтау - тұралау; құрғау - кебу - дегду - тобарсу;
5. тез - жылдам - шапшаң - лезде - сәтте және т.б.
Синонимдер-омонимдерге қарама-қарсы құбылыс. Омонимдер мағыналары әр басқа, дыбысталуы бірдей сөздер болса, синонимдер мағыналары бір-біріне жуық (өз ара мәндес), дыбысталуы әр түрлі сөздер. Омонимдер де, синонимдер де басқа сөздерден құралады. Дыбысталуы бірдей болғанымен, омонимдер де әр басқа сөздер ретінде танылады. Омонимдердің ішінде, жоғарыда атап өткеніміздей, бір сөздің (полисемантизмді сөздің) мағыналық жақтан дамуы, мағыналардың бір-бірінен ажырасып кетуі нәтижесінде жасалғандары да бар. Омонимдердің мұндай түрін құрастырушы сыңарлар да (сөздер) тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан әр басқа сөздер ретінде танылады. Ал әр басқа сөздердің синонимдер ретінде танылуы үшін, олардың мағыналық жатқан бір-біріне жуық, өз ара мәндес болуы шарт.
Синонимдіқ қатарды құрастырушы сөздер бір-бірімен мағыналық жатқан жақын, өз ара мәндес болуымен бірге, барлығының бір сөз табына қатысты сөздерден жасалуы шарт. Әр түрлі сөз табына қатысты сөздерден синонимдік қатар жасалмайды. Белгілі бір синонимдік қатардың жасалуы үшін, оның құрамына енетін сөздердің барлығы да не бірөңкей зат есім сөздерден, не бірөңкей сын есім сөздерден немесе бірөңкей етістік сөздерден болуы керек. Синонимдік қатарлар әр сөз табының құрамында бар.
Мысалы: Зат есімдерден болған синонимдер: өң - түр - түс - келбет - пішін - ажар - мүсін көрік - әлпет - кескін - рең - дидар - шырай; уақыт - мезгіл; мерзім - кез; сабыр - төзім - шыдам жне т.б.
Сын есімдерден болған синонимдер:салмақты - сабырлы - байыпты - байсалды - ұстамды; сұлу - әдемі - көркем - көрікті - ажарлы - кескінді - келбетті; күшті - мықты - әлді - қарулы - қайратты - қажырлы және т.б.
Етістіктерден болған синонимдер: сауығу - жазылу - айығу; жолығу - кездесу - ұшырасу; жорамалдау - долбарлау - тұспалдау -болжау - межелеу; амандасу - сәлемдесу; әзілдесу - қалжыңдасу және т. б.
Үстеулерден болған синонимдер: таяуда - жуырда - жақында - жуықта; әрең - әзер - зорға; тез - жылдам - шапшаң - лезде - сәтте және т. б.
Тіл - тілде, әсіресе зат есімдер мен сын есімдерден және етістік сөздерден болған синонимдр жиі кездеседі. Бұлай болатындығы әрбір тілдің лексикасындағы сөздердің басым көпшілігі зат есімдер мен сын есімдер және етістік сөздер.
Тіл -тілде мағыналары жағынан бір-біріне тепе-тең синонимдер, әдетте, кездеспейді, ал егер кездесе қалса, өте сирек ұшырайды. Синонимдес сөздер өз ара мәндес сөздер болғанымен, олардың мағыналық жақтан қалай да бір айырмашылығы болады. Синонимдес сөздердің өз ара мағыналық жақындығын (ұқсастығын)айқындаудан гөрі олардың бір-бірінен мағыналық айырмашылығын айқындау әлдеқайда күрделі. Бұлай болатындығы мынадан; синонимдес сөздердің бір-бірінен мағыналық жақтан айырмашылығы көбінесе сәл ғана нәзік айырмашылық түрінде болады да, мұның өзі бірден ашық-айқын аңғарыла бермейді. Бұл-бір. Екіншіден, синонимдес сөздердің бір-бірінен өз ара айырмашылығы қолдану ыңғайына қатысты стильдік айырмашылық түрінде ғана болуы мүмкін. Синонимдес сөздердің мұндай жақтары стильде түрлендіре ажырытылып айқындалады.
Синонимдер өз ара мәндес сөздер болғандықтан, кейде бірін-бірі ауыстыра алады. Мысалы, байыпты адамды салмақты деп те, сабырлы деп те, байсалды деп те айтуға болады. Сол сияқты жақында деудің орнына ыңғайына қарай жуықта, жуырда немесе таяуда деген сөздердің бірі қолданыла алады. Бірақ синоним сөздер әр уақытта бірінің орнына бірі жұмсала бермейді. Синонимдік қатардың құрамыңдағы кейбір сөздер тек белгілі бір сөздермен ғана тіркесіп айтылады. Мысалы, ат, есім деген синоним сөздердің есім дегені тек адамға байлынысты айтылады. Ал мекеме, қала, өзен, тау т.б.атауларға байланысты ат сөзі айтылады да (мыс: өзеннің аты, көлдің аты; Бұл ағаштың аты - ақ қайын), есім сөзі олармен тіркеспейді. Сондай-ақ, көріқті, келбетті, ажарлы, өңді, көркем, әдемі, сұлу деген сөздер өз ара синонимдес сөздер болғанмен, қолданылуға келгенде, бірінің орнына бірі жүре бермейді, олар сөздерге "таңдап" барып тіркеседі. Мысалы, көрікті адам, келбетті адам, ажарлы кісі, өңді кісі, сұлу қыз деп айта береміз; ал бұл синонимдердің әрқайсысын қала, үй, ат деген сөздермен тіркестіріп айтуға, мысалы, "келбетті қала, ажарлы қала, өңді үй, келбетті үй немесе өңді ат" деуге болмайды, өйткені осы сөздердің бұлай тіркесуі дағдыдан, тәжірибеден тыс және жат болып танылады. Әдетте, бұл синонимдердің ішінен көркем, әдемі, сұлу деген сыңарлар ғана қала, үй, ат деген сөздермен тіркесіп, көркем қала, сұлу қала, әдемі үй, сұлу ат түрінде айтылады.
Синонимдер тікелей стильмен байланысты болып келеді. Тіл-тілде сараланған, қалыптасып орныққан бірнеше стильдік тармақ болаы. Тілдің даму барысында оның лексикасындағы көптеген сөз сараналып, белгілі бір стильге телініп, әр топқа бөліне бастайды. Мұны белглі бір синонимдік қатардың ішіндегі сөздердің қолданылуынан да аңғаруға болады. Мысалы, көк, аспан деген синонимдік қатардың құрамындағы аспан сөзі, жер шары, жер жүзі деген синонимдік қатардағы жер шары тіркесі көбінесе ғылыми стильде (астрономияда) қолданылады. Ал 1) теңіз, дария; 2) халық, жұрт, әлеумет, халайлық деген синонимдік қатарлардың құрамындағы сөздерді қолданылу жағынан салыстырып қарағанда, бірінші синонимдік қатардағы теңіз, екінші синонимдік қатардағы халық, жұрт дегендердің жалпылама қолданыла беретін байқалады. Осы синонимдік қатарлардағы дария, әлеумет, халайық, деген сөздер көбінесе поэтикалық тілде қолданылады да, көтеріңкі стильмен байланысты болып келеді. Тілдегі барлық синоним болмаса да, көптеген синонимдік қатардің құрамындағы мәндес сөздердің әр қайсысы белгілі бір жанрда, стильде қолданылуға икемделеді.
Синонимдік қатардың құрамындағы сөздердің белгілі бір жанрға, стильге икемделіп телінуі және, осыған орай, сол жанрда немесе стильде қалыптасып орнығу құбылысы сөздік құрамы стилистикалық жақтан дифференцияланған тілдерде, мысалы, орыс тілінде, айқынырақ аңғарылады. Мысалы: орыс тіліндегі внезапно - неожиданно, стремительный - быстрый, исполнить - сделать, порицать - упрекать, взыскательность - трубовательность, чрезмерно - слишком, обоюдный - взаимный деген синонимдік топтардің әрқайсысының алдыңғы сыңары кітап тіліне (книжная речь) тән болса, врасплох - неожиданно, вволю - вдоволь, начистату - откровенно, малость - немного, смыслить - понимать, напасти - неприятности деген тәрізді синонимдік топтардың алдыңғы сыңарлары ауыз екі сөйлеу тіліне тән.
Кейбір синонимдік қатарға енетін сөздердің сапа мен белгіні білдіру дәрежесінде бір-бірінен айырмашылықтары болады. Мысалы, әуес дегеннен гөрі құмар, құиар дегеннен гөрі құштар дегеннің сындық, сапалық дәрежесі күштірек. Ал құштар дегеннен гөрі іңкәр, іңкәр дегеннен гөрі ынтық, ынтазар дегендердің сындық, сапалық дәрежесі әлдеқайда күшті. Аталған синонимдес сөздердің сапа мен белгіні білдіру дәрежесі бірінен- біріне үдеп, біріне-бірі асып түсіп отырады. Бұл тәрізді синонимдік қатарлардың құмарындағы эмоциональды бояуы қалың, экспрессивті
Достарыңызбен бөлісу: |