Дипломдық ЖҰмыс сәкен сейфуллин поэзиясындағы туған жер табиғатының тілдік бейнесі иса Дана Сансызбайқызы



бет3/15
Дата28.11.2023
өлшемі159,4 Kb.
#130584
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
«Кейде толып көкірекке, кектер толып кернеген.
Жігер қайнап зұлматқа, дүниеден шындық көрмеген.
Көз жасын көріп сорлының, екпінді қызу өлеңді,
Көкірегім жылап еңіреген, айтпауға ерік бермеген» [3.96].
Сәкен Сейфуллин 1902-1912 жылдары Ақмола қаласында әуелі Приходская школада, одан кейін екі класты училищеде оқиды. Білімі жетіле түскен ақын орыс тіліндегі әдебиет кітаптарын көп оқып, алыс-жақын ауылдардан оқу-білім іздеп келген бірталай қазақ балаларына орысша сабақ береді [5.10].
Суреткер ақын өмір жолының өзі – тұнып тұрған тарих. Ол өз шығармаларымен үлкен бір дәуірдің дауылпазына айналды. Оны ақын шығармашылығымен тереңірек танысқан сайын көз жеткізесің.
М.Қаратаев: «Халқы сүйген, халқын сүйген Сәкен аға. Ол өзгеше жан еді. Бір көрген адам оны ұмыту мүмкін емес. Атақты сыршыл да сұңқар ақын өзінің даңқымен де, ажар-көркімен де, әділ, адал, адамгершілік қасиеттерімен де ерітіп, еліктіріп әкететін. Әу бастан суретін «Тар жол, тайғақ кешу» кітабының бетінен көргенде, есімде, жазық маңдай, қыр мұрынды, сылау мұрт, ашаң жүзді сұлу, сұрша жігіттің бейнесі қалып қойған-ды» [6.55], – деген.
Ал Ғ.Мұстафин: Есіме түскен сайын орта бойлы, толқынды қара шашты, өткір ойлы көзді, сымбатты, көрікті, түсі ақ пен қараның аралығындағы қоңырқай кісі көз алдыма келеді. Қадала қарағанда сыртыңды түгіл, ішіңді көріп тұрғандай. Ал, оған қадалған көздер, әсіресе, әйел көздері оңай айырыла алмайтын. Сырты өте сұлу, кербез, тәкаппар, іші өте қарапайым, кішіпейіл еді» - деген.
Ал Е.Ысмайылов 1959 жылы жазылған мақаласында былай деген: «Сәкен өзінен оқып, білім алған жастарды қазақ әдебиетінің тарихын, көркем поэзияны терең зерттеу, сүю, білу рухында тәрбиеледі. Егер көптеген ақын-жазушыларымыз Сәкеннің шығармашылық ықпалымен әдебиет майданына араласқан болса, бірталай жас таланттар Сәкеннің оқушы шәкірті есебінде араласып, шығармашылық қабілетін дамытуға мүмкіндік алды. Сәкен Сейфуллин – қатал күрес үстінде өмірдің қанша теперішін басынан өткеріп, сан қилы соқпағына түссе де, мойымай шынығып өскен ақын азамат» [1. 29].
Зерттеуші А.Кәкен: «Сәкен жүрген із сайрап жатыр. Оның әдеби мұрасы рухани қазынамыздың алтын қорынан орын алды, келешекте де тарих төрінде тұра бермек. Өзіме тағдырлас, мұңдас, поэзия құлагері атанған Ілияс Жансүгіров Сәкенді тұлпарға теңеді, жүректен шыққан жыр жолдарын арнады» [7.43] – деп жазады.
Сәкен Сейфуллин тірісінде-ақ халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп «Сәкен сері» атанған. Алла бойына сезім мен сұлулықты қосып берген ақын шығармашылығы да тұнып тұрған махаббат пен көркемдік. Ақынның сұлу жанынан өріліп ғажайып туындылар өмірге келді.
Кіндігін Сарыарқа кескен, қаймағы бұзылмаған қасиетті ортада өскен, бесігінен өнеге көрген, өнердің уызын емген сұлу Сәкен, сырбаз Сәкен, сырлы Сәкен, сұңқар Сәкен, ақын әрі композитор Сәкен Сейфуллиннің небәрі қырық төрт жылдық ғұмырында биікке самғап ұшып, биіктің ұшар шыңына шығып, әдебиет пен өнерде өлшеусіз із қалдырған аса ірі тарихи тұлға.
М.Әуезов: «Сәкен еңбегіне тарихшы да, сыншы да емес, жай қатардағы оқушы есебінде көз жіберсек, өзгеде жоқ екі түрлі қасиеті басым айқын көрінеді. Біріншісі – жалтағы жоқ шыншылдығы, екіншісі – ақындық тәкәппарлығы» – деген.
