Зерттеу мақсаты. Қазақ тілін оқыту әдістемесінде қолданылатын бірлескен топтық оқытудың негізгі идеялары мен әдіс-тәсілдерімен танысып, жан-жақты зерттеп, оларды өз тәжірибемде қолдану.
Зерттеу нысаны. Тақырып бойынша зерттеу еңбектерін негізге ала отырып, қазақ тілі сабағында қолданылатын топтық жұмыс түрлері және оларды пайдалану жолдары, үлгілері.
Зерттеу пәні. Қазақ тілін оқыту әдістемесі, педагогика, дидактика.
Зерттеудің міндеттері:
а) қазіргі мектепте интербелсенді оқытудың негізгі мәселелерін анықтау;
ә) топтық оқытудың шарттары мен ережелерін саралау;
б) қазақ тілін оқытуда қолданылатын топтық жұмыстың түрлерін тәжірибеде қолдану.
Мәселенің зерттелу деңгейі. Қазақ тілі оқыту әдістемесі ғылымы, педагогикада қолданылып жүрген жаңа технологиялар мен оның түрлері және қазақ тілін оқытуда жиі қолданылатын топтық жұмыс түрлері туралы ғалымдар еңбектері негізіне сүйеніп, озат тәжірибелі ұстаздардың еңбектерін саралай отырып, нәтижеге бағытталған жұмыс негізінде қорытындыланады.
Мәселенің деректік көзі. Ф.Оразбаева, К.Ж.Бұзаубақова, Д.Ж.Кішібаева, С.Мирсеитова, А.К.Әлімов, А.Қ.Рысбаева т.с.с. зерттеуші ғалымдардың қазақ тілін оқыту әдістемесі, жаңа педагогикалық технологиялар және интербелсенді және бірлескен топпен жұмыс әдістемесіне арналған еңбектері пайдаланылды.
Әдіснамалық және теориялық негіздері. Ғылыми-әдістемелік еңбектердегі топтық жұмыс түрлерін анықтай отырып, топтық жұмыс түрлеріне қатысты тұжырымдарды талдап, олардың кейбір түрлерін тәжірибеде қолдана білу дағдыларының қалыптасуы мен қолдану заңдылықтарын жүйелеуден тұрады.
Зерттеу әдістері. Жұмысты жазу барысында қазіргі педагогикада қалыптасқан негізгі принциптер мен ғылыми әдіс-тәсілдер қолданылды. Яғни, зерттеу, баяндау және талдау, салыстыру, сараптау, жүйелеу мен нақты тәжірибе арқылы дәлелдеу әдістері қолданылды.
Ғылыми жаңашылдығы мен практикалық маңыздылығы. Оқытушы алғаш интербелсенді әдістемемен танысады, ол туралы оқып үйренеді, екіншіден, меңгереді, үшіншіден, жаңа интербелсенді әдіс-тәсілдерді тәжірибеде қолданады, төртіншіден, оны дамытып, нәтижесін тексереді. Диплом жұмысы мазмұнында инновациялық білім беру заманында оқушының білімділік деңгейін таныту мен жалпы сауатты қалыптасуында осы үдерістің практикалық маңыздылығы көрсетілді, қазақ тілін оқытуда білім сапасын дамытудың бірден бір жүйеленген жолы анықталып, көрсетілді.
Қазақ тілі сабақтарында топтық жұмыс түрлерін қолданып ұйымдастыруға қатысты алынған ғылыми қағидалар мен тұжырымдар және ұсынылып отырған әдістеме оқушылардың қазақ тілінен алған білімін тереңдетуге және тілдік материалдарды дұрыс игерулеріне, тілін дамыту, шығармашылық сөйлесуі мен жазу деңгейін көтеруге ықпал етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |