437-бап. Сатып алушының тауарды қабылдау мiндетi Осы тараудың ережелерiне сәйкес тауарды ауыстыруды талап етуге немесе шартты орындаудан бас тартуға өзi құқылы болатын жағдайларды қоспағанда, сатып алушы өзiне сатушы берген тауарды қабылдауға мiндеттi.
Егер заң актiлерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, сатып алушы әдетте қойылатын талаптарға сәйкес, тиiстi тауар берудi және алуды қамтамасыз ету үшiн өз тарапынан қажеттi iс-қимылдар жасауға мiндеттi.
3. Сатып алушы заң актiлерiн немесе шартты бұза отырып, тауарды қабылдамаған не қабылдаудан бас тартқан жағдайларда, сатушы сатып алушыдан тауарды қабылдауды талап етуге немесе шартты орындаудан бас тартуға құқылы.
438-бап. Тауардың бағасы Сатып алушы тауарға шартта көзделген баға бойынша, не ол шартта көзделмесе және оны шарт талаптарын негiзге ала отырып белгiлеу мүмкiн болмаса, осы Кодекстiң 385-бабының ережелерiне сәйкес белгiленетiн баға бойынша ақы төлеуге, сондай-ақ өз есебiнен заң актiлерiне, шартқа немесе әдетте қойылатын талаптарға сәйкес төлемдi жүзеге асыру үшiн қажеттi iс-қимылдар жасауға мiндеттi.
Баға тауардың салмағына қарай белгiленген кезде, егер шартта өзгеше көзделмесе, ол ыдыссыз таза салмағы бойынша айқындалады.
Егер шартта тауар бағасын (өзiндiк құн, шығындар және т.б.) көрсететiн көрсеткiштерге қарай тауар бағасының өзгеруi тиiс екендiгi көзделсе, бiрақ бағаны қайта қарау әдiсi белгiленбесе, баға көрсеткiштердiң шарт жасасу кезiндегi және тауар беру жөнiндегi мiндеттi орындау кезiндегi арақатынасын негiзге ала отырып белгiленедi. Сатушы тауар беру жөнiндегi мiндеттiң орындалуын кешiктiрiп алған жағдайда баға көрсеткiштердiң шарт жасасу кезiндегi және шартта көзделген тауар берiлетiн күндегi, ал шартта мұндай күн көзделмесе, осы Кодекстiң 277-бабына сәйкес белгiленген күнгi арақатынасын негiзге ала отырып белгiленедi.
Егер осы Кодексте, басқа да заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе не ол мiндеттеменiң мәнiнен туындамаса, осы тармақта көзделген ережелер қолданылады.