Ал Ғабит Мүсірепов: «Сәкеннің тұла бойы тұнып тұрған ақындық еді, қара тырнағына шейін ақындық үшін жаратылған. Сәкен қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы, көшбасшысы. Тарих оған жүктеген міндетті ешқайсымыз атқарған жоқпыз. Тарихқа зорлық жүрмейді» [8.2] – деп жазады.
Р.Нұрғали өз еңбегінде «Қазақстан қоғамдық тарихында көрнекті орын алатын қайраткер, ХХ ғасырдағы жаңа қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі – Сәкен Сейфуллин аз ғана ғұмырында найзағайдай жарқырап өтті. Жаңашыл жазушы қаламынан туған шығармалар халық өмірінің өзекті, көкейкесті тақырыптарын аша көрсетті. Сонымен қатар, ұлттық әдебиетке жаңа мазмұн, жаңа идея, жаңа түр әкелген, эстетикалық игіліктер жасаған жазушы туындылары халқымыздың қымбат рухани қазыналарының қатарына жатады» [9] – деп Сәкенге жоғары баға берген.
Сәкен Сейфуллин шығармашылығын зерттеуде әдебиеттанушы, ғалым М.Қаратаевтың орны ерекше. Ол өзінің әдебиеттану мен фольклорының өзекті мәселелері туралы зерттеулерінде Сәкеннің қазақ кеңес әдебиетінің негізін салудағы зор еңбегіне орынды баға берген. Оның «Әдебиет және сын мәселелері», «Сейфуллин туралы жаңа еңбек» мақалалары да Сәкеннің өткені мен бүгінін, алда тұрған өзекті мәселелерін қозғауымен құнды. Ақынның ақындық, қайраткерлік тұлғасы туралы «Азамат тұлғасы», «Ақын туралы айтарым», «Жиырмасыншы жылдардағы қазақ совет әдебиеті» мақалаларында жан-жақты қарастырылып айтылған. М.Қаратаев ҚазПИ-де оқыған жылдары Сәкеннің тәлім-тәрбиесін көріп, кейін ұстаздың жарқын бейнесін есте қалдыруда елеулі еңбек сіңірген. 1933 жылы «Лениншіл жас» газетінің бірнеше сандарында «Қызыл ат» және «Социалистік реализм» атты мақала жазып, Сәкеннің «Қызыл ат» поэмасы [10] төңірегінде туындаған дау-дамайға араласып, поэмаға шынайы баға беріп, Сәкентануға дұрыс ғылыми бағыт берді. Кейін «Қызыл сұңқарлар туралы» (1936) мақаласымен Сәкен шығармашылығы туралы болашақ әділ сынның негізін қалыптастырды. Сонымен қатар, ғалымның «Сәкен Сейфуллин» (1964) атты кітапшасы, «Тар жол, тайғақ кешудің» орысша басылуына жазылған кіріспе мақаласы (1964), Сәкеннің 70 жылдығына байланысты «Дружба народов» (№5, 1964), «Простор» (№5, 1964) журналдары мен «Комсомольская правда» (23 мамыр, 1964) газетінде басылған мақалалары, «Асау тұлпар» атты монографиялық очеркі «Эпостан эпопеяға» кітабында – 1969) және де «Социалистік реализмнің қазақ прозасында қалыптасуы» (1965), «Әдебиет және эстетика» (1970) атты монографиялық зерттеу еңбектерінде «Тар жол, тайғақ кешу» романының жанры, мазмұны мен формасын анықтай отырып, жаңашылдық сипатын ашады. Соңғы еңбегінде Сәкенге «Асқақ аға» деген бөлімін арнап, Сәкенннің ұстаздық үлгісін, азаматтық болмысын жоғары бағалаған.
Сондай-ақ, С.Сейфуллиннің шығармашылық тәжірибесіне көбірек сүйеніп, Сейфуллин дәстүрін молырақ зерттеген ғалымдардың бірі – М.Базарбаев. Оның «Қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық жайында» (1960), «Қазақ поэзиясындағы еңбек адамының бейнесі» (1961), «Өлмес дәстүрлер» (1962), «Әдебиет және дәуір» (1966) атты зерттеулерінде ақынның поэзия саласындағы жаңашылдық қызметін, оның жаңа адымды жырлаудағы өнегесін сөз етеді [11]. Әдеби байланыс, әдеби дәстүр, оның жалғастығы, әдебиеттер туысқандығы – Мүсілім Базарбаев зерттеулерінің өзекті проблемалары. Осы проблемалар тұрғысынан Сейфуллин шығармашылығына әрдайым үңіле қарап, содан үлгілі өнеге табады. Оның «Теңдік, бақыт, әділдік орнаталық» мақаласы («Өркен», 23 желтоқсан, 1989) ақын шығармашылығына қайта құру дәуірінің талаптары тұрғысынан қарауда, жалпы 20-30 жылдардағы қазақ әдебиетінің дамуы жағдайларына жаңаша көзқарас туғызуда қызықты ойлар айта білуімен бағалы.
Т.Қожакеев Сәкеннің журналистік қызметіне зор баға берген. Ол өзінің еңбегінде [12] Сәкен Сейфуллиннің Ұлы Қазан революциясының жеңуіне, Совет үкіметінің орнап, нығаюына журналистік қызметімен зор үлес қосқандығын айтады.
Сәкен шығармаларының алғашқы библиографиясын жасаушылардың бірі – ғалым Ә.Нарымбетов [13]. Ғалым жоғарғы оқу орындарына арналған әдістемелік, нұсқаулық еңбектерінде де Сәкен шығармашылығына басты назар аударған. Ақынның өмірі, шығармашылығы жөніндегі «Асқақ жырдың арқауы» энциклопедиялық мақалалардың авторы (1999).
С.Қирабаев – Сәкентану ғылымының әдебиеттанудың жеке саласы ретінде қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген көшбасшы ғалымдардың бірі. Ақын шығармашылығы жөніндегі алғашқы еңбегі 1958 жылы «Сәкен Сейфуллиннің поэзиясы туралы» деген көлемді ғылыми зерттеу мақаладан басталып, ондаған мақалалар тізбегімен «Сәкен Сейфуллин творчестволық жолы» (1962) атты монографияға ұласты. Орта және жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдарына да Сәкен шығармашылығына арналған бөлімдерді жазып, сондай-ақ ақын шығармаларын орыс тіліне аудару ісін ұйымдастырды. Сәкен Сейфуллиннің әр жылдардағы шығармалар жинағын құрастыру, ғылыми түсініктер жазу, текстологиялық түзетулер енгізу ісіне белсене араласып, жарық көрген шығармаларының басылымдарының толық библиографасын әзірледі. С.Қирабаев: «Сәкен Сейфуллин Қазақстан Жазушыларының бірінші съезінде сөйлеген сөзінде әдеби мұраны жинау және оны зерттеу қажеттілігіне баса назар аударған еді. Сәкеннің өзі де творчестволық қызметінде қазақтың бұрыңғы әдебиеті мен мәдениеті мұраларын жинауға, зерттеуге белсенді ат салысты» [14], – деп жазады.
Ақын Т.Ізтілеуов те Сәкен шығармашылығына зор құрметпен қараған. «Сәкеннің «Қызыл ат» және ақынның кемшілікті батыл сынауы жайында» атты мақала жазған. Сәкенге деген құрметі мен сыйластығының белгісі ретінде 1936 жылы «Социалды Қазақстан» газетінің 12 шілдедегі санында Сәкенге арнап «Ақынға» деген өлеңін жариялаған.
Отызыншы жылдары Сәкен қолдау көрсеткен жас қаламгерлер қатарында Д.Әбілов те бар. Ол өзінің «Қазақ әдебиеті» газетінің 1936 жылғы – 21 шілдедегі санында жарияланған «Еркін елдің еркесі», «Ұмытылмас күндер» мақалаларында және Ержанов, Баймұратовтармен бірігіп жазған Сейфуллиннің 20 жылдық әдеби шығармашылығы туралы «Жақсы көріп оқитын жазушымыз» мақалаларында Сәкеннің Кеңестік қазақ әдебиетінің көшбасшысы екендігіне, ақындық, жазушылық шеберлігіне баға береді.
Сәкеннің әдеби мектебінің тәлім-тәрбиесін алған ақындардың бірі – Ж.Сыздықов. Ол «Сынға мін» («Бостандық туы», 1923. 29 маусым, 20 шілде, 6 қыркүйек), «Кең түрде бағыт берілсін» («Еңбекші қазақ», 1926. 14 қыркүйек) мақалаларында Сәкеннің қоғамдық қызметіне, Сәкенге жазылған сындарға баға береді. Ал «Ұмытылмас сәт», «Кезеңдегі кездесулер» т.б. естелік мақалаларында көзі көрген ұстазының жақсы қасиеттерін еске алып, ақындық, азаматтық, қайраткерлік тұлғасын баяндаған.
Сәкенге арналған жырлардың ішінде, ой өзгешелігі, идеялық нысанасы жағынан Сәкен бейнесін асқақтата, дараландыра түскен өлеңдердің бірі Сырбай Мәуленовтің «Жыр өлкесі» туындысы. Өлеңнің мына бір негізгі түйіні бүкіл қазақтың көңілінен шығатыны анық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет