Сілтеуші ек құлаш тұлпардай, Жазушы ек қанат сұңқардай, Асауменен алысып, Қашағанды құтқармай. Ай-ай, Сарыарқа, Елің алыс, Қалды шалыс, Жат жерде талай елмен болдық таныс» – деген жолдардан туған өлкенің кең даласы елдің атын танытқан сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздардың мекені болғанына көзіміз анық жетеді. Сұлу өмірді сүйген Сәкен де осы ортаның сәні болған.
Қыздары біздің жақтың қара қасты, Тісіне ұқсатарсың, меруерт тасты. Сымбатты, көркем бойлы тал шыбықтай, Мамық төс, сұңғақ мойын, сүмбіл шашты. А-ай, жан сәулем, Өрім талдай, Жазық маңдай, Аузыңнан шыкқан лебің шекер балдай. Қыздары біздің жақтың қара көзді, Сырнайдай дауыстары, тәтті сөзді. Қызыл гүл албыраған еріндері, Шырайлы, ашық көңіл, бал мінезді Еркін бейбіт аулым-ай, Жас өрім, талдай сәулем-ай [21] – деген өлең жолдарында елдің көркі болып саналатын сұлу бойжеткендердің образын тамаша суреттеген.
Сыршыл да ойшыл ақын, сұлулық жыршысы табиғатты онда мекендеген адамның көңіл күйімен, жасампаз еңбегімен байланыстыра жан бітіре суреттейді. Сәкеннің күрес жолындағы кейіпкерлерінің елге, туып-өскен жерге деген сезім күйлері табиғатка ынтықтығы арқылы ашылады. Мысалы, түрмеде отырғанда жазылған «Қамаудан» атты өлеңінде жау қолына тұтқынға түсіп, темір тордың ар жағында жатқан тұтқынның көңіл күйі, жан дүниесі, қамыққан лирикалық қаһарманның табиғатпен сырласуы, тамылжыған табиғаттың сұлу көрінісіне ынтықтығы шебер де келісті суреттелген. Шағын өлеңнің өзінде үлкен сурет бар. Оқушының көз алдына түрменің тор терезесінен сұлу табиғат құбылыстарына көз салып ойға бөленген лирикалық қаһарман елестейді. Еркін далада туып-өскен тұтқын қазаққа тіпті табиғат та аяушылықпен жаны ауыра қарайды, бостандықтың символы – торғайлардың терезе алдына келіп шықылықтаған үні ызғар шашқан тас үйді жылытқандай болады, даладағы самал жел жас көктің иісін жеткізеді. Қызыл шапақты күн де шұғыласын тұтқын отырған терезенің алдына төгеді, оның көз алдынан байтақ дала суреті өтеді. Майда жел кеп беттен өбіп, тұтқынның жүдеу жанын жұбатады. Көңілі жадыраған жан табиғат арқылы елімен тілдеседі, «шын ғашығы – бостандықты» аңсап:
Тас үйдегі тұтқынды Аяған адам жоқ болды. Аяды бірақ табиғат, Көңілім соған тоқ болды. Терезенің алдына Торғайлар кеп ән салды. Ызғарлы қамау тас үйге Күйлендіріп жан салды. Даладан көгал жас исін, Жіберді маған желменен. Терезеде отырып, Сөйлесті көңілім елменен. Болса да алыс қызыл күн, Шұғыласын шашты алтындап. Ғашығым менің бостандық Келді алдыма жарқылдап. Терезеден өлшеусіз Көрсетті қыр, кеңдігін, Табиғатына дүниенің Патша мен тұтқын теңдігін. Демін салып майда жел Құшақтап сүйіп тәнімді: Сүйгенімдей тербетіп Жұбатты менің жанымды. Отырмын күзет – қамауда Дұшпаннан тәнім жеңілді. Жеңе алмас, бірақ, еш пенде Асау еркін көңілді [21] – деп үн қатады. Тас қамауда жатып Сәкен адамдардан рақым күтпейді. Себебі оны түсінетін жан жоқ. Сол себептен ақын еріксіз табиғатпен сырласады. Табиғат қамаудағы тұтқынның жабырқау көңілін жадыратып, бойына бостандыққа деген сенім ұялатады.
Ақын өзінің лирикасында махаббаттың сәулелі үмітке, ізгі арманға, тәтті қиялға талпынған құпия сырларын да, бұралаңы мол өкінішін де ашады. Сүйіспеншіліктің ащы-тәттісін өмір сынынан өткізіп барып қана айыруға болады дегенді аңғартады.
«Сағындым» атты өлеңінде де «туғалы қапас көрмеген», еркін өскен бұла жастың «Сарыарқа сары белі бар» қырын, «өзенді, көлді жайлаған, көрмеге тұлпар байлаған» ауылын, «еркесі қырдың бұралған» сәулесін, «айналып-толғанып өсірген» анасын сағынуы табиғаттың әсем суреттерімен, ел өмірінің әсерлі көріністерімен астастырыла берілген. Бұл Сәкеннің ішкі жан дүниесінің күйзелісінен туған. Елден қол үзіп тар қапаста қиын күндерді өткізген ақын туған жерін ойламай жата алмайды. Асқақ рухты ақын сағынышын кестелі сөзбен көркемдеп жеткізеді. Нәзік лирикалы өлең терең сырға толы. Ақын туған ауылына, сүйген жарына, ақ жаулықты анасына, кең байтақ даласына, жұртына деген сағыныш сезімін рет-ретімен сырлы сезім, өрнекті жыр жолдарымен бейнелейді. Ақынның сұлу оралымдары өлеңнің эстетикалық әсерін еселетсе, ал идеясы туған жердің қадір-қасиетін түсінуге баулиды.
Сарыарқаның төсінде бұла өскен Сәкен туған өлкесінің сұлу табиғатын айшықты тілмен суреттейді. Ақын өлеңнің алғашқы жолдарында туған жерге деген сағынышын білдіреді: